Жарнама
Медицина

«ЖҮРЕКТІ ЕМДЕУГЕ ДЕ ЖҮРЕКТІЛІК КЕРЕК»

 

 Гүлжан Тұрғанова дәрігерлік мамандықты тектен-тек таңдамапты. Ол мұнайлы Мақат ауданының Байшонас поселкесінде кіндік қаны тамып, осындағы орта мектепті үздік бітірген соң Шымкент мемлекеттік медицина институтының емдеу факультетіне оқуға түседі. Аталмыш оқу орнын 2000 жылы бітірген Гүлжан алғашқы дәрігерлік еңбек жолын облыстық ауруханада бастайды. Осында үш жылдай жансақтау бөлімінде кардиолог-дәрігер болып жұмыс істейді. Бұдан әрі облыстық кардиохирургия орталығына қызметке ауысады.

Гүлжанның айтуынша, әлем халықтарын алаңдатқан дерт – жүрек-қан тамырлары ауруы көрінеді. Бұл дерттен Атырау халқы да шет қалып отырған жоқ. Өңірде үш адамның біреуі осы жүрек сырқатына шалдыққан. Өйткені, өз денсаулығына атүсті қарайтын адамдар барған сайын көбейе түсуде. Әсіресе, қан қысымының көтерілуі салдарынан жүрек талмасы, миокард, көз, т.б. ағзалардың аурулары белең алып барады. Дер кезінде емделмеген жүрек талмасы, қант диабеті, семіздік, дұрыс тамақтанбау, аз қозғалыс, арақ ішу, шылым шегу секілді зиянды әдеттер – жүрек-қан тамырлары дертіне шалдығуға  бірден-бір себепші болатын  факторлар,- дейді ол.

Аталмыш кардиохирургия орталығында болған кезімізде  Гүлжан Нұрбайқызы туралы   емделушілердің  ризашылық көңілдерінің   куәсі болған едік.

Расында да, көптің құрметтісі атанған кардиолог-дәрігер  ауруханаға түскен науқастарды барынша ілтипатпен қарап, ем беруге тырысады. Кімді болса да туысындай жайдары қарсы алады. Содан да емделушілердің көпшілігі  оған қаралып, ем алуға ықыласты. Өйткені, ол – жүрек сырқатының білікті маманы. Әлденеше рет Ресей, Украина, Израиль, Литва сияқты медицинасы дамыған мемлекеттерде арнайы курстардан өтіп, тәжірибе жинақтаған жоғары санатты кардиолог-дәрігер.

— Аурухананың бас дәрігері, есімі алыс-жақын шетелдерге белгілі медицина ғылымының докторы, «Алтын дәрігер» иегері, кардиолог-оташы  Марат Қонысов, кардиология бөлімінің меңгерушісі Светлана Абросимова, кардиолог-дәрігерлер Марина Тасқарина, Ардақ Сұлтанова, Жанна Балгереева, Ғани Ермекова сынды  әріптестеріммен бір мақсатта еңбек етіп жүргенімді  мақтаныш етемін. Олардың  қай-қайсысы да – біліміне білігі сай мамандар, — дейді Гүлжан.

Айтса айтқандай, жүрекке жан бітіру оңай емес, оған жүректілік керек. Осы орайда жүзінен шуақ, жүрегінен мейірім төгіліп жүретін Тұрғанова Гүлжан Нұрбайқызы алдына келген науқасты дәрімен емес, жан жылуымен, яғни, жүрегімен емдейтіндей көрінеді бізге.

 Ғ.Исаев.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button