АҒАМЫЗ «АТЫРАУДА» ЕҢБЕК ЕТТІ…
Иә, Мұқан ағам Күлгін әжеміздің өмірге әкелген он үш перзентінің бірі болатын. Бұл балалардың тұңғышы ғана қыз да, он екісі – ұл. Олардың алтауы нәресте шақтарында түрлі аурудан шетінеп кетеді. Өзгелері ержетіп, түрлі салада еңбек етеді. Ұлы Отан соғысы басталғанда біразы ел қорғауға аттанады. Үшеуі соғыстан оралмайды. Ал, Мұқан ағам 1908 жылы Атырау облысы Махамбет ауданы Ақжайық ауылында өмірге келіп, медреседе арабша білім алады. Кейін Есбол ауылындағы «Қызылүй» орта мектебінде оқиды. Мектепті жақсы аяқтап, Гурьевтегі педагогикалық техникумға түседі. Қолына диплом алған соң Қызылқоға ауданының Қаракөл, Кермеқас, кейін Қызылүй мектептерінде мұғалім болады. Сол кездегі Бақсай ауданына қарасты Он бесінші, Он жетінші, Қайыршақты, Таңдай ауылдарында бала оқытып, Новобогат ауданы құрылғаннан кейін Жанбай, Манаш, Амангелді мектептерінде директорлық қызмет атқарады.
Алымды да шалымды, білімді де білікті ағамызды 1940 жылы сол кездегі «Социалистік құрылыс» газетінің редакциясы жұмысқа шақырады. Ол онда да белсенді қызмет жасап, бір бөлімді басқарады. Сөйтіп жүргенде соғыс басталып кетеді. Мұқан ағам 1942 жылы әскерге алынып, Башқұртстандағы әскери училищеде білім алады. Оған офицер шені беріліп, Ленинград қаласын азат ету майданына қатысады. Күндіз-түні кескілескен ұрыста ағамыздың жанынан снаряд жарылады да, ажалы жеткені көз жұмып, ажалы жетпегені ауыр жараланады. «Қырық жыл қырғын келсе де, ажалды өледі» дегендей, Мұқан бір ажалдан аман қалады. Бірақ, ұзақ емделіп, Саратов қаласының госпиталінде айлап жатады.
Дәрігерлік комиссия қорытындысымен ол ақыры елге оралады. Саулығы түзеле бастаған ағамыз «Қызылүй» мектебіне директор болып тағайындалады. Осында шалғай ауыл балаларына арналып қосымша сынып бөлмелері салынады. Интернат үйі мен асхана да тұрғызылады. Ескі Қызылүй ғимаратындағы оқу құралдары, түрлі көрнекіліктер, парталар мен тақталар, столдар мен шкафтар – бәрі жаңа мектепке жеткізіледі. Осы қыруар жұмыс бас-аяғы төрт-бес айдың ішінде тындырылады. Сөйтіп, соғыстан кейінгі жаңа оқу жылы 1946 жылдың 1 қыркүйегінде жаңа салынған мектепте басталады. Сол жердің халқы мен облыс басшылығы Мұқан ағамыздың ұйымдастырушылық қабілетін бірден танып, оған колхоздың партиялық қызметтерін де тапсырады. Көпті көрген іскер аға колхоздың партком хатшысы қызметін атқарып жүргенде еңбеккерлер арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, саяси сабақтар өткізді.
Ал, 1950 жылдары елімізде ұсақ колхоздарды ірілендіру жұмыстары басталғанда, Мұқаңды Сталин атындағы ірі колхозға төраға етіп тағайындайды. Колхоз орталығы – Бесікті. Осында ағам бес жыл тынымсыз еңбек етеді. Ірі колхоздар совхоздарға біріктірілгенде Энгельс, Фурманов атындағы «Ортақшыл» колхоздары «Зауральный» совхозы болып қайта құрылады. Ағамыз совхоздың жұмысшылар комитетінің төрағасы болып сайланады. Ол осы қызметте жүріп жергілікті халық пен совхоз жұмысшыларының құқықтарын қорғауда бірсыпыра іс атқарады. Тіпті, облыс орталығынан өкілдер келіп, Зауральный совхозындағы жұмысшылар комитетінің алдыңғы қатарлы жұмыс тәжірибесін облыстың басқа совхоздарына таратпақшы ниеттерін айтады.
Өз дәуірінде ойы озық, көкірек көзі ашық азамат атанған Мұқан Құлмашев 1968 жылы құрметті еңбек демалысына шығады. Төрт ұл мен үш қыздың әкесі 1991 жылдың ақпанында, 83 жасында өмірден озады. «Орнында бар оңалар» демекші, қазіргі күнде оның артында қалған ұрпағы қаулап өсіп-өнуде. Ал, өзі еңбек еткен кезде алған алғыстары мен марапаттары «Қызылүй» мектебінің мұражайында сақтаулы. Мен ол кісінің бауыры, яғни жоқтаушысы ретінде ағамыздың көзі тірісінде халқына қалаулы, қызметіне адал да абыройлы азамат болғанын үлкен мақтанышпен айта аламын. Сол себепті де, аға атын мәңгілікке қалдыру мақсатында оның есімін өзі басшылық еткен «Қызылүй» мектебіне, болмаса Ақжайық ауылының бір көшесіне беруге ұсыныс жасап отырмын. Бұл ұсынысымды көпшілік қолдайды деп сенемін.
Олжабай ЖҰМАҒҰЛОВ,
ҚР білім беру үздігі,
еңбек ардагері,
Ақжайық ауылы,
Махамбет ауданы.