1.БӨЛМЕДЕГІ БАКТЕРИЯЛАР
Шіркін, «өз үйім, кең сарайлы боз үйім»! Иә, біреудің үйінде ішкен ас та, басқасы да сол жерде қалады. Ал, өз үйің – өлең төсегің. Бірақ, сол үйдің іші денсаулығыңызға қаншалықты қауіпсіз? Соны ойлап көрдіңіз бе?
Таза тыныс
Пәтер бола ма, әлде жеке сектор бола ма, бәрі де адамның алаңсыз өмір сүруіне қолайлы болуы керек. Бұл бағытта біз үйдің сәні мен сәулетіне мән береміз де, ондағы тазалыққа аса көңіл бөлмей жатамыз. Тазалық дегеніміз дүние мен мүліктің тиянақты жиналып тұрғаны деп ойласаңыз, қателескеніңіз. Үйдің әр бөлмесі мен бұрышы шаң-тозаңнан тұрақты тазартылып тұрса, тазалық дегеніңіз – сол. Бұлай болмаған жағдайда денсаулығыңызға зор қауіп төніп тұр дей беріңіз.
Солардың бірі – шаң кенесі. Аты айтып тұрғандай, бұл – ағзаның аллергиясын қоздыратын ең көп таралған бактерия. Оны сіз әр тыныстаған сайын оттегімен бірге жұтып отырасыз. Көп жағдайда мұндай кене демікпе ауруын туғызып жатады. Британдық ғалымдардың зерттеу нәтижесі көрсеткендей, астмамен ауыратындардың 65 пайызына шаң кенесінің кесірі тиеді екен. Ал, бұл бактериялар пәтерлерде жиі кездеседі.
Ендеше, ауадағы микроб үлесін азайтуға бола ма? Бұл бағытта Дания елінің ғалымдары арнайы зерттеу жүргізіпті. Олар шаң тозаңындағы аллергендерді анықтаған. Алдымен, демікпемен ауыратын отыз адамның үйіне инспекциялық талдау жүргізілді. Нәтижесінде, олар жатқан кереуеттегі 1 грамм шаңнан 110 кене табылды. Мұны ғалымдар емес, басқа біреу айтса ешкім сенбес еді. Қалай болғанда да, жүзден аса кене дегеніңіз – қауіпсіз мөлшерден тыс тым жоғары.
Осыдан соң зерттеуге қатысқан адамдардар жаңа пәтерге ауыстырылды. Онда арнайы механикалық желдеткіштер қойылды. Ақыры, кенелердің күрт азайып кетті. Сөйтіп, 110-нан 20-ға төмендеді. Сонымен, бұдан не түюге болады? Демек, пәтерді аракідік желдетіп отыру керек. Бұл ретте, ескере кететін жағдай, ауа ылғалдандырғышты қолданбау қажет. Өйткені, ауаның шамадан тыс дымқыл тартуы да денсаулыққа зиян.
Жуамын деп уланып қалмаңыз…
Осы орайда, «түрлі тазартқыш құралдар мен кір жуғыш заттар бар ғой, бактерияларды солардың күшімен жоюға болады емес пе?» деген ой туады. Ал, одан пайда емес, керісінше, зиян келетінін білесіз бе? Американдық ғалымдар бұл бағытта метаанализ жүргізді. Сөйтіп, тұрмыстық химия құрамын тексеріп шықты. Күтілгендей, химикаттардың саны шекті көлемнен көп болып шықты. Ең көбірек кездесетіні – фталат, бұл еріткіш құрал ретінде жиі қолданылады. Оның құрамында ер адамның гормональдық жүйесін бұзатын заттар бар. Сондықтан, өте қауіпті болып есептеледі. Ендеше, әрбір тұрмыстық химия құралын қолданар кезде құрамымен танысып алған артық етпейді.
Мәселен, сіз үйдің бір бұрышын қолыңызға түсе қойған кез келген жуғыз затпен тазалап шықтыңыз делік. Ол жерде сол химиялық заттың ізі қалады. Кейін, кішкентай балалар барып онда ойнауы мүмкін. Нәтижесінде, дамуында тежеліс пайда болса, таң қалмаңыз! Себебі, химикаттар адам ағзасының иммунитеттік күшін жояды, тіпті, түрлі ісік ауруына шалдықтыруы да ғажап емес. Міне, сондықтан да экологиялық тұрғыда қауіпсіз заттарды ғана пайдаланған жөн.
Хош иісті шырақтар
Жағымды иіс бөлетін шырақтарды жиі қолдансыз ба? Мұнымен де көп әуестенбеген абзал. Ондай шырақтарда денсаулыққа зиян қорғасын бар екенін біреу білсе, біреу білмес. Ол шамадан тыс ұзақ жанатын болса, ауаға улы заттар таралады. Атап айтқанда, түрлі токсиндік газ бен бензол бөлінуі әбден мүмкін.
Қарапайым жарық жоқ кезде жағылатын шырақшаларды да жиі қолданбаған жөн. Бұлардың дерматит, астма, онкология және басқа да ауруларды асқындырып жіберу ықтималдығы зор. Ал, жүкті кезінде ароматты түтінмен тыныстаған әйелдердің балалары генетикалық мутацияға ұшырау қаупі бар. Олай болса, ароматерапияның да шегін белгілеу керек деген сөз. Оны тек сенімді сауда орындарынан ғана сатып алған дұрыс. Мәселен, эфирлік майлар қосылған табиғи шырақтар анағұрлым қауіпсіз.
2.ЖҰТАР АУАМЫЗ ЖҰПАР МА?
Жалпы, бөлмеде өсімдік өсірген өте дұрыс. Бұл ауа құрамын оттегімен толтыруға септеседі. Әрі көздің жауын алып, ерекше әсерге бөлейді, шабыттандырып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды.
Өсімдік өсіру де – ретімен…
Гүл өсірушілер арасында кеңінен танымал «алоэ» өсімдігі емге өте пайдалы деп жатады. Оның нәрін сығып алып, халықтық медицинада қолданады. Осылайша, тұмау, салқын тию мен тері ауруларынан жазылуға болады деген сенім бар.
Ал, бұл тұрғыда ғылым не дейді? Ғалымдар бұл ем бәріне бірдей жаға береді деп санамайды. Олардың айтуынша, аталған өсімдіктің жапырақтары ауаға мөлшерден тыс токсиндер бөледі. Демек, денсаулыққа зиян. Бұл, тіпті, диареяға әкеліп соқтыруы да әбден мүмкін. Бұдан бөлек, үйде алоэ өсіретіндер гипокалиемия, яғни, калий тапышлығына тап болып жатады. Бұл да кездейсоқтық емес, әрине. Бұлшық еттер мен жүректің жұмысына кедергі келтіретін де осы токсиндер. Тағы біреулердің бүйрегі ауырғаны анықталған.
Улы олеандр
Зерттеушілер атжалманды алып, шағын сынақ өткізген екен. Сөйтіп, алоэның тұтас бір жапырағы канцерогенге толы болып шыққан. Бұл не деген сөз? Яғни, бұл өсімдіктің қасында көп уақыт өткізетін адам аллергиялық реакция негізінде созылмалы ауруға шалдығуы ғажап емес. Сондықтан өсімдіктерді емдік мақсатта қолданар алдында дәрігерлермен кеңесіп алған дұрыс болар.
Ал, үйдің ішінде мүлде өсіруге болмайтындары да бар екенін білесіз бе? Бұлардың қатарына олеандр өсімдігін жатқызуға болады. Ол өте улы болып саналады. Оның жапырағын ешкім жей қоймас, бірақ кескен кезде немесе басқа гүлзарға отырғызғанда сақ болу керек. Ондай жағдайда міндетті түрде қолды жуу қажет. Әйтпесе, уалнып қалу қауіп жоғары. Ондайда жүрек соғысы баяулап, адам өліп те кетеді. Сайып келгенде, дертке дауа деп гүлдің кез келген элементін бей-берекетсіз қолдана беруге болмайды.
Зеңнің де зияны көп
Сақтануға тұрарлық тағы бір үй «тұрғыны», бұл – зең немесе зай (орысша: плесень). Ол әрбір үйде бар. Сондықтан бұл – күнделікті көріністердің бірі. Ал, егер мөлшерден тыс көбейіп кетсе, денсаулыққа қауіп төндіреді. Әсіресе, зеңге аллергиясы барларға барынша сақ болған жөн. Олардың көздері қызарып, мұрындары қышиды, тамақтары ауырып, жөтеле береді. Бірақ, бәрінен бұрын өкпеге қауіп көп. Мұны «темекі тартатындар ауруымен» де теңестіруге болады. Сөйтіп, ағзаға инфекция таралады.
Сонымен бірге, астмамен ауыратын балаларға да зеңнің зияны көп. Олардың аяқ астынан тыныс алуы жиілеп, өкпесі қысылып шыға келеді. Ондайда тексерістің қорытындысын күтпей, ем-дом шараларын шұғыл бастап кеткен дұрыс.
Ендеше, қауптің алдын алуға бола ма? Мамандардың пікірінше, зең көп жиналатын жуыну бөлмесінд, кіржуғыш машинасын, раковина мен желдеткішті апта сайын тазалап тұру қажет. Екіншіден, ауаның ылғалдылығын сақтап, 50 пайыздан асырмаған абзал. Үшіншіден, барлық бөлмелерді желдетіп отырған артық етпейді.
P.S.
Иә, «туған үйдің түтіні де жылы» демей ме? Әр жанның жеке баспанасы болғанға ештеңе жетпейді. Ал, саламатты ұрпақ қалыптасқанын қаласақ, сол төрт қабырға ішін таза ұстауға ұмтылайық.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ