Жылыойлық бес науқас жансақтау бөлімінде
Жылыой аудандық орталық ауруханасынан Маңғыстау облысы Бейнеу аудандық ауруханасына жеткізілген науқастардың жағдайы бірқалыпты. Бейнеу аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Тұралы Жолышевтан анықтап білгеніміздей, жылыойлық 7 жүкті әйел жеңілденсе, оның бірі жолда келе жатып сәбилі болған.
–Аудандық ауруханада қазір Жылыойдан келген 5 адам жансақтау бөлімінде жатыр. Оның үшеуі қатты үрей салдарынан инсульт алған. Біреуі екі айлық сәби болса, енді бірінің жағдайы ауыр жасанды тыныс алу аппаратына қосылған, — деді Т.Жолышев.
Судан зардап шеккен тұрғындар үшін Бейнеу аудандық ауруханасында 300 төсек орын жасақталған. Кеше ара қашықтығы 225 км құрайтын Бейнеуге дейін 35 науқасты 14 реанимациялық көлік пен 1 Икарус автобусы жеткізді.
Айта кетейік, Атырау қаласындағы эвакуациялық пункттерге де облыстық денсаулық сақтау басқармасы жауапты дәрігер мамандарды бөлген, азаматтар орналасқан жағдайда барлығы медициналық бақылауға алынатын болады.
Мәлике МӘЛІК