ЖҰҚПАЛЫ ДЕРТ ЖЕҢІЛЕР…

өйткені, жайлы да, сайлы аурухана ғимараты салынып бітуге жақын

«Әліптің аяғын күт» деген қанатты сөз жетегінде біз бұл мәселені бірнеше ай бойы кейінге қалдырдық. Денсаулық сақтау басқармасы басшысының үстіміздегі жылдың сәуір айында берген хатында 180 төсектік жаңа жұқпалы аурулар ауруханасының құрылысы 2011 жылы басталып, 2014 жылы бітуге тиісті екендігі, жұмыс қарқыны жақсы жүріп жатқандығы, ғимаратты үстіміздегі жылдың шілдесінде тапсыру жоспарланып отырғандығы туралы айтылған. Жұқпалы аурухананың ішкі жағдайын, балаларын бауырларына қысып, бар үміттерін дәрігерлерден ғана күткен аналардың шарасыз жүздерін көзбен көріп, жанымызбен сезінгесін бұл жаңалыққа қуана қарап, «жақсы болды-ау» дестік. Бірақ, аурухана шілдеде тапсырылған жоқ, келісім-шарт бойынша 2014 жылдың наурызында тапсырылады деп күтілуде.

 

Бір кездері типтік балабақша болған ғимарат 1996 жылы Атырау облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына беріліп, бейімделген инфекциялық ауруханаға айналып, содан бері үзбестен жұмыс жасап келеді. 180 орындық бұл аурухананың 140 төсегі балаларға, ал 40 төсегі үлкендерге арналған. 170 медициналық қызметкер күні-түні демей науқастарға қызмет көрсетуді өздерінің төл міндеттері санайды. Аурухананың өзіндік ішкі тәртібі бар. Балалар бөлімінде бес жасқа дейінгі балалар ата-аналарынсыз, одан кішілер ата-аналарымен жатуға құқылы. «Аурудың жақсысы жоқ. Қай жерің ауырса, жаның сол жерде» деп жатамыз ғой. Дегенмен, шарасыз сәбидің жан қиналысын көру кім-кімге болса да оңай тимесі анық. Аядай бөлмеге алты кереует қойылған. Оның екеуі бір-біріне тақалып орналастырылғандықтан, оларда жатқан екі бала біріне бірі қарап күркілдейді келіп. Қылғынып тұншығып қалудың сәл алдындағы сәбилердің аунап-аунап, бір орынға тығылып алатынын қайтерсіз. Үстіне сонау кеңес заманынан таныс сары кленка төселіп, ең арзан, аяққа тартса басқа, басқа тартса аяққа жетпейтін жаймалармен қабатталған төсек, мақтасы домаланып, әр жерге түйіліп қалған жамылғы көрпе, аяқ басқан сайын сықыр-сықыр етіп «ойбайлаған» еден, ескірген жиһаздар, онсыз да жаның мұрныңның ұшына тіреліп жүрген көңіліңді одан әрі жаншып, еңсеңді езеді.
– Менің тоғыз айлық баламмен жат- қаныма бүгін төртінші күн. Жаман емеспіз. Дәрігерлер қолдан келгендерінің барлығын жасап жатыр. Оларға еш өкпем жоқ. Бірақ, мынандай жағдайда сәбиім басқа инфекция жұқтырып ала ма деп қорқамын. Бұл кішкентайлардың бір-бірінен жұқтырып, ауру үстіне ауру жамамайтындықтарына ешкім кепілдік бере алмайды. Сол себепті де кішкене лекерге келсе, мұндағылар тез шығып кетудің қамын жасайды, – дейді өзін Гүлбану деп таныстырған жас ана.
– Меніңше, палатаның іші тұнып тұрған инфекция. Кішкентайыммен бірге өзім де ауырып тұрмын. Инновациясы дамыған бүгінгідей кезде, оның үстіне талай ірі-ірі шетелдік мұнай компаниялары жұмыс жасап жатқан Атыраудай мұнайлы өлкеде осындай балалар ауруханасы бар екендігін тек басына іс түсіп, ішіне енген кісі ғана біледі. «Бар жақсылық – балаларға» деп жатады. Жаңа шағын аудандардың бірінен жаңа аурухана салынып жатыр деп естідік. Бала болғасын ауырмай тұра ма, сол ауруханаға қол жетсе, анаға да, балаға да өте жақсы болар еді, – дейді Бақтыгүл деген жас келіншек.
Бұл – аналардың жанайқайы. Бір артығы жоқ. Оны көзбен көрдік. Рас, дәрігерлерге кінә тағудан аулақпыз. Медбикелердің әр баланы бауырына тартып, алдап-сулап, мейлінше көп жыламауын қалап, жан ұшырып жүргендерін көріп, «шүкір» дестік. Мынандай жағдайда ішінара болса да кездесіп жүргеніндей беттен алып, жүзінен ызғар шашқан қызметкерлер болса қайтер едік.
Аталған аурухана бас дәрігерінің орынбасары Альмира Сабырғалиева: «Бұл аурухананың «жыры» басталғалы талай жыл өтті. Рас, типтік аурухана болмағаннан кейін орын алып отырған сәйкессіздіктер кездеседі. Бұл мәселе талай құзырлы жерлерде көтерілсе де, ұзақ жылдар бойы шешімін таппай келді. Енді жаңа ғимарат салынып бітуге таяу. Бұл біздің жұмысымыздың тиімділігін арттырып, науқастардың талапқа сай ем алуларына мүмкіндік туғызады деп ойлаймын» деді бізбен әңгімесінде.
Жақсыны көрмек ниетте жаңа ғимарат салынып жатқан «Жерұйық» шағынауданына келдік. Ұзындығы 270 метрді алып жатқан, жалпы көлемі 13 мың 194 шаршы метр болатын қазіргі заманның қызыл кірпішімен қапталған әсем ғимарат көздің жауын алады. NCРОС компаниясының демеушілігімен салынып жатқан бұл құрылыс жұмысының бас мердігері «Атырауавтоспецстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі екен. Бүгінгі күні сыртқы жұмыстары бітіп, ішкі және сыртқы абаттандыру жұмыстары жүруде.
Аталған серіктестік директоры Қадіржан Ғаббасов: «Жаңа типті, қазіргі заман талабына сай келетін бұл аурухана негізгі жеті блоктан тұрады. Қосымша блоктары да бар. Жылу тартылуда. Әртүрлі қажеттіліктерге арналған тоғыз лифт жұмыс жасайтын болады. Аурулар жататын бөлмелердің барлығы да санитарлық талапқа сай, барлық қажеттіліктермен қамтылған. Науқастар бір-біріне еш кедергі келтірмей, бөлек палаталарда еркін ем ала алады. «Атыраупромвентиляция», «Тілеужан-құрылыс», «Альянс-ск» сияқты жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер үлкен жауапкершілікпен, ортақ істің уақытында, әрі сапалы бітуі үшін еңбек етіп келеді. Облыстық әкімдік басшылары өздері келіп, үнемі көңіл бөліп, жұмыс сапасының талапқа сай жүргізілуін қадағалап отыр. Бұйырса, бұл аурухана ғимараты аса қажетті, халыққа мүлтіксіз қызмет ететін орын болады деп сенеміз», – деп өз ойын ортаға салды.
Бұл аурухананың құрылысы сонау 2006 жылы басталып, 2011 жылға дейін белгілі бір себептермен тоқтап қалған. Мамандардың айтуынша, араға бірнеше жыл салып, қайта жанданған бұл құрылыс жұмысына жасалған келісім-шартта технологиялық және медициналық қондырғыларды алу да бар. Ресей, АҚШ, Германия, Швейцария, Жапония елдерінен шығатын құрал-жабдықтарға сұраныс беріліпті.
Көзбен көріп, құлақпен естігендей, жаңа ғимараттың есігін ашар уақыт та қашық емес. «Біткен іске сыншы көп» дегендей, кәсіби медицина мамандарының арасында қазір әр қилы пікірлер қалыптасқан. Біреулері инфекциялық аурулардың бұрынғыдай көп еместігін, сол себепті мынандай үлкен ғимаратты тек бір бағытта ұстамай, көп профильді қалалық ауруханаға айналдыру керектігі жөнінде айтады. Медициналық қызметке ақы төлеу комитетінің Атырау облысы бойынша департамент директоры Балкенже Барсаева: «Бүгінгі таңда 180 орынды толтыратын жұқпалы аурулар жоқ. Сондықтан, қалалық аурухана болып, оның жанынан жұқпалы аурулар бөлімдерін ашуға әбден болады деп ойлаймын» дейді.
Не десе де, бұл – кәнігі мамандардың пікірлері. Бұл мәселенің қалай шешілетіні құзырлы орындардың еншісінде. Ең бастысы – ендігі жерде ана мен баланың қажетті ем-домдарын алатын мүмкіндіктерінің молдығы. Біз осыған қуандық.

Ағиба МҰСТАЖАПҚЫЗЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз