Төрт адамнан метапневмовирус анықталды
Бұл жағдай Солтүстік Қазақстан облысында тіркелген. СҚО Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің метапневмовирус жіті респираторлық вирустық инфекцияларға жатады, — деп хабарлайды kaz.inform.kz.
Адам метапневмовирусы – көптеген елде бұрыннан таралған классикалық вирустардың бірі. Бұл вирустың штамдары Қазақстанда ЖРВИ және тұмау ауруларының маусымдық өсуі кезеңінде инфекциялардың басқа түрлерімен қатар анықталды.
Мәселен, эпидемиялық маусымның басынан облыста риновирустардың 34 жағдайы, аденовирустардың – 28, парагрипптің – 23, бокавирустардың – 5, метапневмовирустардың 4 және коронавирустардың 3 жағдайы тіркелген.
Мамандардың айтуынша, метапневмовирус негізінен ауа арқылы таралады. Инфекцияның негізгі белгілері – жөтел, мұрыннан су ағу, ентігу, тырысу, бас ауруы. Нақты емдеу жолы жоқ, симптоматикалық емдеу қолданылады.
Қазіргі уақытта бүкіл әлем сияқты Қазақстанда да ЖРВИ және тұмаумен ауырудың маусымдық өсуі тіркелген. Санитар дәрігерлер аурудың алдын алу үшін адамдар көп жиналатын жерлерге бармауға кеңес береді. Бұл әсіресе созылмалы аурулары бар жандарға қатысты.
Сондай-ақ үй-жайларды үнемі желдету, қолды тазарту үшін антисептиктерді немесе дезинфекциялық майлықтарды қолдану, ауру адамдармен байланысты шектеу, олардың оқшаулануын қамтамасыз ету қажет.
Ал ауру белгілері пайда болған жағдайда дәрігерге көрініп, ем алған жөн.
Бұған дейін ҚР Денсаулық сақтау министрлігі метапневмовирустың таралуына байланысты үндеу жолдағанын жазған едік.
Сурет: toppress.kz