Жарнама
Медицина

«Жаман ауруды» жеңуге болады

ӘЛЕМ ЕЛДЕРІ ҚАТЕРЛІ ІСІККЕ ҚАРСЫ БАҒДАРЛАМА-ЖОСПАРЛАРЫН ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫП, ТҮРЛІ ҚАДАМДАР ЖАСАП ЖАТҚАНЫМЕН, ҚАУІПТІҢ БЕТІ ҚАЙТАР ЕМЕС. ОНЫҢ ҮСТІНЕ ДЕРТ ЖАС ТАҢДАМАЙТЫН БОЛҒАН. ОСЫ ОРАЙДА БІЗ ОБЛЫСТЫҚ ОНКОЛОГИЯ ДИСПАНСЕРІНІҢ ДИРЕКТОРЫ ЭЛЬМИРА САПАРОВАМЕН СҰХБАТТАСЫП, ҚОҒАМ БАС ҚАТЫРҒАН ТАҚЫРЫПТЫ ТАЛҚЫЛАҒАН ЕДІК.

– Эльмира Карифуллақызы, қатерлі ісік неден, қалай пайда болады?
– Көпке түсінікті болу үшін айтайын, қатерлі ісік дегеніміз, ағзадағы толып тұрған жасушаның біреуі «есінен адасады». Яғни, сол жасушада генетикалық өзгеріс пайда болады. Оның ДНК-сы өзгеріп, обырдың жасушасына айналады. Бірақ, біздегі иммундық жүйе патрульдік полиция секілді тексеріп,
сол өзгерген жасушаны жояды. Лимфажүйенің жасушалары үнемі бөтен жасушаны танып, оларды тазалап отырады. Алайда, иммундық жүйенің кейде «аңғармай қалатыны», өзге нəрсені көрмей қоятыны бар. Міне, сол кезде жаңағы жасуша бөлінеді, тез жайылады, көбейеді, дамиды. Жасуша
өте көп болған кезде қатерлі дерт анықталады. Жалпақ тілмен түсіндірсем, көрініс осындай.
Қатерлі ісік халық түсінігінде «жаман ауру». Көбі осы бір қатерлі ауру табылып қалмай ма деген үреймен дəрігерге көрінуге қорқады. Ағзасындағы сəл өзгерісті көрсетіп, мамандардың қабылдауына бармайды. Сол баяғы қорқыныш, күдік. Бірақ, обыр үкім емес, XXI ғасырда бұл дерт созылмалы ауру қатарынан саналады. Тек дерттің алғашқы кезеңінде дер уақытында асқынудың алдын алып, уақыт оздырмай емделсе, құлан-таза айығуға біздің елде мүмкіндік жоғары.
Рас,соңғы кездері аурушаңдықтың өскені байқалады. Деседе, бір қуантарлығы, республика бойынша жүргізілген диагностиканың арқасында қатерлі ісікті ерте анықтау статистикасы
өскен. Əйелдер арасында сүт безі қатерлі ісігінің дерегі көп тіркелсе, ерлер арасында өкпе обыры жиілеген. Содан кейін ішек, асқазан, жатыр мойны қатерлі ісіктері алдыңғы орында. Қатерлі
ісікті емдегеннен, əрине, алдын алған тиімді. Профилактика үшін арнайы скринингтік зерттеулер бар. Оған да белсенділік керек.

– Бұл ауру тұқым қуалай ма?
– Қатерлі ісікке шалдығу қаупі жоғары саналатын топтар бар. Солардың қатарына тұқымқуалаушылық жатады. Тұқымында не туыстық байланысында сол дертке шалдыққан не көз жұмғандар болса, күдіктенген адам қан талдауын жасатып, қауіптің алдын алуына болады.

Біздің облыста жаман дертке шалдыққандардың саны қанша?
– Статистика бойынша онкология диспансерінде Д есепте 5 мыңға жуық науқас тіркелген. Аурушаңдық көрсеткіші 9 пайызға көбейді.

Аурудың алдын алу үшін нені білуіміз қажет?
– Əр адам өз ағзасының бақылаушысы, тыңдаушысы болуы керек. Бұл өте маңызды. Ағза – тірі.
Ол белгі береді, өзгереді, қарсы əрекет жасайды, күреседі. Міне, осындай кезде саналылық, сауаттылық таныту керек. Өз денсаулығыңыздың қадірін білуге саналы көзқарас қалыптастыру қажет. Содан кейін медициналық қадамдар бар. Мəселен, жатыр мойнының қатерлі
ісіктерімен динамикалық бақылауда тұрмайтын 30-70 жастағы əйелдер 4 жылда 1 рет қаралуы керек. Сүт безінің қатерлі ісіктерімен динамикалық бақылауда тұрмайтын 40-70 жастағы
əйелдер 2 жылда бір рет қаралады. Колоректальды обырды ерте анықтау үшін тоқ ішектің қатерсіз жəне қатерлі ісіктерімен динамикалық бақылауда тұрмайтын 50-70 жастағы ерлер мен
əйелдер 2 жылда бір рет өтуі керек.

– Бұрын қатерлі ісік 40-тан асқан адамдарда кездесетін еді. Қазір жас бала да мұндай дертке шалдығып жатады. Бұл туралы не айтасыз?
– Иə, əлем онкологтары «онкология жасарып барады» деп дабыл қағуда. Елімізде 23 жастағы науқаста жатыр мойнының қатерлі ісігі 4-ші кезеңде анықталды. Бұл – өте жас көрсеткіш. Егде
жаста кездесетін колоректальды ісіктер 30-40-тағы адамдарда анықталады. Бұған себеп көп, факторлар да түрлі. Яғни, тамақтану, өмір салты, гендік мутациялар…

Елімізде бұл дерттен айықтыратын дәрі-дәрмектер бар ма? Ем үшін қажетті дәрілер қайдан жеткізіледі?
– Қатерлі ауру алғашқы сатыда 100% толық емделеді. Оған қажетті дəрі-дəрмек бар, емдеу тактикасы да жақсы ұйымдастырылған. Ал, ауру асқынып, жағдай ушыққан тұста да науқасты
айықтыруға мүмкіндік бар. Оң нəтижесін беретін ем-дом не хирургиялық əдістер қолданылады.

– Өзіңіз басқаратын диспансер базасында операцияның қандай түрлері жасалады?
– Облыстық онкология диспансерінде күрделі де бірегей оталар жасалады. Былтырғымен салыстырғанда отаның саны артқан. Оны жасайтын – жергілікті онкохирургтар, онкологтар. Мысалы,
өткен жылы бір науқастан 15 кг-дық ісік алынды, 82 жастағы кейуананың жыныс жолынан жатыр 21 см-ге дейін түсіп, несеп-нəжіс шығаруын əбден қиындатқан. Тез арада тексеру жүргізіліп, ота жасалды. Жатыр жəне қосалқы мүшелер толық алынып тасталды. Қынаптың ішінен қуық, тоқ
ішек қабырғасы табылды, ал пайда болған жарадан онкологиялық процесс анықталды. Осындай өте ауыр жағдайда жасалатын 5-6 сағатқа созылатын қиын оталар болады.

Материалдық жағдайларыңыз қалай? Ауыр халдегі науқастарды емдеуге қажетті өнімдер табыла ма?
– Біздің осал тұсымыз – ғимарат жағдайы. Диспансердің ескі, тозығы жеткен ахуалы бəріне белгілі. Бірақ, бұл сұрақ қозғалды, радиология корпусы құрылысының қаржылық сметалық құжаттары жасақталды. Онкоқызметте түйткілді мəселелерді шешуге барымызды саламыз. Маман
тапшылығын болдырмаудың да тетіктері қарастырылды. Мысалы, аудандарға баратын жас мамандарға 5 млн. теңге, қалада жұмыс істейтіндерге 3 млн. теңге көтермеақы төленеді. Онкологиялық науқастар МƏМС шеңберінде толық тегін емделеді, скринингтік бақылаулар
да МƏМС жүйесі бойынша тегін жүргізіледі. Дəрі-дəрмек тағайындалу тəртібі бойынша жеткізіледі. Тек тапсырыстың кешігуіне байланысты сұрақтар туындайды. Мұндай жағдайда алмастыратын препараттар ұсынылады.

– Бүгінде ел экономикасын инновацияға бейімдеу жайы жиі айтылады. Сіз, маман ретінде, медицина секторының инновацияға бағыт алуын қалай бағалайсыз?
– Жалпы онкологиялық ауруларды ерте анықтау, диагноз қою, сондай-ақ қатерлі ісігі бар науқастарға заманауи үлгідегі медициналық көмек көрсету деңгейі жақсарды. Бұл жетістік
мемлекетіміздің медицина саласына жіті назар аударуы жəне дамыған елдермен тəжірибе алмасуға кең жол ашуының нəтижесі деп білемін. Мəселен, мамандардан кеңес алу жəне амбулаториялық жағдайда қатерлі ісікке күдікті пациенттерді тексеру «жасыл дəліз» бойынша – жалпы кезектілік пен
шектеулерден тыс, он сегіз жұмыс күні ішінде жүргізіледі. Онкологияға күдік болған жағдайда
МРТ жəне КТ тегін жүргізіледі. Осы жəне басқа да тексерулерге жолдаманы пациент тіркелген емханадан алуы қажет. Диагноз қою мақсатында қатерлі ісіктерге күдікті пациенттерді тереңдетілген
тексеру – онкологиялық диспансерге жүгінген сəттен бастап он бес жұмыс күні ішінде, емдеу тактикасын нақтылау жəне терапияны дербестендіру мақсатында – отыз жұмыс күні ішінде жүргізіледі. «Жасыл дəліз» – «жаман аурудың» «жайылып кетпеуін» қадағалайтын тəсіл. Бұл да бір инновациялық қадам деуге болады. Онкологиялық ауруларды емдеу хирургиялық, имиотерапиялық жəне радиологиялық бағытта жүзеге асады. Ем кешенді жүргізіледі. Хирургиялық оталардың да
түрлері, тəсілдері жетілдірілген. Қазір заманауи молекулярлық-генетикалық, иммуногистохимиялық зерттеулер, таргеттік терапия, минималды инвазивті, лапороскопиялық, ағзаны сақтайтын операциялар қолданылады. Химиопрепараттар да халықаралық стандарттарға негізделген.

– Онкологиялық аурулардың көбейіп бара жатқаны рас. Басшы, әрі облыстық мәслихаттың депутаты ретінде осындай мәселелерді шешуде қандай жұмыстарды қолға алып жатырсыз?
– Мен еңбек жолымды Атырау облыстық онкологиялық диспансерінде қатардағы дəрігерден бастаған адаммын. Онкоқызметті дамыту саласында 20 жылдық тəжірибем бар. Бұл саланың, жалпы жергілікті денсаулық сақтау ісінің құрылымын білемін. Енгізілген жаңашылдықтарды, емдеу саласындағы ілкімді істерді, озық тəжірибені меңгерген кəсіби, білікті дəрігерлердің талпынысын бағамдай аламын. Сондай-ақ өткір мəселелердің, өзекті сұрақтардың қордаланғанын да жақсы білемін. Мəселен, мүгедектікті тағайындау. Бұл мəселе – науқастардың, қамкөңіл жақын
жандарының жанайқайы. Белгілі бір уақыт сайын олар мүгедектігін растауға мəжбүр. Немесе туабітті кінəраты бар балаларға өмір бойы мүгедектік тағайындауды қарайық. Ерекше баласы бар екенін ата-аналар неге бірнеше рет дəлелдеуі керек?!
Сонымен қатар, онкологиялық ауруға шалдыққан науқастың тиісті емі аяқталған соң, оның белгілі бір санаттағы мүгедектігі алынып тасталады. Бұл – алдағы уақытта протез немесе тиісті қолжетімді көмекті алуға кедергі. Одан бөлек, қатерлі ісіктің алдын алу қызметін нығайту, бұл – күн тəртібінен түспейтін тақырып.
Емдеу мекемелерінің тозығы жеткен ғимараттарын жаңарту да күйіп тұрған мəселе. Яғни, медициналық нысандар құрылысын салу сұрақтарын шешу, оның ішінде Атырау облыстық онкология диспансерінің ахуалы сіздерге жақсы таныс. Жасыратыны жоқ, аймақта маман
тапшылығы айқын сезіледі. Оны шешуге бағытталған жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. Өзге өңірлерден жұмыс істеуге келетін мамандардың əлеуметтік жағдайына ерекше маңыз беріледі.
Мысалы, ауыл-аймаққа баратын медицина мамандарына көтермелеу жəрдемақылары бар да, ал қалаға тарту үшін мұндай көмек берілмейді. Міне, осы мəселелер көптің көкейінде жүр. Менің мамандығымның миссиясы да – жақсылық жасау, халық саулығын сақтау, науқастың жанына араша болу, сапалы өмір сүруіне қалтқысыз қызмет ету. Осы тұрғыда көтерілген мəселелер мінберлерде жиі айтылып, оның шешілуі жіті қадағалануы тиіс. Депутат мандаты – менің қызметімнің нəтижелі болуына сенім, мен үшін зор мəртебе. Бас дəрігер ретінде ұсына алмаған мəселелерді депутат ретінде шешкім келеді.

ӘРИНЕ, ӘР АДАМ КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ ҚҰҚЫНА СӘЙКЕС МАМАНДЫҒЫ НЕМЕСЕ ЛАУАЗЫМЫНА ҚАРАМАЙ ДЕПУТАТ БОЛА АЛАДЫ. ӨЗІНІҢ САЛАСЫНДАҒЫ ТҮЙТКІЛДІ МӘСЕЛЕНІҢ АНЫҚ-ҚАНЫҒЫН ЖЕТІК БІЛГЕН СОҢ, ОНЫҢ ТАЛҚЫЛАНУЫНА, ШЕШІЛУІНЕ АТСАЛЫСҚАНЫ АБЗАЛ. МЕН ДЕ ӨЗ КҮШІМДІ ОСЫ РОЛЬДЕ СЫНАҒЫМ КЕЛДІ. БӘРІН УАҚЫТ КӨРСЕТЕДІ.

Сұхбаттасқан
Рита ӨТЕУҒАЛИ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button