Жазда жіті ішек инфекциялары көбейеді
Жаз айлары – түрлі себептерге байланысты жіті ішек инфекцияларының асқынатын уақыты. Себебі адамдар бұл кезде жеміс-жидектер мен көкөністерді көп мөлшерде қолданады. Бұл жағдайға байланысты қазір Атырау өңіріндегі эпидемиологиялық ахуал қандай?
Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Айнагүл Сәрсенғалиеваның айтуынша, аймақта 4 айда жіті ішек инфекцияларының 126 жағдайы тіркелді. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 11 пайызға төмендеген. Десек те сала маманы бұл жіті респираторлық вирустық инфекцияларынан кейінгі кең тараған аурулардың қатарына жататынын атап айтып, дерттің алдын алудың қажеттілігіне тоқталды.
–Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сүйенсек, әлемде балалар арасында 1,7 миллиардқа жуық диарея тіркеліп, олардың ішінде 5 жастан төмен сәбилерде 443 832 өлім жағдайымен аяқталады. Жіті ішек аурулары – вирустармен, әртүрлі шартты-патогенді флорамен туындайтын, асқазан ішек жолдарының зақымдануымен сипатталатын жұқпалы аурулардың үлкен тобын құрайды, — деді Айнагүл Әділқызы.
Жіті ішек жұқпалы аурулардың негізгі белгілері жүрек айну, құсу, сұйық нәжіс және дене қызуының көтерілуімен сипатталады. Барлық өткір ішек жұқпалы аурулардың инкубациялық кезеңі (жасырын кезең) бірдей. Бұл ауруды жұқтырғаннан бастап, алғашқы белгілері білінгенге дейінгі кезең 1 күннен 7 күнге дейін, іш сүзегі кезінде 21 күнді құрайды.
Аталған ауру балалар үшін өте қауіпті – ол адамның арықтауы мен тіпті қайғылы жағдайға да әкеліп соқтыруы мүмкін. Көп жағдайда ағзаның сусындануынан, көп мөлшердегі су мен тұздан айырылуынан туындайды.
Айта кету керек, ауру қоздырғыштары адам ағзасына лас қол, вирустар немесе бактериялармен ластанған су және тағамдар арқылы, жуылмаған жеміс-жидектер мен көкөністер, науқас қолданған заттар арқылы жұғады. Аурудың көрсеткіші жаз-күз айларында көбейеді. Ет, сүт өнімдері, салаттар және крем қосылған өнімдер ішек жұқпаларының өмір сүруіне және көбеюіне қолайлы орта екенін ұмытпаған жөн.
Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ
Сурет: gov.kz