Жарнама
Қоғам

«АҚБОТАҒА» АЙТАР АЛҒЫС КӨП

Әрине, айта салуға оңай көрінгенімен, атына заты сай бұл мекеменің өзіне тән ерекшеліктері де жоқ емес. Ең алдымен, бұл жерде тәрбиеленуші бүлдіршіндерге өз отбасындағыдан артық болмаса, кем жағдай жасалмауы тиіс. Ал, мұндағы тәрбиешілер мен педагог-мамандар олардың әр күні қасында бірге болуға тиісті ата-аналары мен бауыр-туыстарының орнын алмастыратындай тығыз байланыста жұмыс жасайтын, жүрегіне жақын тұратын нағыз бала жанының бағбандары болуға міндетті.
Осыншалықты маңызды да абыройлы міндетті мінсіз атқаруға жұмылып, әркез сенім мен бедел биігінен көрініп, қандайма қиын асуларды да бағындыра білген, ата-аналар қауымының алғысын арқалап, көпшіліктің құрметі мен қошеметіне бөленіп жүрген «Ақботаның» ұжымына соңғы төрт-бес жылдан бері Талшын Шаландықызы Әділова басшылық жасап келеді.
Осы бір мәртебелі мамандықты қалап, шеберлікпен меңгерген, ғұмырының саналы бөлшегін осы салаға арнап келе жатқан тәжірибелі педагог, білікті маман, іскер ұйымдастырушы, талапты басшы болып табылатын оның ұйытқы, мұрындық болып, бастамашылдық көрсетуімен мұнда тілге тиек етерліктей игілікті істер жүзеге асырылып, ізгілікті де тағылымды, танымдық шаралар жалғасын тапқан.
Соның нәтижесінде «Ақбота» салалас мекемелердің арасынан көш ілгері көрініп, ортақ табыс пен жетістікке үлестерін қосқан жекелеген қызметкерлердің де, қай уақытта да ұйымшылдық таныта білетін тұтастай ұжымның да еңбегі елеусіз қалмай, лайықты бағасын алып келе жатқандығы ақиқат. «Елу жылда – ел жаңа» демекші, соның жартысын құрайтын мезгілде бұл балабақша біраз қиындықты да, күрмеуі қиын түйіндер мен проблемаларды бастан өткерді. Әу бастан қалыптасқан, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білетін» ұйымшыл ұжымның ауызбірлігі мен өзара тіл табысқан тату тірлігі бұлардың бәрін де жеңді, жетістіктерге жетеледі.
Қазіргі уақытта мекемеде ұзын саны 70-тен астам білімді де білікті, кәсіби шеберлігі жоғары, тәжірибесі толысты, кісілік келбеті келісті педагог-мамандар қызмет атқаруда. Бірінші кезекте балалардың денсаулығына назар аударылады. Бұл жұмысты дәрігер-фтизиатр, ауысыммен жұмыс жасайтын мейірбикелер мойнына алған. «Ақботаның» алғаш ашылған сәттерінен бермен қарай осында еңбек етіп келе жатқан Дәметкен Қуанышева, Минжамал Қалихова, Айкен Оразалина тәрізді тәжірибелі де тәлімгер әріптестерінің жолын кейіннен келген ізбасарлары лайықты жалғастыруда. Бұлардың қатарында Бақтылы Қанатова, Лена Құспанғалиева, Ғалия Нұғманова, Инга Масягутова, Дидар Дәулетқалиқызының есімдерін атай кеткен ләзім. Бұлардың барлығы да — шығармашылық ізденіспен жұмыс жасап, жыл сайын өткізіліп тұратын дәстүрлі қалалық, облыстық педагогикалық оқуларға, өзге де байқаулар мен сайыстарға қатынасып, жеңімпаз атанып, жүлделі орындарды еншілеп, өзгелеріне үлгі-өнеге танылып жүрген ұжымының мақтаныштары.
Мекеменің материалдық-техникалық базасын нығайтуға да көңіл бөлініп, бұл бағытта да біраз шаруа оңғарылды. Ұзын саны 330 бүлдіршін тәрбиеленетін орынның тарлық етуі себепті балабақшаға қосымша ғимарат салынып, пайдалануға берілсе, бұрынғысы күрделі жөндеуден өткізіліпті.

Дәулетқали АРУЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button