«Жедел жәрдемдегі» қауырт жұмыс
Сырқаты сыр беріп, дерті мазалап, өзін жайсыз сезінген адам «жедел жәрдем» қызметіне жүгінеді. Осы орайда сала қызметкерлері қас пен көздің арасында науқасқа жетіп, дерттің алдын алуы қажет. Ал облыста шұғыл көмек көрсетуге мүмкіндік бар ма? Мамандар жедел шақыртуға қаншалықты дайын? Осы мақсатты нақтыламақ оймен облыстық «жедел жәрдем» станциясына барған бізді бригаданың бір күндік қызметі көп жайға қанықтырды.
Станцияның орталық көпір астындағы ауласына ертелетіп жеткенбіз. Сары түсті көліктер мен арнаулы қызметтік киімін киген қызметкерлер бірден көзге түсті. Қаланың әр қиырында тұратын олар кезекшілік міндеттерін осы жерден бастайды екен. Ауладағы қарбалас олардың жұмыстарының қаншалықты қиын екенін байқатады.
Сонымен, бір күнімді №7 фельдшерлік бригаданың құрамында атқаратын болып келістік. Бригаданың фельдшері Мирас Мұханбетов қаладағы медициналық колледжді тәмамдапты. Ол біздің түрлі сауалымызға асықпай жауап беріп отырды.
– Шақырту түспейтін кез бола ма?
– Әр кезде әрқалай. Бірақ алаңсыз отыруға болмайды…
Мұнан кейін бізді оңай жұмыс күтіп тұрмағанын түсіндік. Арнаулы медициналық көліктегі аппараттарын түгендеп жатқан жас маман бұл салаға жүрек қалауымен келгенін айтып қалды.
– Жұмыс өтілім – бес жыл. Міндетім – диагноз қойып, ем жүргізіп, қажет болса науқасты тәжірибелі дәрігер маманға бағыттаймын. Медицинаның түрлі саласында шұғыл көмек көрсетіп, ауырған адамдарды ауруханаға жеткіземіз. Мүмкіндігінше халыққа медициналық тұрғыдан кеңес беріп отырамыз. Жұмысқа келген соң бәріне дайын болуың қажет. Ең бастысы – көмекке мұқтаж адамға дер кезінде жәрдем берілуі керек, — деді жас маман.
Дәрігер сөзбен емдейді
Кезекті шақырту да көп күттірген жоқ. Медициналық қалдықтарды сақтайтын бөлмеден (класс Б) арнайы киім киюді ұмытпай, жедел жәрдем көлігіне асықтық. Бригада мүшелері скафандр тәріздес арнайы киім киіп, бастарына мата бас киімді қымтап, бетперде тағып, аяқты тірсекке дейін жауып тұратын бахила, қолға резеңке қолғап киіп жүретін ковид кезін еске алды. Қазір жағдай мүлдем басқа арнаға ауысқан.
– Бахила мен қолғапты буып орап тастайтынбыз. Оның үстіне діттеген мекенжайға жеткесін көзілдірік тағып алуың керек. Бетперденің ішінен көзілдірік буланып, жүріп-тұруға қиындық келтіреді. Қолымызға салмағы 5 келіден асатын тасымалды ЭКГ аппараты бар сөмкені ұстап жүрудің өзі қиындық туғызатын еді, — деді фельдшер.
Сонымен кезекші дәрігер-кардиолог Лаура Жанысбаева бастаған топтың соңынан ілестім. Алдымен Авангард шағынауданында орналасқан көп қабатты үйлердің біріне келдік. Дәрігер науқастың шағымын тыңдаған соң дене қызуын, қан қысымын өлшеп, электрлі кардиограммаға түсірді. Анықталғаны, бізге дейін сырқат өз бетінше цефтриаксон ұнтағы мен аспирин дәрісін қабылдаған екен. Дәрігер тексергенде дене қызуы мен қан қысымы қалыпты көрінгенімен ол өзін жайсыз сезініп тұрғанын, үйінен ем алу қолайсыз екенін айтқан еді. Сол себепті науқасты облыстық №2 аурухананың қабылдау бөліміне жеткіздік.
«Жедел жәрдем» көлігінде 13 жылдан бері жүргізуші болып істейтін Мақсот Нұровқа бұл көріністер таңсық емес. Әйтсе де әр қызметтің өзіндік қиындығы болатынын айтады. Біз мінген «Hyundai» автокөлігі әлемдік стандарттарға сай жабдықтармен – портативті және өкпені жасанды жолмен желдететін аппараттармен, оттегімен, дефибрилляторлармен, бейнебақылау камераларымен жабдықталған. Бригада дерті асқынып, күмән туғызған науқастарды тасымалдаумен айналысады. Дәрігерлердің барлығында қауіпсіз жұмыс істеуге мүмкіндік беретін жеке қорғаныс құралдары, медициналық құралдар бар. Жедел жәрдем бригадасы әуелі науқастың жағдайын бағалайды. Алғашқы ем-дом да соған сәйкес көрсетіледі. Егер «жедел жәрдем» шақырған адам өзін жақсы сезінсе, дене қызуы, қан қысымы тиісті деңгейде болса үйінде қалады және учаскелік дәрігердің бақылауына өтеді.
…Арада көп уақыт өткен жоқ, тағы да шақырту түсті. Бұл жолы Қаныш Сәтпаев даңғылы бойындағы үйлердің біріне қоныстанған өзге қалалардан жұмысқа келген азаматтар денсаулығына шағым айтты. Олар да дереу облыстық №2 ауруханаға жеткізілді.
«Дәрігер дәрімен емес, сөзімен емдейді» демекші, бригада қызметкерлері әр науқастың жағдайына алаңдап, саулықтарына тілекші болып, қолдан келетін көмектерін жасап жатқанын көзіміз көрді. Олардың түскі асқа отырғаны сол еді, тағы да шақырту түсті…
Тәулік бойындағы кезекшілікте байқағанымыз, науқастардың көпшілігі дене қызуы, іш өту, өкпе қабынуы (пневмония), әлсіздікке байланысты шағымданады екен.
Сауат арттыру – қажет іс
Кезекші дәрігер-кардиолог Лаура Жанысбаеваның айтуынша, қызмет барысында мамандар түрлі оқиғаларға кезігіп, тосын жайттарға куә болып жатады.
– Пандемия уақытында халықтың той-садақаға, басқа да көпшілік шараларға баруын тоқтатуы керектігін ескерткеннің өзінде құлақ аспай жататын еді ғой. Халық арасында әлі де болса денсаулығына немқұрайлы қарайтындар бар. Бұл бізге берілген аманат қой. Тиісті екпенің өзін алдырудың өзі мұң болды. Әрине бұл тұрғындардың арасында екпеге күдікпен қарайтынының көрінісі. Кейбір адамдар сәл нәрсе үшін бізге хабарласып, дабыл қағады. Керісінше дәл осы сәтте шын мұқтаж науқастарға көмек керек болып жатады. Сол себепті тұрғындардың медициналық сауаттылығын арттыру – қажетті іс. Осы арқылы олар сындарлы сәтте сырқатқа алғашқы көмек көрсетіп, адамның өмірін сақтап қалуға септесер еді, — дейді Лаура Жанысбаева.
Жиырма жылдан астам еңбек тәжірибесі бар Лаура Қырықбайқызы 2011 жылы Атырауға отбасымен бірге қоныс аударған. Ол Шымкент қаласындағы «жедел жәрдемде» жұмыс жасап жүргенде көзі көрген оқиғаны есіне түсірді.
– Әлі есімде, бір жолы әйел адам пойыздың жолымен өтіп бара жатып, рельске аяғын қыстырып алған. Сол сәтте пойыз келіп қалып, оны бірнеше метр жерге ұшырып жіберген. Бұл менің «жедел жәрдемдегі» алғашқы кезекшілігім еді. Сұмдық жағдайды көріп, есімнен танып қала жаздадым. Жұрт қарбаласып жатқан сәтте мен басы мен аяғы жоқ, қанжоса болған адамның жүрегіне массаж жасай беріппін… Иә, жұмыс барысында осындай да адам шошытарлық оқиғалар болады, — деді дәрігер.
«Жедел жәрдем» қызметкерлері шақырту болмаса, станциядағы симуляциялық орталықтағы кішкене балалар мен ересек адамдардың манекендері мен жаттығу құрылғылары арқылы тренинг жүргізеді. Осылайша, уақыттарын тиімді пайдаланады. Өйткені, өмір мен өлімнің арасында жатқан науқасқа алғашқы медициналық көмек көрсету өте маңызды. Сондағы әрбір секунд, минуттар сырқаттың тағдырын шешеді.
Бір күні екіншісіне ұқсамайтын «жедел жәрдемдегі» бір күндік қызметім осылай аяқталды. Дегенмен тегеурінді төзімді қажет ететін станциядағы қауырт жұмыс жалғасып жатты…
Алмас ҚАБДОЛОВ