АЭС-тің маңызы неде?
Бүгінде атом электр станциясын салу туралы жария талқылаулар аяқталды. Десе де, қоғам пікірі екіұшты. Жұртшылық оның қауіпсіздігіне алаңдаулы. Осы орайда біз де жергілікті жұртшылықтың пікірін білмек болып, хабарласқан едік. Сонымен, бізге АЭС салу қажет пе? Оның атом энергиясын пайдаланудың тиімділігі неде? Әлі күнге бір шешімге келе алмай отырғанымыздың себебі неде? АЭС салудағы қай мемлекеттің тәжірибесіне сүйенген жөн?
Ермекқали ЮСУПОВ, «Ақ жол» ҚДП Атырау облыстық филиалының төрағасы:
– Семей ядролық сынақ алаңының ащы залалын көзі көрген халық үшін «бейбіт атом» сөзінен сескенуін қабылдау керек. Соңғы жылдардағы әлемдік нарықтағы мұнай және газ бағасының тұрақсыздығы мен энергия көздері табиғи қорының жылдан-жылға азайып бара жатқанын оқып, біліп жүрміз. Мұның салдары адамзатты басқа балама қуат көздерін іздеуге мәжбүр етіп отырғаны жасырын емес. Осы жолда жаһандық экономика, өзге баламалы қуат көздеріне қарағанда атом энергетикасы әлдеқайда басымдыққа ие. Оның үстіне атом саласын зерттеп жүрген ғалымдар мен беделді сарапшылар «бейбіт атомның» қауіпсіздігі, адамзаттың электр қуатына деген қажеттілігінің өсуін қамтамасыз ете отырып, парник газдарымен ауаны ластауды төмендетуде атом энергетикасы елеулі рөл атқаруы мүмкіндігін жиі айтып жүр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та Қазақстанның «таза» атом электр энергиясына мұқтаж екенін айтқан еді.
Жуырда салалық министрлік энергия тұтынудың орта мерзімді болжамын жариялады. Бұл құжатқа сәйкес, 2023-2029 жылдар аралығында елімізде пайдаланылатын электр энергиясының көлемі жыл сайын орта есеппен 3%-ға артады екен. Өндіріс те өседі, бірақ бірдей қарқынмен емес. Алдағы жеті жылдағы электр энергетикасындағы өндіріс пен тұтыну деңгейі 2023-2025 және 2028 жылдары сальдо теріс болатынын көрсетеді. Жыл сайын 1,3-1,6 млрд. кВт сағат жетпейді. Ал, 2029 жылы тапшылық шегіне жетіп, 5,5 млрд. кВт сағат болмақ.
Ал жалпыхалықтық референдумға шығарылып отырған мәселе бойынша біздің партияның ресми ұстанымын әзірлеуге арналған «Ақ жол» демократиялық партиясының Ұлттық кеңесінің пленумында кеңінен айтылды.
Отандық бизнес пен өнеркәсіп өкілдерінің мүддесін қорғайтын «Ақ жол» демократиялық партиясы үшін қазіргі таңда өңдеуші кәсіпорындарды энергиямен қамтамасыз ету мәселесі өзекті.
Халықтың көп бөлігі бұл жаңалықты қорқынышпен, үреймен қабылдап отыр. Өйткені, көп отбасының азаматтары кезінде Чернобыль апатының зардаптарын жоюға қатысқан. Содан да болса керек, АЭС десе сол оқиғаны еске алады. Халық арасында насихат жұмыстары жүруі қажет. Түсіндіру керек. Пайдасының зорын, зиянының жоқтығын жеткізу маңызды.
Ғылым мен технологияның дамыған кезеңінде АЭС-тің арзан қуат екені рас. Біз электр жарығынсыз ешқандай тіршілік жасай алмаймыз. Ол біздің зауытқа да, өнеркәсіпке де, күнделікті тіршілікке, жер астындағы шахталарға да керек. Соңғы кездері энергия тапшылығы сіз де, біз сезініп, көріп жүрміз. Оның үстіне шетелдік инфесторларды тарту да атом эектр станциясының пайдасы зор болмақ. Сондықтан әлемдік әйгілі компанияларды тартқымыз келсе, бізге тұрақты энергия көзі ауадай қажет. Ал, қай мемлекеттің тәжірибесіне сүйену керек дегенге келсек, ол мәселе мамандардың еншісіне қалсын.
Серік МЫРЗАҒАЛИЕВ, Чернобыль ардагері, «Атырау облысы бойынша Чернобыль ардагерлері одағы» қоғамдық бірлестігі төрағасы:
– Мен нағыз апаттың орнында болған адаммын. Тарихтан белгілі, апаттан кейін жарылған 4 блоктың реакторынан небәрі 8 минутта шыққан 140 тонна радиоактивті отын ауаға тарап, оның зияны АҚШ-тың Хиросима мен Нагасаки қалаларына тастаған екі атом бомбасының қуатына тең болды. Улы сәуле шабуылы Украинаның Киев, Житомир, Белоруссияның Гомель, Могилев, Ресейдің Брянск облыстарына толығымен тараған.
Ол кезде мен әскери борышын өтеген, жасым отызға таяған жігіт ағасы едім. Құрылысшы болып еңбек етіп жүргенмін. Чернобыльдықтарға үй саласыңдар дегесін, өзім құрылысшымын, сендім. Чернобыльға 50 адам болып поезбен аттандық. Сол отарбада ғана апат алаңына бара жатқанымызды ашып айтты. Поезға мінгенде адам лық толы болатын, кейін бізден басқа адам қалмады. Елді мекендер елсіз, бос қалған.
Діттеген орынға жеткен соң, маған насоспен бетон құю жүктелді. Арасында жоғары көтеріліп, 15 минутқа ішке кіруге тура келеді. Қорғаныс құралдарынан тек распиратор берілді.
Шындығы сол, ол жерде үш ай болдым, өте қиын жағдайда жұмыс жасадық. Ұшқан қарға жоқ. Бұл көріністің өзі қорқынышты еді.
Қазір халық АЭС салудан сескенеді деп жүр. Одан қорқудың қажет жоқ. Қазір жағдай бұрынғыдан көш ілгері. Ғылым мен технология қарыштап дамыған заман. Атом электр станциясы, ол — жоғары технология. Қазіргі таңда 30 мемлекетте 200-ден астам АЭС бар екен. Сол станцияларды 400-ден астам реакторлар жұмыс істейді. Біз АЭС дегенде “Чернобыль” мен “Фукусиманы” еске аламыз. Алайда аталған елдер АЭС-тен бас тартып отырған жоқ. Керісінше көршіміз аспан асты елі алдағы 10 жылдықта 50 реактор салайын деп жоспарлап отыр. Сонымен қатар, тек бұл емес, экологиялық және атмосфераға зиянды шығарындыларды азайту қажет. Осы орайда, шығарындылар мен қалдықтарсыз жаңа буын электр станциясын салу – бұл экологиялық таза және жоғары технологиялық кәсіпорындарға жасалған маңызды қадам деп ойлаймын.
Рита ӨТЕУҒАЛИ