161 жас сарбаз ант қабылдады
Отан алдындағы азаматтық борышын өтеу үшін еліміздің әр өңірінен келген 161 жас сарбаз Ұлттық ұланның 5546 әскери бөлімінде салтанатты түрде ант қабылдады.
Аталған шараға сала ардагерлері, әскери бөлімдер командирлері мен мекемелердің басшылары қатысты. Жауапты рәсімге сарбаздардың ата-аналары мен туғандары да арнайы келіпті. бірі балаларының, енді бірі бауырларының ел қорғайтын азамат болғанын көріп, ерекше толқыды. Өйткені, бұл мемлекет қауіпсіздігін қорғау үшін әскерге алынған әрбір ердің өміріндегі ең маңызды қадамдардың бірі екені сөзсіз.
Алдымен 5546 әскери бөлім командирі Ерлан Ипатов жас сарбаздарды ант қабылдау рәсімімен құттықтап, ел тыныштығы мен Отанды қорғау – сарбаздардың негізгі міндеті екенін атап өтті.
– Біздің бөлім үшін бүгін ерекше күн. Әскери өмірдің табалдырығын жаңа аттаған сарбаздар бір ай көлемінде арнайы әзірленген жоспар негізінде алғашқы әскери өмірге бейімделіп, саптық жүріс пен әскери іске әбден машықтанды. Дайындық барысында алдағы бір жыл бойы өткеретін қызметтің ережелері мен міндеттерінен, жалпы әскери жарғылардың қағидаларынан тәлім алды. Енді олар алған білімін тәжірибе жүзінде қолданатын болады, — деген Ерлан Берікқалиұлы сарбаз өмірінің қырсырын үйренуге командирлер мен бөлім офицерлері, сержанттар білгендерімен бөлісіп, көмектесетінін де жеткізіп, Қазақстан Республикасына қызмет етуде биік жетістіктерге жетулерін тіледі.
Өз кезегінде жас сарбаздар да қысқа мерзімде алған машық-дағдыларын, соның ішінде қарумен және қарусыз игерген саптық амалдарын көрсетіп, көпшілік алдында салтанатты маршпен жүріп өтті. Олардың жауапкершіліктің салмағын анық сезінгені саптық жүрісінен, әскери мәдениеті мен темірдей тәртібінен айрықша байқалып тұрды.
– Сарбаз болып әскерге келу әр азаматтың Отан алдындағы борышы деп білемін. Қызығы мен қиыншылығы қатар жүретін әскери өмірге алғаш қадам жасаған сәтте ата-анамыздың артқан үміті бізді алға жетеледі. Алдағы уақытта әскери бөлімнің абыройын түсірмеуге, «Жауынгерлік жанұядай ұйысқан, Ұлттық ұлан – елі мен халқына қорған» ұранымен өте жақсы бағаға атқаруға ант етеміз, — деген Маңғыстау облысынан келген қатардағы сарбаз Еркебұлан Қаныбай өз қуанышымен бөлісті.
Отан алдында адал болу үшін ант қабылдаған сарбаздар әскери мерзім аралығында жүктелген аса жауапты міндеттерін атқаруға кірісіп те кетті.
Рита ЖАЙҒАЛИҚЫЗЫ