Уланудан сақтаныңыз!
Мереке күндері тамақтан уланудың алдын алу мақсатында білім беру ұйымдары алдын ала тексеріледі. Осы орайда ата-аналардың ұйымдастыруымен сыныпқа әртүрлі тамақтарды әкеліп, мейрамды атап өтуге тыйым салынады. Бұл туралы облыстық қоғамық денсаулық сақтау департаменті өкілдерінің қатысуымен Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.
– Тамақтан улану деректерінің алдын алу мақсатында біздің департамент қызметкерлері білім беру ұйымдарында семинарлар өткізуді қолға алуда. Сондай-ақ, түрлі мекемелер жаңажылдық мерекелік кештерді ұйымдастыруда да сақтық шараларына баса мән беруі маңызды. Осы тұста кафе, асхана, мейрамханалар өз қоймаларында тамақты шамадан тыс көп мөлшерде сақтау немесе мерзімі өткен тағамдарды пайдалануға аса сақтықпен қарағаны жөн. Мұндай олқылықтарға жол беруге болмайды. Сондықтан, олардың тамақ сақтау талаптары барлық санитарлық ережелерге сәйкес болуы шарт, — деді аталған департаменттің басшысы Темірбек Мұсағалиев.
Сондай-ақ, брифингте тұрғындар арасында профилактикалық екпелерден бас тарту мәселелері туралы айтылды. «Аталған жағдай алдағы уақытта халық арасында полиомиелит, қызамық, қызылша, сіреспе, қырылдауық, балалар арасында В вирустық гепатит, эпидемиялық паротит сияқты жұқпалы ауруларды қабылдауға бейім адамдардың көбеюіне және аурулардың бұрқ ете түсуіне әкелуі мүмкін. Соңғы 2 жылда облыста 883 профилактикалық екпелерден бас тарту фактісі тіркелді. Оның ішінде былтыр 484 және биыл 399 жағдай орын алды. Екпеден бас тартудың себептерінің 70 пайызы – діни көзқарастан, 30 пайызы жеке түсініктен болып отыр» деді департамент басшысының орынбасары Ерболат Уайсов.
Гүлдана ЖАМБОЗОВА