ТАЗА АУЫЗ СУМЕН ҚАМТУ

әлі де болса талап деңгейінде емес
Атырау қонақ үйінің мәжіліс залында ҚР ДСМ мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитеті Атырау облысы бойынша департаменті мен облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының ұйымдастыруымен қала, аудандар бойынша МСЭҚ басқармалары, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімдері, «ҚазТрансОйл» АҚ Батыс филиалы, «Атырау Су Арнасы» КМК, «Аджип ҚКО», «ЮСС» ЖШС, су тазарту қондырғылары басшылары мен БАҚ өкілдерінің қатысуымен «Облыс бойынша халықты ауыз сумен қамту жағдайы» тақырыбында семинар-кеңес өтті.

15 ЕЛДІ МЕКЕН
СУСАП ОТЫР

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық департаменті директоры Өмірзақ Зинуллин төрағалық еткен бұл семинар-кеңесте тіршілік көзі – су мәселесі, оның адам денсаулығының қалыптасуында маңыздылығы, сонымен қатар санитарлық-эпидемиологиялық сапаның төмен болуы адам денсаулығының нашарлауына, яғни, халық арасында әртүрлі аурулардың таралуына алып келетіні жайлы сөз болды.
Аталмыш мәселеде облыстық санитарлық-эпидемиологиялық департаменті директорының орынбасары Амантай Жұмағалиев, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Асылбек Байшақановтың баяндамаларында айтылғандай, аймақтағы екі қала, 168 ауылдық елді мекеннің 98-і яғни, 58,3 пайызы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. 55 ауылдық елді мекен (32 пайыз) орталық су жүйесін пайдаланады. Ал, он беске жуық елді мекен тұрғындары ауыз суды тасымалдап ішуге мәжбүр. Осы елді мекендер ауыз сумен Жайық, Шарон, Қиғаш өзендерімен Қоянды, Мұздыбұлақ, Тайсойған, Кереген жерасты су қойнауының көздерінен және «Қиғаш-Маңғышлақ» магистральды топтық су тазарту жүйелерін пайдалануда.
Жалпы айтқанда, халықты таза ауыз сумен қамту жайы көңіл көншітпейді. Мәселен, «Ауыз су» бағдарламасы аясында және 2011 жылы басталған «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша Атырау қаласы, Жылыой, Қызылқоға, Мақат аудандарында ауыз сумен қамтылу біршама жоғары болғанымен, керісінше, Исатай, Индер, Құрманғазы, Махамбет аудандарында орталықтандырылған ауыз сумен қамту жайы талап деңгейінен төмен.

ҚОНДЫРҒЫЛАР
ІСТЕН ШЫҒУДА

Индер ауданында таза ауыз суды пайдалану төрт су тазарту қондырғысы істен шығуынан 72,3 пайыздан 41,6 пайызға, Махамбет ауданында екі су тазарту қондырғысының жұмыс жасамауынан 96,4 пайыздан 90,4 пайызға күрт азайған. Содан да тұрғындардың біразы ауыз суды тікелей ашық су көзінен пайдалануға мәжбүр болуда. Бұл эпидемиологиялық ахуалдың шиеленісуіне әкелуі мүмкін.
Ауыз судың санитарлық-химиялық және микробиологиялық сапалығы маңызды орын алады. Десе де, санитарлық-химиялық сапасы бойынша Атырау қаласында соңғы үш жылда сәйкессіздік анықталмаса, Исатай, Махамбет, Мақат аудандарында сәйкессіздік үлесі артып отыр. Бұл аудандарда судың құрамындағы хлор қалдығын анықтау өндірістік бақылауды қажет етеді.
Жалпы, облыс бойынша 2002-2013 жылдар аралығында ауыз судың санитарлық-химиялық көрсеткішке сәйкессіздігі 3,4 пайыздан 5,4 пайызға жоғарылаған. Осы кезеңде ауыз судың микробиологиялық көрсеткішке, оның ішінде жалпы микроб саны, жалпы колиформды бактерияға, термотелерантты бактерия көрсеткіштеріне сәйкессіздігі 2,0 пайыздан 4,7 пайызға жеткен. Соңғы үш жылда Қызылқоға ауданында 1,8-ден 5,8 пайызға сәйкессіздік үлесі жоғарылаған. Бұл ауданда ауыз су тазарту қондырғыларына жуып-шаю дезинфекция жұмыстары уақтылы жүргізілмейді.

ҚҰБЫРЛАРҒА ЖӨНДЕУ ҚАЖЕТ

Бүкпелейтіні жоқ, қазіргі күні өңірде ұзындығы 684 шақырым су құбырларының 312 шақырымы жөндеуді қажет етеді. Әсіресе, Исатай ауданында – 59, Индер ауданында – 44, Қызылқоға ауданында – 8, Мақат ауданында – 25, ал Махамбет ауданында 53 шақырым су құбырларына құрылыс жұмыстары жүргізілуі керек. Осыған байланысты су құбырларының апаттары жиі кездесуде. Ағымдағы жылдың өткен жартыжылдығында 271 су құбыры апаты тіркелсе, 267-і жөндеуден өткен.
Облыс бойынша елді мекендерде үйлердің және қоғамдық ғимараттардың (мектеп және мектепке дейінгі және денсаулық сақтау мекемелері т.б.) орталықтандырылған су құбыр жүйесіне қосылуы бойынша, жалпы 28000 үйдің 20000-ы орталықтандырылған жүйеден алып отыр. Атырау қаласынан басқа қалған аудандарда үйлер толықтай орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылмаған.

БОЛАШАҚТА КӨП
ЖҰМЫС КҮТІП ТҰР

Бұдан әрі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы «Ақ бұлақ» бағдарламасы негізінде 2011-2020 жылдары жалпы құны 21,4 млрд. теңге құрайтын 78 нысанның құрылысы жүзеге асырылатынын тілге тиек етті. Облыста аталмыш бағдарламаның жүйелі іске асырылу мақсатында 2014 жылға 26 нысанның құрылысы үшін 3,5 млрд. теңге бөлу жөнінде Қазақстан Республикасы Өңірлік даму министрлігінің құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық комитетіне ұсыныс берілген. Ағымдағы жылы 32 нысанды аяқтап, іске қосу көзделуде.
Мәселеге қатысты облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаменті коммуналдық нысандарды санитарлық-гигиеналық қадағалау бөлімінің басшысы Серік Мұқылесов өлшемдік қадағалау нүктелері және тәуекел сараптама (НАССР) тұжырымдамасын су тазарту қондырғыларына енгізу туралы, «Атырау Су Арнасы» КМК-ның директоры Андрей Ташлыков тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамту жайын, АОСЭСО санитарлық-микробиологиялық зертханасының дәрігер бактериологы Гүлжан Азырқұлова ауыз суға және ашық су көздеріне санитарлық-микробиологиялық зертханалық бақылауды жүргізудің қазіргі заманғы ерекшеліктеріне тоқталды. Ал, дәрігер лаборанты Мейрамгүл Жалмаханова ауыз суға және ашық су көздеріне санитарлық-химиялық зертханалық бақылауды жүргізудің қазіргі заманғы ерекшеліктерін тілге тиек етсе, Құрманғазы аудандық мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының бастығы Карл Отаров аудан бойынша мембранды технологиямен жұмыс жасайтын «П.Қайседенов» ШҚ сенімгерлік басқаруға алып отырған су тазарту қондырғысының жұмысы туралы сөз етті.
Семинар-кеңесті қорытындылаған облыстың бас санитар-дәрігері Өмірзақ Зиноллаұлы бүгінгі күні аймақ халқының басым бөлігін тиісті сападағы сумен қамтамасыз ету мәселесі әлі де толық шешімін таппай отырғанына назар аударды. «Бүгін әрбір төртінші ауыл тұрғыны ішуге және шаруашылық-тұрмыстық мақсатта тасылатын суды не болмаса сапасы бірқатар көрсеткіштер бойынша санитарлық-гигиеналық нормаларға сай емес аула ішіндегі және қоғамдық құдықтардан, жерүсті көздерінен алынатын суды пайдалануға мәжбүр. Сондықтан аймақта сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету маңызды әрі көкейкесті проблемаға айналып отыр. Осы ретте Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен 2011-2020 жылдарға арналған «Ақ бұлақ» бағдарламасының халықты ауыз сумен қамтамасыз етуде алар орны ерекше. Онда, ең бастысы, әрбір үйде тәулігіне 24 сағат бойы таза су болуы тиіс деген міндет қойылған. Демек, бұл бағдарламаны жүзеге асыруда кәсіпорындар мен ұйымдардың тиімді әрі ұтымды жұмыс істеуін, сумен жабдықтау және су желілерін жаңғыртуды, халықты ауыз сумен қамтамасыз етуді естен шығармағаны жөн» деген ол семинар жұмысын түйіндеді.

Ғайнолла ЗИНУЛЛИН.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз