Жарнама
Медицина

Тұрғындар неге шағымданады?

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгенінен бері халықтың медицинаға деген сұранысы ғана емес, оған қоятын талабы да айтарлықтай өсті. Бірнеше жыл зерттеліп, сарапшылар сүзгісінен өткен бұл жүйе бүгінде қазақстандықтардың денсаулығын қорғауда маңызды рөл атқарып отыр. Ал оның Атырау облысындағы жүзеге асырылу барысы, тиімділігі және тұрғындарға беретін мүмкіндіктері жайлы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Атырау облысы бойынша филиалының директоры Ғаниет Сәлімғалимен әңгімелестік.

7e889649 816c 4c96 9740 403ae8990ef3

«Медициналық шығындардан қорғайды»

– Ғаниет Нұрымұлы, МӘМС жүйесіне қатысты қоғамда әртүрлі пікірлер айтылады. Жалпы бұл жүйе халыққа қаншалықты тиімді болды?

– Иә, жүйе енгізілген сәттен бастап түрлі пікірлер айтылды. Дегенмен МӘМС – еліміздің денсаулық сақтау саласындағы ауқымды әрі маңызды реформа. Оның басты мақсаты – жұртшылықты көптеген медициналық шығындардан қорғау. Бұған дейін көптеген жоғары технологиялық қызметтерге, күрделі зерттеулер мен кейбір операцияларға қаражатты тұрғындар өз қалтасынан төлеуге мәжбүр болатын. Ал бүгінде бұл қызметтер МӘМС есебінен тегін көрсетіледі.

Жалпы алғанда, әлемде медициналық сақтандырудың мінсіз моделі жоқ. Әр ел бұл жүйені өзінің жағдайына, халықтың сұранысы мен қажеттілігіне қарай бейімдейді. Көптеген елде жаңа модель алғашқыда тиімділігін көрсетпеген. Олар өз жүйелерін мезгіл-мезгілімен қолданыстағы талаптарға сай жетілдіріп отырады.

Аталған жүйе арқылы бүгінде көптеген қызмет түрлері, мәселен жоғары технологиялық-медициналық көмек, зертханалық талдаулар, кеңестер қосымша төлемсіз қолжетімді болып отыр. 2019 жылы елімізде денсаулық сақтау саласын қаржыландыру көлемі 1 трлн. теңге болса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 2,9 трлн. теңгеге жетті. 

– Қаражат нақты қайда бағытталады?

– Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жұмыс берушілер мен қызметкерлерден, мемлекеттен МӘМС жүйесі аясында түсетін барлық қаржыларды жинақтайды. Жиналған қаржыны халыққа медициналық көмек көрсететін медициналық ұйымдарға жібереді. Яғни, қорға түскен барлық қаражат тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі (ТМККК) және МӘМС пакеті аясындағы қызметтер үшін медициналық ұйымдарға аударылады. Қаржыландыру жоспарланғанда халық саны, аурушаңдық деңгейі, қызметтерге сұраныс және басқа да факторлар есепке алынады.

Осы жылы Атырау облысының денсаулық сақтау саласының жалпы бюджеті 77,4 млрд. теңгені құрады. Оның ішінде 37 млрд. теңге – МӘМС, 40,4 млрд. теңге – ТМККК аясында бөлінген. Салыстыратын болсақ, 2019 жылы Атырау өңірінде 63 медициналық ұйым қызмет көрсетіп, өңірдің сатып алу жоспары 27 млрд. теңге болса, 2025 жылы 79 медициналық ұйым қызмет көрсетіп, қаржыландыру көлемі 77 млрд теңгеге дейін өсті. Бұл – 185%-ға өсім. 

– Қай қызмет түрлеріне көп қаржы жұмсалады?

– Негізгі шығын стационарлық медициналық көмекке бағытталады. Сонымен қатар күрделі диагностикалар, бейінді мамандардың кеңестері мен зертханалық талдаулар жоғары сұранысқа ие. Еліміз бойынша соңғы жылдарда КТ/МРТ-ға тексеру сеанстары 6 есе өскен. Жоғары технологиялық медициналық көмектің көлемі 3,5 есеге көбейген. Өткен жылы облыста 6 миллионнан астам консультациялық-диагностикалық қызмет көрсетілді.

Жоғары технологиялық медициналық қызметтерге ерекше мән беріліп отыр. Бір операцияның құны бірнеше миллион теңгеге жетуі мүмкін. Мысалы, былтыр Атырау облысында 362-ге жуық жоғары технологиялық қызмет көрсетілді. Сондай-ақ кардиохирургиялық және нейрохирургиялық операцияларға, медициналық оңалту қызметтеріне де қомақты қаражат бөлінуде.

Биыл облыста медициналық оңалту үшін 1,7 млрд. теңге қарастырылған. Бұл – 2020 жылмен салыстырғанда 4,6 есе артық. Бұл жай ғана сандар емес, олардың артында күрделі диагноздар, ауыр жағдайлар, көмек алған нақты адамдар тұр.  

«Ата-ана болу бақытына ие болды»

– Экстракорпоралдық ұрықтандыру қызметі үшін квота бөлу мәселесі жайлы айтып өтсеңіз.

– «Аңсаған сәби» бағдарламасы – бедеулік мәселесін шешуге және отбасылардың бала сүю арманын орындауға бағытталған әлеуметтік маңызы зор жоба. Ол мыңдаған ерлі-зайыптыға медициналық көмек алып, ата-ана болу бақытына қол жеткізуге мүмкіндік берді. Бағдарламаның экстракорпоралдық ұрықтандыру қызметі бұрын қаржысы бар адамдарға ғана қолжетімді болса, қазір мемлекеттік қолдаумен тегін көрсетілуде. Бұл демографиялық өсімге, отбасы институтын нығайтуға және халықтың өмір сапасын арттыруға елеулі үлес қоспақ.

Озық бағдарламаның аясында рес-публика бойынша 20 мыңнан астам әйелге экстракорпоралдық ұрықтандыру (ЭКҰ) қызметі көрсетілді. Биыл Атырау облысы тұрғындарына ЭКҰ қызметі үшін барлығы 231 квота қарастырылған. Оның ішінде  «Экомед – Атырау» клиникасына 120 квота беріліп, оған 147 млн. теңге бөлінген. Бүгінде бұл квотаның 77,5%-ы игерілді. Қалған 111 квота облыс тұрғындарына Астана және Алматы қалаларындағы денсаулық сақтау субъектілерінен қызметтер алу үшін қарастылып отыр. 

– МӘМС медициналық қызмет сапасын қалай арттырады?

– Медициналық сақтандыру қорының негізгі функциясы – қаржылық ағындарды тиімді басқару. Ал көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасына тікелей жауапкершілік жергілікті денсаулық сақтау басқармаларына және емдеу мекемелерінің басшылығына жүктеледі. Қор өз құзыреті шеңберінде ұсынымдар беріп, мониторинг нәтижесінде анықталған кемшіліктерді түзету бойынша шаралар қабылдай алады.

Кез-келген медициналық сақтандыру жүйесінің орнықтылығы мемлекет пен азаматтардың бірлескен жауапкершілігіне негізделеді. Қазір халық денсаулығын тек мемлекеттік ресурстар есебінен қорғау мен жақсарту жеткіліксіз екенін түсінетін уақыт жетті. Әрбір адам өмір сапасын арттыру жолында өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауы тиіс. Біз аса күрделі ауруға шалдығып, сырқатына шипа іздеген науқастарға қамқор болып, қолдауға тиіспіз. Медициналық сақтандыру жүйесінің біздегі моделі осы ұстанымға саяды. Бұл бізде ғана емес, барлық бәсекеге қабілетті елдердің денсаулық сақтау жүйелерінде кездесетін тренд.

«33717 қымбат диагностикалық қызмет көрсетілді»

– Неліктен тұрғындар медициналық қызмет көрсетудің сапасына жиі шағымданады? 

– Медициналық қызметтерді қаржыландыру тұрғысынан алғанда, Қордың үш негізгі міндеті бар. Бұл – клиникалар арасында қызмет көлемдерін бөлу, төлем жүргізу және сараптама мен мониторингті жүзеге асыру. Осы үш негізгі бағыт міндетті түрде орындалуы тиіс.

Тікелей қызмет көрсетуші – медициналық клиникалардың өздері. Бізде көрсетілетін медициналық көмекті бақылаумен айналысатын арнайы бөлімше бар. Әрбір төлем алдында біз көрсетілген қызметтің сапасын тексереміз. Егер қызмет адал әрі сапалы көрсетілсе, төлем жүргізіледі. Ал керісінше жағдайда тиісті сараптама мен талдау жасалып, қажет болған жағдайда клиника экономикалық жауапкершілікке тартылады. Бұл ретте әрбір азаматтың шағым білдіру мүмкіндігі бар.

– Тұрғындар тарапынан шағым көп пе?

– Биылғы алғашқы жартыжылдықта облыс тұрғындарынан медициналық қызмет сапасына қатысты 265 шағым түскен. Бұл көрсеткіш өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 9,6%-ға азайғанын көрсетеді. Яғни жұртшылықтың наразылығы азайғанымен, әлі де шешімін күткен мәселелер бар. Шағымдардың басым бөлігі дәрі-дәрмектің қолжетімсіздігіне, қызмет көрсетуден бас тартуға және сапасыз медициналық көмек көрсетуге байланысты болып отыр.

Медициналық қызмет сапасын арттыруда бәсекелестіктің рөлі зор. Қазіргі таңда облыста міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында 79 медициналық ұйым қызмет көрсетеді. Соның ішінде 57 пайызы – жекеменшік мекемелер. Жекеменшік және мемлекеттік клиникалардың қатар жұмыс істеуі тұрғындарға таңдау мүмкіндігін беріп қана қоймай, көрсетілетін қызметтің сапасын жақсартуға да ықпал етуде.

«Түрлі себептермен жарна төлемейді»

– Медициналық қызметтер МӘМС тізбесіне қалай енгізіледі және олардың сапасы қалай бақыланады?

– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде тұрғындарға көрсетілетін қызметтердің тізбесін Денсаулық сақтау министрлігі бекітеді. Бұл тізбе жыл сайын қайта қаралып, тиімділігі ғылыми тұрғыдан дәлелденген жаңа қызмет түрлері енгізіледі. Мұндай жаңартулар медициналық көмектің заманауи талаптарға сай болуын және халықтың қажеттіліктерін толық қанағаттандыруды көздейді.

Қызмет сапасына бақылау жүргізу Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің құзыретінде. Комитет мамандары медициналық ұйымдардың жұмысына жүйелі түрде тексеріс жүргізіп, белгіленген стандарттардың сақталуын қадағалайды.

Сонымен қатар әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры тарапынан да қатаң мониторинг жүргізіледі. Қор әрбір қызметке төлем жасаудан бұрын оның сапасын тексереді. Егер ақаулар мен кемшіліктер анықталса, медициналық ұйымдарға айыппұл санкциялары қолданылады. Тиімсіз жұмсалған қаражат қайтадан басым бағыттарға, яғни науқастар үшін аса қажет қызмет түрлерін дамыту мен жетілдіруге бағытталады.

– Шипажайға жолдама алуға бола ма?

– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі жинақтаушы қор емес. Яғни әр адамның жарнасы жеке есепшотта жиналмайды. Барлық түсімдер бірыңғай қорға түсіп, ортақ мақсатта – халықтың барлығына медициналық қызмет көрсетуге жұмсалады. Сондай-ақ санаторийлер мен шипажайларға жолдама беру МӘМС арқылы емес, жергілікті бюджет есебінен және әлеуметтік қорғау органдары арқылы жүзеге асырылады. МӘМС пакетінде санаторлық-курорттық емделу қарастырылмаған.

Дегенмен кейбір ауыр диагноздардан кейін тұрғындарға медициналық оңалту қызметі қарастырылған. Мысалы, инсульт, инфаркт, онкологиялық аурулар, ағза трансплантациясы және басқа да күрделі операциялардан кейін науқастарды қалпына келтіру үшін арнайы оңалту орталықтары мен медициналық мекемелерде қызмет көрсетіледі. Бұл оңалту шаралары пациенттің өмір сапасын жақсартуға, мүгедектікке шығу қаупін азайтуға және еңбекке қабілеттілігін қалпына келтіруге бағытталған.

– Жауабыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Еркеназ ҚАЛИЖАН

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button