Жарнама
Қоғам

Ащы тері алынбай… тұлпардың бағы ашылмас

Облыста ат шабатын алаң жоқ. Бұл – бұрыннан ктеріліп келе жатқан мәселе. Алайда, ат ұстап, ұлттық ат спортын дамытуға ниеттеніп жүргендердің басын қосып ұйымдастыруға ортақ мүдде жетіспеуде. Облыстағы атбегілердің басы қосылған жиында осы тәріздес проблемалар ортаға салынды. Мәселе тек Бәйге федерациясына тіреліп отырмаса керек. Бұл бағытта жергілікті бюджеттен блінетін қаражатты тиімді пайдалануға да мән берілмей отыр.

Бəйге федерациясының биылғы ашылу маусымында жəне Қызылқоға ауданындағы Жаңашаруа орта мектебі түлектерінің қаржылай қолдауымен бəйге ұйымдастырылған. Əйтсе де, демеушілік көмекті тек жеке тұлғалар өз жауапкершілігіне алыпты. Федерацияның ұйымдастыруымен аудандардан келген ат спортының жанашырлары мұның қордаланып қалған мəселелерді шеше алмайтынын атап көрсетті.

– Болашақта атқарылар шаруа көп. Алайда, бұл жұмыстарды жүзеге асыру барысында біраз кедергілер бар. Атырау облысында ұлттық спортты дамыту мақсатында үлкен мектеп қалыптасқан, атқарылған жұмыс ауқымы жеткілікті. Дегенмен, ат бəйгесі кенже қалып отыр. Биыл облыстық бəйге федерациясы аккредитациядан өтті. Соған қарамастан, мүмкіндіктерге толық жол ашу үшін кедергілер аяқтан шалып тұр. Ұлттық спорт қауымдастығымен бірлесе отырып, алға қарай жұмыстарды дамытуды көздейміз. Облыс əкіміне ипподром салу жөнінде жолдаған хатымызға осы мақсатқа 49 гектар жер телімі бөлінгені, қаржысы нақтыланып жатқаны туралы жауап алдық. Енді осы мəселенің толық жүзеге асуына жұмыла тер төгуге шақырамыз, — деді федерация президенті Қайырбек Баймұратов.

Қазір федерация құрамында тай, құнан, аламан бəйгелеріне қосатын аттарды қоса есептегенде барлығы 150-ден астам сəйгүлік бар екен. Бірақ республикалық, облыстық, ауылдық деңгейдегі додаларда күн тəртібі белгіленбеген соң əркелкілік бар. Мұны федерация президенті де жасырған жоқ.

– Біреу жеке бəйге ұйымдастырса, енді бірі коммерциялық бəйге жариялайды. Кімнің тұлпары бабында немесе кімнің қаржылық мүмкіндігі бар, мұндай сайыстарға сол аттар қатысады. Айталық, Қазақстан Кубогі үшін өткен жарысқа Атырау облысынан жарау аттар барды, бірақ ол үшін тиісті шығындары өтелген жоқ. Іріктеу додасынан жеңімпаз атанғандар ғана өз қалтасынан ақша жұмсап барып жатыр, — деді Қайырбек Баймұратов.

Жасыратыны жоқ, Атырау облысында біреу 100 жылқы бағады, енді бірі 1000-ға жуық қылқұйрық ұстайды. Өкініштісі сол, соның ішінде топ жарып, шашасына шаң жұқтырмайтын тұлпар жоқ десе де болғандай. Ал, бəйгенің алдын бермейтін хас тұлпарды дəулеті жеткен жан мұхит асып Америкадан, əлде іргедегі Ресей сəйгүліктерін сатып əкеліп жүргені рас. Демек облыстың ұлттық спорты, əсіресе ат спортын осы тəсілмен дамытудың абырой əпермейтіні анық. Бұл осы саланың кежегесін неғұрлым кейін тарта беретінін мойындау керек.

– Атыраудың аты жер жарғанымен, трактормен қырып тегістеген бəйге алаңынан үйімізге шаңшаң болып қайтамыз. Бұл айтуға ұят, атаққа кір келтірер əрекет. Мысалы, Ресейде қасында дербес ат қорасы, иппотерапия алаңы, ат спортының үйірмелері салынған үлкен ипподромдар бар. Ал, «жылқы – қазақтың жаны» десек те, бізде ипподром жоқ. Халықаралық тəжірибеде ипподром салу біраз шығын əкелсе де, кейін өзін-өзі ақтайды. Ол үшін онда апта сайын жарыс ұйымдастырып, көкпар, жамбы ату, теңге ілу, қыз қуу секілді ұлттық ойындар үйірмесін ашудың мүмкіндігі бар. Соның арқасында жастар ат мінуді үйреніп, қызығушылығы оянар еді. Рухани тұрғыда да, медициналық тұрғыда да мұның пайдасы зор, — деді атбегі Əнуар Мұхамбетиярұлы.

Ол шетелде өтетін ат спорты ойындарынан нақты мысалдар келтіріп, бəйгені дамыту арқылы өңірдің экономикалық тұрғыдан да дами түсетінін айтты. Ал, жылыойлық атбегі Сейітжан Балжігітов ат спортын дамыту үшін жүйелі жұмыс пен ортақ көзқарас болғанын қалайды.

– Ат спортын ұстап жүру – жігіттердің азаматтығының белгісі. Бұл мақсатқа демеушілерден бөлек, облыс бюджетінен де қолдау қажет. Сосын осы салада жүрген азаматтар іске ортақ мақсатпен жұмылуы тиіс. «Жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек. Тұлпарда да тұлпар бар, қазанаты бір бөлек» деген ата-бабамыздың даналығы осындайда айтылған ғой. Қазір сəйгүлік иелерінің көпшілігі демеуші таба алмаған соң, 50-60 мың теңге төлейтін коммерциялық бəйгелерге қатысады. Басқаларының оған шамасы жетпейді де, додалы бəйге тілеп тұрған сəйгүліктердің обалына қалып жатыр, — деп ашығын айтты Сейітжан Қапанұлы.

Белгілі меценат Мұрат Сармановтың пікірінше, ат спортымен айналысатын азаматтарда бас қосатын орта жетіспей жатыр. Мақсатты жұмыстарды ұйымдастыруға бөлінетін қаражат та мардымсыз.

– Қазіргі заманда əркімнен ақша жинап бəйге ұйымдастырғаннан ат спорты дамымайды. Қалай болғанда да, мемлекеттік қолдау керек. Демеушінің қалтасына қарап ұйымдастырылған шараның маңызы да төмен. Сондықтан, ат спортына облыс басшылығы тарапынан көңіл бөлу керек. Құлшыныс білдіріп тұрған азаматтарға ортақ мүмкіндік жасап, бірер жыл қатарынан қолдап жіберсе нұр үстіне нұр болады. Бұған облыстық дене шынықтыру жəне спорт басқармасы тарапынан жанашыр көзқарас керек, — дейді Мұрат Сатыбалдыұлы.

Қысқасы, ат өнері адамды батырлыққа, рухани мықтылыққа, күш-қабілеті артып, жігерлі болуға баулиды. Сол себепті, күрделі түйіндерді бірлесіп шешу үшін облыстық бəйге федерациясының жанынан əр ауданда арнайы кеңесі құрылып, негізгі мəселелерді өзара талқылап отырса құба-құп. Жанашырлар айтқан ұсыныс-пікір көп-ақ. Бірі ат бəйгесін ұйымдастыруды тұрақты жолға қою үшін жарна белгілеуді ұсынса, енді бірі тұрақты демеуші табу жолдарын айтып жатты. Тіпті, қолтума тайлардың құжатын жасақтау барысында да мұқияттылық қажет екен. Жекелеген атбегілер Талқайраң ауылы тұсынан ипподром салуға бөлінген жер телімін құрылыс басталғанша, бəйге федерациясына уақытша пайдалануға беру де проблеманы шешудің бір жолы деп біледі. Əлбетте, ат спортын дамыту төңірегінде шиеленіскен мəселелер шаш-етектен. Жасалған жұмыстарды жоққа шығаруға болмас.

Дегенмен, шашасына шаң жұқпас тұлпарларды баптап шығару үшін Атырау облысында ипподром құрылысын тездетіп, ұлттық мүдде жолындағы іс-əрекетке тізе қосып жұмылған дұрыс. Облыстағы ат спортының жанашырлары тұлпардың бағын байламас үшін өзекті мəселелердің ортақ шешілгенін қолдады.

Алмас ҚАБДОЛОВ

Суреттерді түсірген: Ерлан Алтыбаев

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button