
Жедел жәрдем. Жаңа талап
Денсаулық сақтау министрлігі 1 мамырдан бастап емханалар жанындағы IV санаттағы шақыртуларға қызмет көрсететін мобильдік бригадалардың жұмыс тәртібіне өзгерістер енгізеді. Жаңа тәртіп жедел жәрдемнің кешігіп келуіне байланысты шағымдардың артуы және шұғыл медициналық қызметтің тиімділігін арттыру мақсатында қолға алынып жатыр.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Алмагүл Әбілованың айтуынша, жаңа ережелерге сәйкес, 1 мамырдан бастап емханалар жанындағы мобильдік бригадалар күнделікті сағат 08:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейді. Осы уақыт аралығында IV санаттағы өмірге қауіп төндірмейтін, алайда медициналық көмекті қажет ететін шақыртулар (мысалы, созылмалы жоғары қан қысымы, дене қызуы, жеңіл жарақаттар және т.б.)емханалардағы алғашқы медициналық-санитариялық көмек бригадаларына қайта бағытталады. Ал сағат 20:00-ден кейін және демалыс күндері барлық шақырту, оның ішінде IV санатқа жататындары да, бұрынғыдай жедел жәрдем бригадалары арқылы орындалады.
– Статистикаға сәйкес, жедел жәрдем шақыртуларының 50%-дан астамы IV санатқа жатады. Бұл, көбінесе, созылмалы аурулардың асқынуыменбайланысты. Мұндай жағдайлар шын мәнінде өмірінеқауіп төнген адамдарға жедел жәрдемнің уақытындажетуіне кедергі келтіреді. Енгізіліп отырған жаңа өзгерістер осы жүктемені оңтайландыруға, күту уақытын қысқартуға және бүкіл жедел медициналық жәрдем жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталады, — деді А.Әбілова.
Оның айтуынша, жедел жәрдемді шақыру тәртібі өзгермейді – пациенттер бұрынғыдай 103 нөміріне хабарласып, тәуліктің кез-келген уақытында көмекке жүгіне алады. Егер пациенттің жағдайы өміріне тікелей қауіп төндірсе, жедел жәрдем бригадасы аптаның күніне және тәулік уақытына қарамастан бірден жолға шығады.

Бригадалардың шақыртуға келу уақыттарында өзгеріс жоқ. І санат – 10 минутқа дейін, ІІ санат – 15 минутқа дейін, ІІІ санат – 30 минутқа дейін орындалуы керек. Ал IV санат бойынша мобильдік бригада пациентке 60 минутқа дейін жетеді.
– IV санаттағы шақыртуларға қызмет көрсететін емханалар жанындағы мобильдік бригадалар жұмысының жаңа тәртібі халыққа алғашқы медициналық көмекті уақытылы әрі сапалы жеткізуге бағытталған маңызды шешім, — дейді облыстық жедел жәрдем станциясының директоры Азамат Ерболов.
Бүгінде Атырау қаласында – 30, аудандарда 18 мобильдік бригада тәулік бойы үздіксіз қызмет көрсетуде. Халық саны мен 103 қызметіне сұраныстың артуына байланысты қосымша 15 бригада құру жоспарланған. Бұл шалғай елді мекендер мен жүктемесі жоғары аумақтарда қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
– Мобильдік бригадалардың жедел жетуі үшін олар заманауи, жайлы және техникалық тұрғыдан толық жабдықталған көліктермен қамтылуы керек. Әсіресе қарт, жүріп-тұруы қиын тұрғындарға және созылмалы сырқаттары бар жандарға жедел жету – уақытпен санаспайтын қажырлы еңбектің нәтижесі. Осыған орай биыл 25 жаңа санитарлық автокөлікке өтінім беріліп, олардың жеткізілуін күтіп отырмыз, — дейді А.Ерболов.
Спикер өз сөзінде жедел жәрдемдегі бұл жаңалық халық сенімін ақтауға бағытталған нақты қадам екенін атап айтты.
— Медициналық көмекке мұқтаж әр тұрғынға уақытылы қолдау көрсету – біздің басты міндетіміз, Гиппократ антына адалдығымыз. «Халыққа жақын қызмет көрсету» қағидатының айқын көрінісі – осы мобильдік топтардың жұмысы екенін атап өткім келеді, — деді ол.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА