
Жауынгерлердің жедел көмегі
Атырау қаласында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 5546 әскери бөлімінің сарбаздары қоғамдық тәртіпті қадағалау кезінде есінен танып қалған қызға дер кезінде алғашқы медициналық көмек көрсетті.
Оқиға «Авангард» шағынауданындағы жағалауда орын алған. Орталық басқару бөлімінен хабар түскен бойда әскери жасақ дереу оқиға орнына жеткен. Республика Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің хабарлауынша, қатардағы жауынгер Мейір Теңілдіковтің жетекшілігімен сарбаздар Әлішер Болатбай мен Әділет Дәуленов қызға алғашқы медициналық көмек көрсетіп, жағдайын тұрақтандырған. Кейін оқиға орнына «жедел жәрдем» мен полиция қызметкерлері келген.
– Бізге жағалауда қыздың құлағаны туралы хабар түсті. Лезде жетіп, алғашқы көмек көрсеттік. Сол мезетте полиция қызметкерлері де келіп жетті, — деді қатардағы жауынгер М.Теңілдіков.
Кейін жедел жәрдем қызметі қызды ауруханаға жеткізді. Қазір оның жағдайы тұрақты.
Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ