Туберкулезден сақ болыңыз!
Туберкулез – микобактериялар туындататын қауіпті жұқпалы ауру, ол адам ағзасының әртүрлі органдарын, әсіресе өкпені зақымдайды. Бұл ауру ауа арқылы тарайды, науқас адам сөйлегенде, жөтелгенде немесе түшкіргенде туберкулез таяқшалары қоршаған ортаға шашырап, сау адамдарға жұғады.
Туберкулездің бастапқы белгілері ұзақ уақыт бойы байқалмауы мүмкін, бірақ алғашқы белгілері 2 аптадан артық созылатын жөтелмен басталады. Басқа белгілеріне әлсіздік, қақырық бөліну, дене қызуының көтерілуі, кеудедегі ауырсыну, қан түкіру, тез шаршау, тершеңдік, тәбеттің төмендеуі және салмақ жоғалту жатады.
Ауруды анықтау үшін рентгенография, флюорография сияқты заманауи медициналық әдістер қолданылады. Балаларға туберкулезді анықтау үшін Манту сынамасы жасалады. Туберкулездің алдын алу үшін бала туған сәтте БЦЖ екпесі егіледі. Сонымен қатар, туберкулезбен ауыратын науқастардың отбасы мүшелері профилактикалық тексеруден өтуі тиіс. Ошақтағы балаларды оқшаулау, дұрыс тамақтану, салауатты өмір салтын сақтау және иммунитетті нығайту да маңызды жұмыстардың қатарында.
Туберкулез уақытында анықталса, оны емдеу мүмкіндігі артады. Бұл ауруды тек науқастардың ғана мәселесі деп қарастырмай, қоғамға ортақ проблема екенін түсінуіміз қажет. Әрбір азамат өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, туберкулездің алдын алу шараларын сақтауы тиіс.
Алма НЕТЕКОВА,
Атырау қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының жетекші маманы