АЭС энергетикалық дағдарыстың алдын алады
Өңірде энергетикалық тапшылық мәселесі өзекті. Атырау Жылу электр орталығының ұжымымен өткізілген кездесуде облыстың энергетикалық инфрақұрылымының жағдайы және оның мәселелері талқыланды. Жылу электр орталығы жабдықтарының 50%-дан астамы тозған және жаңғыртуды талап етеді. 2015 жылы станцияда жаңа газ құбыры іске қосылғанымен, оның қуаты өңірдің энергия қажеттілігін толық қанағаттандыруға жеткіліксіз.
Атырау облысы ең жоғары жүктемелер кезінде энергия тапшылығы мәселесіне тап болуда. Бүгінде энергияның көп бөлігі Ресейден жеткізіліп, өңірдің энергия тапшылығын жабуға арналған қаржылық шығындарды арттыруда. Бұл жағдай өндірістік міндеттердің орындалуын да қиындатып, жергілікті тұрғындардың жарықсыз қалуына себеп болуда.
Елдің батыс өңірлерін бірыңғай энергия жүйесіне қосу жұмыстары жуырда басталмақ. Бұл бастама АЭС энергиясын пайдалануды қамтамасыз етіп, өңірдің шетелдік жеткізушілерге тәуелділігін азайтуды мақсат етеді. Мәжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғановтың айтуынша, АЭС сынды тұрақты және таза баламалы энергия көзінің болуы қазіргі таңда өзекті мәселеге айналып отыр. 2022 жылы батыс аймақтарда электр қуаты 200-ден астам рет апаттық жағдайда үзілсе, 2023 жылдың алғашқы жартыжылдығында бұл көрсеткіш 150-ден асты. Электр қуатының жетіспеушілігі тұтас бір аймақты жарықсыз қалдыруы мүмкін, бұл тұрғындардың тек жарықсыз ғана емес, сусыз да қалуына әкеп соғады.
Атырау ЖЭО қызметкерлері алдағы референдумда АЭС салуға дауыс беруге дайын екендіктерін білдіріп, жақындарын, достарын және таныстарын осы прогрессивті идеяны қолдауға шақырды. Энергетиктердің айтуынша, ТКШ жүйелерінің қалыпты жұмыс істеуі үшін тұрақты және сенімді энергия көзі аса маңызды. АЭС жобасы өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін арттырып, ұзақ мерзімді шешім ұсынады.