Медицина

ТӨТЕНШЕ ДӘРІГЕРЛЕР ӘРКЕЗ САПТА

 Теміржолмен  тамырлас

Жалпы, Атырау теміржол ауруханасы – аймақтағы ең байырғы денсаулық сақтау мекемелерінің бірі. Ол сонау 1942 жылы пайдалануға берілген. Батыс бетте сұрапыл соғыс жүріп жатқанда Қандағаш-Гурьев теміржолы қатарға қосылды. Әрине, оның майдан қажеті үшін атқарған жұмысы жетерлік. Әйтсе де, ең бастысы – осы кезде Орынбор теміржолына қарасты Гурьев стансасында фельдшерлік-акушерлік пункттің ашылуы. Оның бірінші меңгерушісі Софья Николаевна Шишкина еді. Тамаша маман 1988 жылға дейін осында қызмет істеді.

Содан бері бұл медицина мекемесінің мәртебесі талай рет өзгеріске ұшырады. Мәселен, 1947 жылы Орынбор теміржолының №8 учаскесі атанды. Ал, 1954 жылы емхана дәрежесіне көтерілді. Содан 1959 жылы 25 кереуеттік аурухана ашылды.

Емдеу орнының кемелденген  кезі 1973 жылдан басталады. Осы кезде 220 орындық типтік үлгідегі аурухана пайдалануға берілді. Сонымен қатар, әр ауысымда 250 адам қабылдайтын емхана жұмыс жасады. Оның құрамына Мақат, Сағыз, Бейнеу, Ганюшкин, Маңғышлақ стансаларындағы ауруханалар мен он фельдшерлік-акушерлік пункт енді. Солардағы дәрігерлер саны 600-ге жеткізілді. Ақырында, 2000 жылдың шілдесінен «Көліктегі медициналық қызмет» АҚ-ның Атырау филиалы болды. Бүгінде «Апаттар медицинасы теміржол госпиталі» акционерлік қоғамының филиалы. Қызметі жөнінен Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты. Медицина қызметкерлерінің әркез сапта болатындығы да сондықтан.  Ал, сол алғашқы құрылған уақыттан бері мұнда Қажымұрат Сәрсенов, Уайс Бисенов, Мария Мишина, Валентина Ермилова, Валентина Поселенцева, Сәния Селбаева, Жәния Камалова, Шамил Мұқашев, т.б. жүздеген дәрігер еңбек етті. Бұлардың бірқатары ұжым жетекшілері болды. 

Шебер  маманға – жаңа  жабдықтар

Әттең,  дәрігер емеспіз. Әйтпесе, мұндағы жабдықтарды көретін көз керек. Мұнтаздай жарқырап тұрғаны өз алдына, бәрі де бүгінгі мезгіл талабына жауап беретін заманауи құралдар. Бүгінде, жасыратыны жоқ, бұл емдеу орны орталық ауруханадан еш кем емес. Тіпті, мамандардың айтуынша, аймақ бойынша кейбір дерттен сауықтыруды алдымен қолға алыпты. Оған да осындағы медициналық жабдықтардың сонылығы сеп болған. Әрине, соған сай дәрігерлер де лайықты дайындалып, білімдерін жетілдірген.

Мәселен, «Ер адамдар денсаулығы» орталығы биылғы сәуірден бері жұмыс жасай бастаған. Осы саланың маманы Ашот Снкчянның айтуынша, мұнда, турасын айтқанда, еркектердің саулығын шынайы сауықтыруға болады. Бүгінде әйелдердің сәби көтермеуі олардың күйеулеріне де қатыстылығы дәлелденген. Міне, ауруханадағы жаңаша емдеу тәсілі осы сырқаттан да жазады. Өзге де ер адамдарға ғана тән дерттерден арылуға мүмкіндік бар. Өзгеге жарияламай, жасырын түрде  емделуге де болады.

Екінші жаңалық – әйелдердің жатыр ісігін емдеу. Бұрын оның дауасы табылмағандықтан, жатырды кесіп тастауға тура келеді екен. Оның ақыры әйелдердің одан әрі бала көтермеуіне соқтыратын. Ал, мұнда мұның да емі табылыпты. Акушер-гинеколог Елена Першинаның айуынша, сұраныс танытушылар баршылық. Бәрі де дертінен айығып, разылықпен кетіп жатады.

Міне, қолға алынған осы қос тың тәсіл Атырау теміржол ауруханасын өңірдегі өзге емдеу орындарының алдыңғы сапына шығарған. Бұдан басқа терапевт, консультациялық-диагностика, хирургия, гинекология, көз, кардиология, урология, т.б. бөлімдер кез келген сәтте сырқаттарды қабылдауға даяр. Атырауда 2010 жылы республикада бірінші рет барлық қажетті құралдармен қаруланған «Денсаулық» емдеу-диагностикалық поезы қатарға қосылды. Мұнымен қатар мұнайлы мекенде «Жәрдем» аталатын осындай жылжымалы емдеу орны жұмыс жасады. Оның да құрамында атыраулық дәрігерлер қызмет етті. Осындай шаралардың нәтижесінде мыңдаған адам  медициналық қызметпен қамтылды. Сонымен қатар, мемлекеттік тапсырыс аясында шалғай аудандар тұрғындарының тегін емделуге мүмкіндігі бар.

 

Тілі басқа, тілегі бір

Қазір Атырау теміржол ауруханасында 166 адам еңбек етеді. Соның ішінде 29 дәрігер, 60 медицина және өзге де қызметкерлер бар. Бес дәрігер мен 18 медбике жоғары cанатқа ие. Бекітілген жоспар бойынша медицина қызметкерлері Алматы, Ақтөбе, тіпті Мәскеу қалаларында біліктіліктерін жетілдіреді. Осында медицина колледжінің студенттері тұрақты тәжірибеден өтеді. Солардың бірқатары мұнда тұрақты қызметке де орналасады. Өзін көрсете білген жастар мекеме есебінен Алматы медицина институтына оқуын жалғастыруға жіберіледі. Мұның бәрі – ертеңгі күні жергілікті кадрлармен қамтамасыз етілу қамы.

Атырау теміржол ауруханасының бас дәрігері Серік Досжановтың айтуынша, ең бастысы – ұжым мүшелерінің татулығы. Мұнда Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы аталып өтті. Ауруханада он ұлттың  өкілі еңбек етуде. Бәрінің де турасын айтқанда, тілі басқа, тілегі бір. Мәселен, Ашот Снкчян Шешен-Ингуш автономиялы республикасында дүниеге келген. Грозный қаласында мектеп бітіріп, Ставрополь медициналық институтын тәмамдаған. Армениядағы Гюмри (бұрынғы Ленинакан) қаласында «Жедел жәрдем» бригадасында жұмыс жасаған. Бұл қалада жойқын жер сілкінісі болғандығы белгілі. Міне, болашақ маман алғашқы сәттен-ақ осындай сыннан өтіп, тәлімді тәжірибе жинақтаған. Израильде білімін жетілдірген. Атыраудағы қызметі өзіне ұнайтынын, мұнда барлық жағдай туғызылғанын айтады.

Акушер-гинеколог Елена Першина Қырғызстанда туған. Сондағы мемлекеттік медициналық институтты бітірген соң Ош қаласындағы ауруханада еңбек еткен. Ал, 1985 жылы әскери қызметтегі күйеуімен Алматыға қоныс аударған. Кейін Арменияда, Владикавказда жұмыс жасаған. Қазір тұрақты мекені Астрахан болғанымен, келісім негізінде Атырауда жұмыс жасауда. Мұнда өзінің кейбір таныстарын кездестіріпті. Ұжым мүшелерінің тамаша жандар екендігін, шығармашылықпен еңбек етуге мүмкіндік молдығын айтады. «Осында тұрақты жұмыс жасағым келеді» дейді ағынан жарылып.

Александр Тен – кәріс жігіті. Өзбекстандағы Үргеніш қаласында өмірге келген. Дәрігер болуды бала кезінен армандапты. Ташкент медицина академиясын тәмамдаған. Отбасы жағдайымен 2009 жылы Атырауға келген екен, тұрақтап қалыпты. Өмірлік серігін де осы жерден тапқан. Лор-дәрігер ретінде қазір құлақ дертіне шалдығушылар көп екендігіне алаңдайды. Ал, Атыраудың күрт қарқынмен  дамып келе жатқанына қуанады.

Міне, біз тілдескен өзге ұлт өкілдері осылай сыр шертеді. Оларға мұнда, расында да, алаңсыз қызмет істеуге жан-жақты жағдай туғызылған. Аурухана жанында барлық қажеттілігімен 20 орындық жатақхана бар. Мұнда сырттан келгендер тұрады. Сонымен қатар, мекемеде асхана қызмет істейді. Бұл дәрігерлердің уақыттарын үнемдеуге, тиімді тынығуларына оң септігін тигізеді.

Қысқасы, 73 жылдық тарихы бар Атырау теміржол ауруханасы – облыстағы іргелі емдеу орындарының бірі. Мұнда дертіне дауа іздегендер сауығып кетеді. Оның үстіне, дәрігерлердің ұдайы ізденісте болуы, медицина мекемесінің соңғы үлгідегі жабдықтармен жарақтандырылуы қызмет сапасын да арттырып отыр.

Меңді

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button