
Жан үшін қан берген батырлар марапатталды
14 маусым – Дүниежүзілік қан доноры күніне орай Атырау қаласында «Теңіз жүрегі» әлеуметтік жобасы аясында дәстүрлі қан тапсыру акциясы үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр.

Статистикаға сүйенсек, Атырауда күніне 100-ге жуық адам донор болады. Ал мереке күні бұл көрсеткіш екі есеге артқан.

– 18 жастан асқан кез келген азамат донор бола алады. Бізде негізінен 35-40 жас аралығындағы донорлар тұрақты түрде қан тапсырады. Бірнеше донор Денсаулық сақтау министрлігінің «Құрметті донор» төсбелгісімен марапатталды. Биыл да екі донор осы төсбелгіге ие болады деп күтіп отырмыз. Оған қол жеткізу үшін 40 рет қан, немесе базалық есеппен 70 рет қан плазмасын тапсыру қажет. Донорлық көмектің барлығы ақысыз әрі ерікті түрде болғаны жөн, – дейді облыстық қан орталығы директорының медицина жөніндегі орынбасары Самат Ғалымұлы.

Ұлттық медицина ассоциациясы атынан қос дәрігер – Майра Мәлекова «Қазақстан Республикасы халқының өмірі мен денсаулығын сақтауға сіңірген абыройлы еңбегі үшін», ал Інжу Қасымова «Мамандығына адалдығы үшін» төсбелгісімен марапатталды.
Мереке қарсаңында 10 донорға арнайы Алғыс хаттар мен сыйлықтар табысталды.
Нұрлыгүл ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ