Атыраулық 28 жасар әйел адамнан көлемді ісік алынды

dc8022f1 f3cb 471d 9fcd 13c0eee44c00 Медицина

Қала тұрғыны 1995 жылғы әйел адам ішінің ауырсынып және көлемінің өскенін айтып, онкодиспансер дәрігерлеріне шағымданған. Дәрігерлер оның сол жақ аналық безінің үлкен көлемде іскенін анықтап, ота жасады. Ота сәтті шыққан, науқастың жағдайы бірқалыпты, – деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Науқасқа төменгі ортаңғы бөлікке лапаротомия, сол жақ бөлікке аднексэктомия (жатыр түтікшесі мен аналық бездің алынуы), оментэктомия (іш майдың алынуы), кіші жамбасқа дренаж жасау сияқты үлкен ауқымды ота жасалып отыр. Нәтижесінде макропрепарат арқылы тығыз құрылымы бар 25×18 см көлемдегі ісік алынды. Отаны онкодәрігерлер Мақсат Туғанбаев пен Мадина Ерсланқызы жасап, сәтті аяқтап шықты.

– Қатерлі ісік жас та, жыныс та талғамайды. Мысалы, бұл науқас жас, 30-ға толмаған, екі баласы бар әйел адам. Қатерлі ісіктің 1-ші кезеңі анықталып, ота жасалды. Науқаста дерттің белгілері болмаған, ауырсыну байқалмаған. Тек соңғы кездері іші өсіп, бір тығыздалған жаңа өскіннің пайда болғанын сезген. Әр адам өз ағзасына, белгі беруіне ерекше назар аудару керек. Жыл сайын дәрігер бақылауына келіп, скринингтік зерттеулерден өткені абзал. Денсаулықтың қадірін тек ауырғанда ғана емес, сау кезде де, баға жетпес байлық екенін ұғынса екен, – деді дәрігер онколог М.Ерсланқызы.

Айта кетейік, науқастың қазіргі жағдайы бірқалыпты, емделуші есепке алынып, дәрігерлердің бақылауында.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз