Жарнама
Қоғам

Электр жүйелері қызметкерлері күшейтілген жұмыс режиміне көшкен

Өткен аптада табиғаттың тосын мінез танытуынан облыс орталығындағы шағынаудандар мен кейбір аудандар жарықсыз қалды.  

«Атырау-Жарық» АҚ қалалық электр жүйелерінің инженері Тілеужан Меңдалиевтің айтуынша, электр қуатын жеткізуші желілердің үзілуіне күшті жел мен қар аралас жауған жаңбырдың әсерінен трансформаторлық стансалардағы сымдардың бір-бірімен шатысуы себепші болған. Соның салдарынан Атырау қаласының көптеген шағынауданы мен Махамбет, Индер аудандарында жарық өшкен. Жағдайды қалпына келтіруге 17 жөндеу, 5 жедел әрекет ету тобы  және бірнеше арнаулы техника жұмылдырылып, үздіксіз жұмыс  жасады. Соның нәтижесінде, жағдай мейлінше қысқа мерзімде қалыпқа келтіріліп, жарықсыз қалған елді мекендер мен шағынаудандар электр желісіне қосылды.

– Әрине, осындай жағдайдың қайталанбайтынына кепілдік бере алмаймыз. Дегенмен, электр қуатын тұтынушы заңды тұлғалардың (негізінен кәсіпкерлік субъектілері) иелігіндегі 10/0,4кВ кернеудегі кешенді трансформаторлық  стансаларды тексеру кезінде негізгі ақаулардың 10/6/0,4 кВ әуе электр желісінің бойынан орын алғандығына көз жеткізілді. Анықталғанындай, мұнда техникалық талап бойынша болуға тиісті «ПКТ-10кВ» үлгісіндегі  сақтандырғыштардың орнына уақытша сымдар орнатылған. Сондай-ақ, 10/0,6/0,4кВ тарату құрылымына тексеру жұмыстары жүргізілмеген. Уақытылы қаралып, күтім жасалмағандықтан трансформаторлардан май ағып, желілерді жоғары кернеуден қорғайтын құрылғы (разрядник) қойылмаған. Электр қондырғыларын шаң-тозаңнан қорғайтын құрылғылар  қарастырылмаған. Тексеру барысында мамандар бұдан басқа да біраз кемшілікті анықтады,-деді Т.Меңдалиев.

Білгеніміздей, кешенді трансформаторлық стансалардың металдан жасалған бөліктерінің жарылған тұстары бар болып шықты. Сол арқылы электр қондырғыларына жаңбыр мен еріген қар суы ағып, қауіпті жағдай туындатқан. Оның үстіне, үдете соққан өкпек желдің екпінінен тұрғын үйлердің ауласында өсіп тұрған теректер 10/6/0,4кВ кернеудегі әуе электр желісіне  тиіп, оның үзілуіне, сөйтіп қуат көзінен ажыратылуына  әкеліпті. Тағы бір мәлім болған жайт, қалалық әкімдіктің иелігіндегі  кешенді трансформаторлық стансалардың арасындағы 10кВ кернеудегі кабельді электр желісінен де  ақау табылған. Сол сияқты, бұрын теміржол бөлімшесінің (ЭЧ-4–“Атырау электрмен жабдықтау дистанциясы” мекемесі), бау-бақша серіктестерінің  теңгерімінде болған желілер мен құрылғы-қондырғылардың да нобайы істен шыққан, жарамсыз немесе апатты жағдайға жеткен. 

Тұрғындарды үздіксіз электр қуатымен қамтып, апатты жағдайды ауыздықтау, оны болдырмау бір реттік шарамен шектелетін шаруа емес. Ол ұдайы қадағаланып, бақылауда ұсталуы керек. Бұл бағытта қалалық электр жүйелері тарапынан жоспарлы түрде жүзеге асырылып, орындалуы қатаң міндеттеліп отырған жұмыстар да баршылық. Мәселен, осыған дейін шаһардағы электр  желілерінің кідіріссіз, кедергісіз жұмыс режимінде болуы үшін тұтынушылардың теңгеріміндегі қондырғыларға техникалық қызмет көрсету міндетін қолында соған рұқсаты, арнайы лицензиясы бар мамандандырылған кәсіпорынның атқаруы және осындай талапқа жауап беретін құрылыммен келісім-шартқа отыру қажеттілігі жөнінде әлденеше рет ескертпе жасалған. Соған қарамастан, бұл талап та тиісті деңгейінде, өз дәрежесінде орындалмауда. Тексерулер нәтижесінде орын алған олқылықтар мен есепке алынған кемшіліктерді бір ай мерзімде толықтай қалпына келтіру туралы жазбаша түрде берілген нұсқаманың да көп жағдайда қағаз жүзінде қалып қоятынын кәсіпорынның  өкілі жасырмады.

Бүгінде электр қуатының апатты өшіп қалуының алдын алу мақсатында «Атырау Жарық» АҚ-ның  қалалық электр жүйелері қызметкерлері күшейтілген жұмыс режиміне көшкен. 

Дәулетқали Аруев

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button