Жарнама
Қоғам

305 мың төлеп, сарбаз атан!

БІЗДІҢ ӘСКЕР ТУРАЛЫ ТҮСІНІГІМІЗ БАЛА КЕЗІМІЗДЕ, ӘКЕМІЗДІҢ ҮЙДЕГІ ФОТОАЛЬБОМЫНАН БАСТАЛҒАН ЕДІ. ОЛ КІСІНІҢ УКРАИНА ЕЛІНДЕГІ ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТІ КЕЗІНДЕГІ СУРЕТТЕРІНЕН КӨЗІНДЕГІ ЖАСТЫҚ ЖАЛЫНДЫ КӨРІП, ҚИЯЛҒА БЕРІЛУШІ ЕДІК. БІРГЕ СУРЕТКЕ ТҮСКЕН ЖОЛДАСТАРЫНЫҢ ДА ӨЗДЕРІНЕ ҚҰЙЫП ҚОЙҒАНДАЙ ӘСКЕР ФОРМАСЫНА, САБЫРЛЫ ЖҮЗДЕРІНЕ ҚАРАП, БАЛА ҚИЯЛЫМЫЗ ШАРЫҚТАП, ӘСКЕР ӨМІРІНЕ ДЕГЕН ЕРЕКШЕ ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҒЫМЫЗ АРТАТЫН. БІРАҚ, ӘКЕМІЗ ӘДЕТТЕ ӘСКЕРДЕГІ ҚЫЗМЕТІ ТУРАЛЫ КӨП АЙТА БЕРМЕЙТІН.

ТӘРТІПТІ ТАЛАП ЕТЕТІН ҚЫЗМЕТ

Ал, бүгінгі таңда жастардың əскер өміріне деген қызығушылығы, ынтасы бар ма? Қазір əскерге деген көзқарастың бұрынғыдай емес екендігі жасырын емес. Əлбетте, оған бірнеше фактор себепші.

Десе де темірдей тəртіпті талап ететін əскер қызметі қай кезеңде де өз міндеті мен маңызын жойған жоқ. Осыдан он жыл бұрын түрлі себеппен Отан алдындағы борышын өтей алмаған азаматтарға əскери қызметтен өтудің балама түрі ұсынылып, əскери билетті бір айдан кейін алу мүмкіндігі пайда болған еді.

Осы жылдар ішінде мыңдаған сарбаз қысқа мерзімде міндетін өтеген Атырау қаласындағы əскери-техникалық мектепте бүгінгі таңда 24 пен 27 жас аралығындағы 30-ға жуық адам «40 күндік əскерде» курстан өтіп, əскери борышын өтеп жатыр.

Əлбетте, бұл курсқа əскерге жарамды, денсаулығына байланысты жарамдылығы шектелген жəне шақырылуы шегерілген азаматтар да қатыса алады.

Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің мəліметіне сүйенсек, соңғы үш жылда облыста 600-ге жуық сарбаз əскери техникалық мектепті тəмамдаған. Оның 150-ге жуығы Маңғыстау облысының тұрғыны екен.

Бүгінде көптеген жастың мүмкіндігіне жол ашып келе жатқан Қорғаныс министрлігі, «Əскери-техникалық мектебі» республикалық МҚК Атырау филиалының тыныс-тіршілігімен танысу мақсатында Ғаббас Берғалиев атындағы көше бойында орналасқан қоршаулы ғимаратқа бет алдық.

Мектептің көше бетіндегі тас қоршауы мен темір есігіне жақындай бергенімізде арғы жағынан еңгезердей сары жігіт «кімге, не шаруамен келіп тұрғанымызды…» сұрады. Біз де мақсатымызды айтқан соң, қолындағы рациясымен əлдебіреумен сөйлесіп, сəлден соң темір есіктің ішкі құлпын ашып кіргізді. Жасыл жағалы киімі өзіне құйып қойғандай үйлесіп тұрған сарбазға қарап алғашында кəсіби əскери қызметкер деп ойлағанбыз. Байқасақ, алпамса денелі бойшаң сабазың əскери-техникалық мектепке келгеніне жиырма күн болмаған курсант Эльдар Бекмəмбетов екен. Бұл күні бақылау-өткізу пунктіндегі кезекшілігін атқарып тұрған жауынгер Атырау қаласының тумасы болып шықты. Алматыдағы Қазақстан-британ техникалық университетін мұнай-газ инженері мамандығы бойынша тəмамдаған ол, бүгінгі таңдасол оқу орнында магистратурада оқып жатыр екен. Алдағы уақытта əскери-техникалық мектепті ойдағыдай аяқтап, əскери билетке қол жеткізіп, қалаған мамандығы бойынша жұмысқа тұруды көздепті.

– Əскери өмірдің қыр-сырымен танысып, сарбаз атануға өз еркіммен келдім. Оның үстіне əзірге бойдақ болған соң мұны мол мүмкіндік деп білемін. Əскери мектеп туралы таныстарымнан, сондай-ақ egov.kz сайты арқылы білдім. Əскердегі қызметім өте жақсы өтіп жатыр. Əрине, басында қиындықтар болды, уақыт өте келе үйренеді ғой адам. Олай болса, əркім қиындықты жеңіп, алға ұмтылуы керек . Мұнда тамағымыз тоқ, киіміміз бүтін. Сарбаздар бір-бірімен дос. Осы уақытқа дейін ешқандай шиеленіс, дау-жанжал болған жоқ. Əскери-техникалық мектептегі мұғалімдер де тəртіп бойынша талап етеді, — деді Эльдар Рүстемұлы.

Атырау мен Маңғыстау облыстарының əрқайсысынан он бес адамнан қабылдау жоспарланған. Алайда, маңғыстаулықтардың қатары аз болғандықтан Атырау облысының қорғаныс істер жөніндегі департаменті мектепті жергілікті сарбаздарымен толтырып, жоспарды орындап отырғандығы белгілі болды.

2bebdbb1 9f39 4d1e b697 97b17b26b743

305 МЫҢ ТӨЛЕП, САРБАЗ АТАН!

Əскери-техникалық мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Руслан Ғалиевтің айтуынша, соңғы үш жылда атқыш мамандығы бойынша даярлық жұмыстары жүргізіліп келсе, биыл арнайы бағдарлама бойынша екі мамандық қосылған. Олар – ҚК пулеметші жəне барлаушы.

– Жоспар бойынша барлаушыларды алдағы 6-7-ші лекпен оқытуды көздеп отырмыз. Жылына 7 лек оқиды. Əр лекте 40 адамға дейін оқыта аламыз, оған мүмкіндік бар. Биылдың өзінде Атырау облысынан 7 адам атқыш мамандығы бойынша, 145 адам ҚК пулеметші мамандығына оқыса, Маңғыстау облысынан 10 адам атқыш мамандығы бойынша аяқтады, — деді Руслан Алтынбекұлы.

Жұмыскер ауылының тумасы Руслан Алтынбекұлының өзі де Ақтөбе қаласынан əскери оқу орнын бітіріп, сол жақта жұмыс істеген. Əскери басшылық қай жерге жіберсе, сол жақта қызмет еткен ол Алматы, Балқаш секілді республиканың бірнеше қаласында əскери қызметте абыройлы еңбек етіп келген. Бұдан бес жыл бұрын əскери-техникалық мектепке оқытушы болып жұмысқа орналасқан запастағы аға лейтенант жеделдетіп оқытылатын мектепке жастардың қызығушылығы жоғары екендігін жасырмады. Сондай-ақ, бұған бірден-бір себеп көп жастардың мектеп бітірісімен жоғары оқу орындарына түсіп, əскерді кейінге қалдырып жататындығы, ал, енді бірі үйленген соң бір жылдық əскерге бара алмайтындығы себеп екен. Ал, əскери техникалық мектептегі қырық күндік əскер бұл жағынан оларға өте ыңғайлы. Олардың арасында қызметін əскери салада жалғастырғысы келетін де азаматтар бар. Қазіргі таңда көп жұмыс орындарына əскери билет сұрататыны белгілі. Демек, бұл жастардың түсінігінше қажеттілік те болып тұр.

Силикатты кірпіштен қапталған əскери — техникалық мектептің ғимараты ескі болса да аумағындағы тазалық бірден көзге түседі. Мектеп аумағындағы денешынықтыру алаңында белтемір (турник), қоссырық секілді спорт гимнастикасының негізгі құрылғылары, сондай-ақ саптық қалып пен саптық адыммен қозғалыс жасаудың үлгілері, автоматты ұстау тəсілдері көрсетілген стендтер жауынгерлердің білекті де жинақы болуына септесер дүниелер.

Біз əскери мектепке барғанымызда оның ішін аралап көрдік. Мұнда да темірдей тəртіп пен мұнтаздай тазалық байқалады. Таңертең ертемен келген біз жауынгерлердің алғашқы оқу сабағына тап келдік. Мұнда жауынгерлер қару шашып-жинау əдістерін көрсетіп, біліктіліктерін байқатты. Əлбетте, бұған дейін оқытушы болып жұмыс істеген Руслан Алтынбекұлы білгенін үйретіп, ақыл-кеңес беруден жалыққан емес.

 – Əскери мектепке оқуға ниеттенген азаматтар Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы тұрғылықты жері бойынша облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментіне арыз жазады, содан соң медициналық комиссияның тексерісінен өтеді. Бүгінгі таңда ақылы негізде əскери үйретілген резервке əскерге шақырушылардың оқу ақысы 305 мың теңге мемлекеттік ақы төленуі шарт. Содан соң оқуға қабылданғандығы туралы хабарлама келеді. Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің тəртібіне сəйкес, медициналық тексерістен өткен сарбаздарды əскери мектепке тапсырады. Кейін оқуға қабылданған жауынгерлермен танысып, арнайы киімдерін беріп, келісімшартқа отырады. Осылайша, сабақ кестесіне сəйкес даярлық басталып кетеді.

Жауынгерлер бір жылдың бағдарламасын қырық күнде меңгере алады. Сарбаздар өздері қалап келген соң ешқандай қиындықтар туындамайды. Оның үстіне Атырау облысы шағын болғандықтан бірін-бірі танитындар көп кездесіп жатады. Сондай-ақ, бірнеше жылдан бері кездеспеген топтастар да, сыныптастар да табылады. Барлығы достасып, ортақ тəртіпке бағынады. Мектепте бос уақытта үстел теннисі, зілтемір, гантель секілді спорт құралдарымен шұғылдана алады, — деді Руслан Ғалиев.

18c46e4d 2d74 4242 a350 57785d0c3f08

ҚЫРКҮЙЕКТЕ ЖАУЫНГЕР ҚАБЫЛДАЙДЫ

Полковник Рымбек Тұрсағатов басшылық ететін əскери-техникалық мектепте сарбаздармен жұмыс істейтін негізгі құрамда директор, екі орынбасары, бір аға оқытушы, екі оқытушы бар. Сонымен қатар, облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті мен əскери бөлімдерден де оқытушылар келіп дəріс береді.

Қырық күндіктегі тəртіптің бір жылдық əскерден айырмашылығы жоқ. Сарбаздар белгіленген күн тəртібіне сəйкес таңертең сағат 06.30-да оянады.

– Содан соң жарты сағат таңертеңгі физикалық дене шынықтыру жасаған соң, жуынып, төсек орындарын жинап, бөлмені жинастырады. Таңертеңгі тексеруден соң таңғы ас ішіледі де жеке құрамды ақпараттандырады. Кейін төрт сағат оқу сабағы өтеді. Түскі астан соң жарты сағат əркім өз бетінше əзірлік жасап, жеке қажеттіліктері үшін уақыт бөлінеді. Бұдан соң төрт сағат оқу сабағы жалғасып, бір сағат тəрбиелік, мəдени, ойын-сауық мəні бар «Спорттық көпшілік жұмыс» ұйымдастырылады. Содан соң «Хабар» телеарнасынан «7 күн» бағдарламасын қарап болып, кешкі серуенге шығып келеді де, кешкі тексеруден өткен соң 22.30-да түнгі ұйқыға жатады. Филиал директорының рұқсатымен демалыс күндері мектептен босамаған жағдайда жексенбілік жоспар бойынша əртүрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Ал, егер жексенбі күні директордың рұқсатымен босаған сарбаздар нұсқаулық бойынша уақытша демалыс беріледі де, кешкі сағат 20.00-ге дейін босатылады, — деді Р.Ғалиев.

74f32474 a951 4b56 8423 a9ba3d162746

Əскери-техникалық мектептегі əскери бөлімнің медициналық пункті, ұйықтайтын үй-жай, ақпараттық-тəрбие жұмыстары бөлмесі, жуынуға арналған бөлме, тұрмыстық қызмет көрсету бөлмесі тап-таза. Оның тазалығына өздері жауапты болған соң сарбаздар бар дүниені мұқият ұстайды.

Іштегі жағдаймен танысқан соң сарбаздар əскери-техникалық мектеп директорының əскери-патриоттық тəрбие жөніндегі орынбасары Ерлан Аменовтың

басшылығымен дене шынықтыру алаңына беттеп, белтемір, қоссырыққа тартылып, білек күштерінің бабында екендігін көрсетті. Содан соң бұйрық бойынша адымдай жүгіріп, кедергілер алаңына келген сарбаздар мұнда да ептіліктерін танытып, биіктен жүгіріп өтіп, кейде жер бауырлап, енді бірінде ағашқа өрмелеп, дөңгелекті нысанаға алып секірді.

Балқаш қаласынан Атырауға көшіп келгеніне жарты жылға жуықтаған сарбаз Мəди Бекен қырық күндік əскерді оқып алуға шешім қабылдапты. Əрбір азамат Отан алдындағы борышын өтеуі қажет деп білетін 24 жастағы жауынгердің негізгі мамандығы заңгер. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің түлегі əскери мектепті тəмамдаған соң полиция қызметіне жұмысқа тұруды мақсат тұтып отыр.

Балқаштағы ата-анасының үмітін ақтап, əзірге болашағын Атыраумен байланыстыруды көздейді.

Тамыз айының соңында әскери-техникалық мектепті бітіретін сарбаздар оқу мерзімін аяқтап, емтихан тапсырады. Тест арқылы білімі мен біліктілігін дәлелдеген соң әскери ант қабылдаған сарбаздар әскери билеттерін қолдарына алады. Қыркүйек айында қабылданатын сарбаздарға әскери-техникалық мектептің есігі айқара ашық.

Алмас ҚАБДОЛОВ

Суреттерді түсірген автор

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button