«Жедел жәрдемнің» бір күні
Басы ауырып, балтыры сыздаған әр адам дәрігерлердің көмегіне жүгінеді. Ал, ең қиын сәттерде әуелі «Жедел жәрдем» қызметкерлерін іздейтініміз рас. Алайда, қиын да қызықты мамандық иелерінің еңбегі көбінесе тасада қалып жатады. Біз медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай тәуліктің жартысын «Жедел жәрдем» қызметіне арнадық.
ҚАУЫРТ ШАҚ, ҚАРБАЛАС КЕЗ…
Облыстық жедел жəрдем станциясына келгеніміз сол-ақ еді, түнгі ауысым алдындағы қарбалас қызметке тап болдық. «Нұрсая», «Бірлік» жəне «Балықшы» шағынаудандарындағы қосалқы станциялардың бригадалары да осы жерде ауысым тапсырып, жұмыс «қайнап» жатыр.
Облыстық жедел жəрдем станциясы директорының орынбасары Наргиз Əбдірахманованың айтуынша, күн сайын желіге шығатын 46 бригаданың 27-сі Атырау қаласында екен. Былтыр «103» қызметіне тіркелген 341 360 қоңыраудың 309 547-сіне қызмет көрсетілді. Ал, биыл бес ай ішінде 96 мыңға жуық қоңырауға «жедел жəрдемшілер» қызмет етті. Күндізгі жəне түнгі ауысымға шығатын бригада мүшелерінің жұмысы əсте оңай емес. Біз екі фельдшер жəне бір жүргізушіден құралған №3 бригадаға қосылдық. Ауысым қызметі басталмас бұрын жүргізушілердің қан қысымы мен дене қызуы өлшеніп, алкотесттен өтеді. Егер жүргізушінің саулығында өзгеріс байқалса, ол сол күнгі қызметке қосылмайды. Дəрі-дəрмекпен қамту бөлімінде бригаданың медициналық сөмкелері тексеріліп, қажетті құрал-жабдық міндетті түрде толықтырылады. Осындай талап-ережелерден өтіп болғанымызда, бригадаға ең алғашқы шақырту түсті. Бірінші санатты шақырту болғаннан кейін жол-көлік оқиғасы болған жерге жылдам жетуге тура келді. «Береке» шағынауданының тұсында жаяу жүргіншілер жолында жол апаты болып, 60 жастағы əйел адамды жеңіл көлік қағып кетіпті. Жүргізуші Жетпіс Төлек ешев діттеген жерге уақытылы жеткізді. Полиция қызметкерлері мəнжайды анықтап жатты. Фельдшерлер Əсем Назарова мен Айман Қуатованың шұғыл əрекетінің нəтижесінде соққы алып, қан қысымы тіптен көтеріліп кеткен жəбірленушіге алғашқы көмек көрсетіліп үлгерді.
Келесі шақырту түсірген Шұбар төбе көшесі , 1 7 — нші үй тұрғынының қан қысымы көтеріліпті. Сала мамандарының айтуынша, қазір жүрек-қан тамырлары, өкпе, тыныс аурулары жəне гипертензиямен ауыратындар саны көп. Бір қиыны, мұндай адамдарға жаздың аптап ыстығы да оңайға соқпай тұр. Бригадаға шақыртулар саябырсып, облыстық станцияға кіре бергеніміз сол-ақ еді, жүйткіген жеңіл көлік жанымызға келіп тоқтады. Көшеде сырқаттанып қалған əйел адамды көрген жүргізуші оны шұғыл көлігіне мінгізіп, ақ халаттылардан көмек сұрай жетіпті. Зерделей келе, оның психикалық ауытқуы бар, диспансерлік есептегі науқас екені анықталды. Шағымдарына байланысты қажетті ем-дом көрсетілді.
ТЕРЕЗЕДЕГІ ТОР ҚОРҒАН ЕМЕС
Келесі шақыртулардың бірі «Алмагүл» шағынауданынан тіркелді. Ойын баласы көшеде самокат теуіп жүргенде құлап, аяғын жарақаттап алған. Ол шұғыл түрде облыстық балалар ауруханасына жеткізіліп, дəрігерлердің қарауына тапсырылды. Қазір жаз мезгілі. Балаларды қараусыз қалдыруға болмайды. Сала қызметкерлері əсіресе, көпқабатты үйлерде терезеден құлау деректері жиі болып жатқанын айтты.
– Жуырда Достық көшесіндегі үйдің екінші қабатындағы терезеден екі жасар бала құлап кетті. Анасы асүйде жүрген, сол кезде сəби ашық тұрған терезеден құлапты. Абырой болғанда, жерге сəби топырақтың үстіне түскен. Облыстық ауруханаға жеткізіп, толық тексеруден өткізілді. Дəрігерлердің айтуынша, бала аяғынан зақым алған. Бірақ, жеңіл жарақат болғандықтан сол күні үйіне шығарылды. Мұндай жазатайым оқиғалардың соңы жақсылыққа апармайды. Сондықтан, əрбір ата-ана балаларының қауіпсіздігіне бейжай қарамауы қажет. Терезедегі тор балаға қорған бола алмайтынын ескерген жөн, — деді Айман Қуатова.
«ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМДЕ» ӘЛСІЗДЕРГЕ ОРЫН ЖОҚ
«Жедел жəрдемде» жұмыс жасайтын мамандардың ісі күнделікті өмірде көзге көрінбеуі мүмкін, бірақ қиын жағдайда қалған адамдар үшін олар – нағыз қаһармандар. Талап бойынша қызметкерлер қандай жағдайға да дайын болуы тиіс. Психикалық жағынан да дайындықтан өтсе артық емес. Өйткені, түрлі жағдаймен бетпе-бет келетін оларға абдырап, уақыт жоғалтуға мүлде болмайды. Бүгінде біздің кейіпкерлер сондай қиындықтың бəрін еңсеріп жүр. Олар жақында алтыншы қабатта тұратын қан қысымымен жиі ауыратын науқасқа ерекше көмек көрсетіп үлгерді. Қоңырау шалған тұрғынның үйіне жеткен жедел жəрдемшілер науқасты тексергенде шұғыл ауруханаға жеткізу қажет болған. Бір қиыны, науқас өз еркімен жүре алмайды. Ал, денесінің салмағы тым ауыр, 200 келі. Үйінде өзінен басқа ешкім жоқ. Мұндай сəтте көлік жүргізушісі де еш санаспай, қол ұшын созып жатады. Көршілерінен көмек сұрағанымен, əп-сəтте ешбір адам табыла қоймаған.
Көшеде кетіп бара жатқан үш студенттің көмегімен əлгі науқасты алтыншы қабаттан əупірімдеп төменге түсірген. Сөйтіп, науқас ауруханаға дер кезінде жеткізіліп, өмірі сақталып қалды. Осы жұмыста он жылдан аса тəжірибесі бар фельдшер Айман Қуатова бірде құрылыста жұмыста жүргенде бір қолының басын станок кесіп түсіріп, ет қызуымен облыстық станцияға қаны саулап өзі жеткен адамды да көргенін айтты. Сол сəтте дереу медициналық көмек көрсетілмесе, науқастың өмірі қиылар еді. Осылайша, дер кезінде жасалған көмектің арқасында бүгінде талай жанның ғұмыры жалғасып келеді. Олар шынында да өз ісінің бесаспап маманы.
Əсем Назарова – мекемедегі ең жас фельдшерлердің бірі. Жасы 25-те. Əкесі мұнайшы, анасы тəрбиеші, өзі үйінің кенжесі. «Бір үйде бір дəрігер болуы керек» деген қағиданы ұстанған əкесінің таңдауымен осы саланы меңгерген Əсем өз мамандығына қазір еш өкінбейді.
– Мен студенттік кезімде өндірістік тəжірибеден мəйітханадан өттім. Ең алғаш адамдардың мүрдесін көргенде де қатты қорқыныш болған жоқ. Соны аңғарған жетекшім мені мұндағы түрлі қиын жұмыстарда шыңдады. Сол кезден-ақ мен өзімнің осы саланың маманы болуға лайық екеніме көзім анық жетті. Қазір өзімді басқа салада елестете алмаймын. Адам баласының басына төнер қауіптің саны көп. Жиілеп кеткен көлік қақтығыстарында, күнделікті тұрмыста, құрылыста түрлі сипатта, түрлі дəрежеде жарақаттанып, «жедел жəрдем» қызметіне жүгінушілер көп. Сондай сəтте жаныңнан табылатын дəрігердің біліктілігіне көп нəрсе байланысты. Сондықтан, мен қазіргімен шектелмей, білімімді шыңдап, дəрігерлікке дейін жеткім келеді. Шынымен қиын жағдайға душар болған бір ғана адамның өміріне көмектесіп үлгерсем, бұл мені алға қарай қанаттандырады, — дейді Əсем Назарова.
Əсем жуырда шақырту кезінде перинатальдық орталыққа жеткізіп үлгере алмайтындықтан, айы-күні жетіп, толғақ қысқан жүкті келіншекті үйінен босандырып, жас кіндік шеше де атанды. Сəбиін аман-есен құшағына алған анасы ұлының есімін Əсем Назароваға ұқсатып Бекназар деп қойыпты.
«КӨМЕККЕ» ҚОЛДАУ ҚАЖЕТ
Облыс тұрғындарының саны – 675955 адам. Ал, жедел медициналық қызметтің халыққа қызмет көрсету радиусы 20 шақырымға дейін құрайды. Жедел жəрдем қызметімен қамтылмаған елді мекендерде бұл жұмыс жергілікті емханаларға жүктелген. 103 қызметінде автоматтандырылған «Көмек» бағдарламасы енгізілген сəттен бастап кездесетін көптеген кемшілік те бар екен. Мəселен, планшеттерде бағдарлама жиі-жиі кідіріс болады. Бұл да бригаданың шақыртуларға кешігу мəселелеріне əсер етпей қоймайды.
– Біз осы проблемаларды жою үшін тиісті адамдарға бірнеше рет хабарластық, бірақ əлі күнге дейін шешімін таппай келеді. Бағдарлама мезгіл-мезгіл қатып қалады. Əрине, бұл халықтың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан, кейбір жағдайда бұрынғыша қағаз толтырумен жұмыс істеуге тура келіп жатады, — дейді Наргиз Нұридинқызы.
P.S. Сонымен, осы түні №3 бригададағы кезекші фельдшердің планшетіне 14 қоңырау түсті. Ал, станцияға түнгі ауысымда барлығы 985 қоңырау соғылған. Бір түннің ішінде оларға ере жүріп, біздің шыдамымыз 6 сағатқа ғана жетті. Қатты шаршадық. Әлбетте, жұмыстың жеңілі болмайды ғой. Десек те, адам өмірі үшін арпалысқан абзал жандардың жұмысында ұшырасатын қиындықтарға кез-келген жанның төзе бермесі анық. «Жедел жәрдемшілердің» қауырт түні мен күні осылайша жалғаса береді. Біз станциядан шығып бара жатқан сәтте бригаданың планшеттеріне тағы да қоңырау соғылып жатты. Ал, біз ешқандай байлыққа айырбастауға келмейтін саулықты тілеп, үйімізге беттедік.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ