Құм нарынның құндағында
Бұл бізге ауыл адамдарының туған жерді қалтқысыз сүюі мен оның ертеңіне алаңдауының үлгісін көрсеткендей болды. «Біздің ауыл жөнінде айтылатын әңгіме көп екенін білеміз, оның ақиқаты да, жалған тұстары да бар. Сіздер Жанбайды бағы жанбай қалған ауыл деп емес, нұрлы болашаққа беттеген өлке етіп көрсетсеңіздер екен», — деді ауылдың бірқатар тұрғындары. Бұл намыс па, әлде «бөрі арығын білдірмес, сыртқы жүнін қампайтардың» кебі ме…
— «Елу жылда ел жаңа» деген нақыл бар. Осы Жанбайда туып-өстім. Биыл елу жасқа толамын. Әрине, өзгеріс бар, ел дамыды, адамдардың сана-сезімі өсті. Бірақ, сонша жаңарып, жайнап кеткен жоқпыз, — дейді селолық округтің бас маманы Адайбек Есекешов. — Азамат ретінде сізді не толғандырады? Туған ауылыңызда шешімін таппай тұрған қандай мәселелер бар?- Көп қой. Оны ғұмыр бойымда орындалады деп есеп те жасамаймын. — Неге?- Өйткені, шешімін күтіп тұрған мәселелердің саны мол. Ауызды қу шөппен сүртуге де болмайды, шүкір, ауылдың тұрмыстық жағдайы жақсарып келеді. Көгілдір отын әр үйде бар. Бірақ, ойлап отырсам, мен бала күнімде көксеген кейбір жайттар әлі де орындалмапты. Теледидардан көреміз, газеттерден оқимыз, Астана дамып жатыр, облыс орталықтары көркейіп жатыр, аудан орталықтары да қолдаудан кенде емес. Ал ауылдар үнемі кенже қала береді. Бір кездері «Ауыл жылы» ұйымдастырылды, одан да өзгеріп кеткенді көз көрген жоқ. Облыс орталығынан ауылға дейінгі жол әлі күнге ойқы-шойқы. Осы жол қанша адамның өмірін қиды? Қанша отбасын қасіретке душар қылды? — «Атырау-Астрахан» тас жолы алдағы жылдары су жаңа кейіпке келеді деген жоспар бар, осыған сенейік. Ауылға кірме жолдың жағдайы түзеліпті ғой.- Иә. Оған да шүкір.- Ауыл жастарының мәдени өмірі, бос уақыттарын тиімді пайдалану жағы қалай болып жатыр? — Ол да жаңағы айтқан мәселе ғой. Ауыл жастарына мемлекет тарапынан қолдау көрсететін тетіктерді әлі де жетілдірсе дұрыс болар еді. Ауылға спорт кешені, балалар ойнайтын алаңдар салынса, қандай жақсы? Қаланың әр үйінің алдында дерлік балаларға арналған алаңдар бар, соның біреуін ауылдың орталығына да орнатса. — Сіздің ауылдың аты браконьерлікпен көп шығады…- Жанбай ауылы – ғасырға жуық тарихы бар мекен. Ата-бабаларымыз мына Каспийдің балығымен күнелткен, ашаршылық, соғыс кездерінде елді құтқарған. Өкінішке орай, соңғы кездері біздің ауылдың аты заңсыздықтардың, браконьерліктің ордасы ретінде шығып кетті. Осыған біздің жүрегіміз ауырады. Шын мәнінде, олай емес. Жанбайдың ежелден текті елі бар, үлкенін сыйлаған жасы, даналығы асқан қариясы бар. Әрине, балық ауланбайды демейміз, ауланады. Бірақ, бір кездердегі балық аулаумен қазіргі жағдайды салыстыруға келмейді. Қазір ел сазанға да жарымай отыр. Жасыратыны жоқ, тиіп-қашып балық аулап, теңіздің арқасында нәсібін тауып отырғандар да бар. Аздап үй салып жатса, кәсіпкерлік дамып жатса, оның ар жағында адамдардың жанкешті еңбегі жатыр.- Алыстағы ауылдар мемлекет қамқорлығын сезіне алып отыр ма?
— Үкіметтен көмек жоқ дей алмаймыз. Мемлекеттің қамқорлығы түрлі жеңілдіктер, зейнетақы мен әлеуметтік төлемдердің уақтылы беріліп отыруы болса, ол жағынан мәселе жоқ.
— Таза ауыз су төңірегіндегі ахуал қандай?
— Су құбыры әлі тартылып жатыр, қосылған жоқ. Қазір су тазарту қондырғысынан көлікпен әкелініп отыр. Жыл соңына дейін бұл мәселе шешіледі деген үміт бар.
— Жеке кәсіпкерліктің өрісі қандай? Бизнесте бағын сынап жатқан жастар бар ма?
— Жеке кәсіпкерлік дегенде, ауылда 15 дүкен бар. Басқалай кәсіп көзін ашып жатқан жастар болмай тұр.
— Ауылдағы жұмыс орындары қандай?
— Жанбайда 3300 тұрғын бар. Бір мектеп, 125 бала қамтылған балабақша жұмыс жасайды. Ауыл халқы негізінен осы екі жерде қызмет жасайды. Жұмыссыздар тізімінде 60 адам тұр. Вахталық әдіспен жұмыс жасайтындар бар. Біздің ауылға жақын маңда орналасқан «Потенциал-ойл», «ЖайықМұнай» мекемелері жылыжай салса, халықты жұмыспен қамтамасыз етсе деп армандап қоямыз. Бір кездері «ЖайықМұнайдың» «Мартыши» деген цехы, жылыжайы болды. Қазір ол жұмыс жасамайды, осыны жаңғыртса, біраз адамға жұмыс болар еді.
— Мұғалім, дәрігер мамандарға қажеттілік бар ма?
— Елбасының «Дипломмен–ауылға!» бағдарламасы дер кезінде, дұрыс жасалған дүние дер едім. Осы бағдарламаның аясында біздің ауылға да мұғалім жастар келіп жатыр. Ал, дәрігерлерге, шыны керек, мұқтажбыз. Үш жоғары білімді дәрігер бар еді, оның екеуі жақында Атырауға көшіп кетті. Енді бір ғана терапевт-дәрігер қалды, жасты да, кәріні де сол қарап отыр. Бұл мәселе – аудан басшылығының назарында.
— Соңғы кездері Жанбайда мал өлімі көбейіп кетті. Тұрғындар денсаулықтарында кінәрат бар деген әңгімеге не айтасыз?
— Бұл «ПотенциалОйл» мекемесіне байланысты әңгімелер ғой, ол жайлы «Атырау» газетіне жаздыңыздар да. Біздің қолымызда бұлтартпайтын дәлел, негіз болмағасын ештеңе дей алмаймыз. Мұны экология басқармасы ма, басқа құзырлы органдар ма, тиянақты бақылап, халыққа дұрыс ақпарат берулері керек. Денсаулық жағынан мәселелер бар екені рас.
P.S. Бұл – ауыл азаматымен болған әңгіменің бір парасы. Қағаздағы қаптаған сандар мен есептерге тоқталған жоқпыз. Бізге керегі кәрі теңізге табан тіреп жатқан елеусіз елді мекеннің боямасыз тірлігі ғана еді…
II. САРАЙДАҒЫ
ҚҰТХАНА
Кешкі Жанбайдың көркі келбетті көрінді. Өрістен қайтқан мал, ойнақтаған жас бота, ойын қуған балалар, салқын ауамен тыныстап, әңгіме-дүкен құрған ауыл адамдары, ары-бері ағылған мотоцикл, балыққа құратын аулары мен қармақтарын қамдаған ағалар…
Кешкісін ауылдың жасы бар, жасамысы бар, қызы бар, жігіті бар, футбол алаңына жиналып жатты. Бірі ойын ойнаса, бірі жанкүйер болып, қызықтап мәз. Біз белгілі жыршы, термеші Қалимат Шұғайыпұлы ағамыздың мағыналы мақамдарын тыңдауға асықтық. Облыстық «Шырқа, дауысым!» фестивалінің жүлдегері Қалимат аға Насихат Сүгірұлы, Майлықожа, Шортанбай, Бала Ораз, Базар жыраулардың өсиет сөздерін төккенде, тебіренбей тыңдауың мүмкін емес. «Қарты бар ел – қазынасы бар ел» деген осындай болар!
Жанбай селолық мәдениет үйінің меңгерушісі Қалам Төлендиева бізді жұмыс орнына бастады. Қырық жыл бұрын салынған еңселі ғимараттың сыры кетсе де, сыны кетпепті. Тоқсаныншы жылдары бұл клуб та жекеменшікке өтіп, тойханаға айналған. «2007 жылы мемлекеттен 4 млн. теңге бөлініп, қайта сатылып алынды, 3 млн. теңгеге жөндеу жүргізілді, — дейді Қ.Төлендиева. — Биыл күрделі жөндеу жасауға қаржы қаралып отыр. Мәдени шаралар арнайы жоспар бойынша өткізіледі. Бұрын ауыл жастарына би кештерін ұйымдастыратынбыз, қазір оған мүмкіндік болмай отыр. Ол бөлмеге ауыл кітапханасы көшіп келді».
«Кітапханаға келушілер саны көп, — дейді Ақтынай Қайрекенова, — өкінішке орай, қазір тек кітап берумен ғана отырмыз, түрлі шаралар, пікірталастар өткізгіміз келеді, оған орын жоқ. Енді мына клуб та күрделі жөндеуге жабылғалы тұр, қайда барарымызды білмейміз. Ауылда тағы бір кітапхана бар, оны орналастыратын жер табылмады, кітапханашы Құралай Қапсихова амалсыздан өзінің сарайына жасақтап алды».
P.S. Не деген жанкештілік! Мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуі тиіс кітапхана паналар орын болмағасын, далада қалған мол мұраны есігінің алдындағы сарайына орналастырып, ауылдастарына құтхана жасап беріп отырған Құралайдай өз ісіне адалдық танытатындар көп болса, шіркін!
ІІІ. ЖОЛСАПАРДА ЖАЗЫЛҒАН ЖЫР
«Қозы-лақтың ойнағаны әдемі», — деп келетін бір ән бар еді. Сол секілді, ауыл топырағына табанымыз тигеннен бір қошақан аяғымызға оралып, қалмай қойды. Жетім қозы екен. Енесінен ерте айырылған мал баласының адамға үйірсек келетіні бар. Көкжиекке күнді қондырып, «Жанбай, бағың жанғай!» деген тілекпен жолға шықтық. Мойыл көзін біздің жолымыздан алмай, соңымызда қалған қара қозының әсері ме, мына өлең жолдары тіліме орала берді…
Кезім еді жерден жылу іздеген,
Жайлау барып, жан сырымды тізбек ем.
Құлдыраңдап шыға келген алдымнан,
Жетім қозы, қонақтаттың көзге өлең.
Мен де сендей құсалымын, шерлімін.
Әкем бар-ды, қойнына алды жер бүгін.
Жалғыз шешем, жетілмеген жетеуміз,
Қорған болар, орман болар енді кім?
Мен де сендей маңырамай отыққам.
Жан жарамды жазды уақыт, атып таң.
Рас, кейде кеуде тұсым сыздайды,
Рас, кейде кеш қаламын бақыттан.
Әкесіздің сен де көрдің талайын,
Жетесіздің мен де көрдім талайын.
Артта қалсаң, ақылсызға балайды,
Оза шапсаң, күндейді көп ағайын.
Мұңды қылған мұнар-күннің кәрінен,
Жалқы Тәңір тауып берді жаныма ем.
«Жетім қозы-тасбауыр» деп алдайды ел,
Жетім қозы — мейірімді бәрінен!
Осы бір жай езіп кетті еңсемді.
Ауыл жаққа апармайды көш те енді.
Қара жолға қарауменен қамыққан,
Жесір шешем… жетім қозы… кеш мені!
Бақытгүл БАБАШ.