ТІЛЕГІМДІ ЕСКЕРУСІЗ ҚАЛДЫРМАҒАН
«Адам күні адаммен» деп қазақ атамыз айтқандай, өзіміз аурулы-сырқаулы жан болған соң құзырлы орындардан көмек күтеміз. Мен де көптеген мүгедек сияқты сырқатыма байланысты дәрі-дәрмек, басқа да қолдау беру үшін аудандық және облыстық әлеуметтік қорғау бөлімі мен басқармасына хабарласып отырамын. Көбіне жұмысбасты адам деп бірінші басшыларына емес, олардың орынбасарларына телефон шаламын, қажетімді іркілмей айтамын.
Сондайда Атырау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Полымбет Хасанов пен Махамбет аудандық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Әлия Сейілова екеуі мені асықпай тыңдайды. Қажет жерінде маған дұрыс бағыт-бағдар береді, өздерінің жұмысының көптігіне қарамастан мұқтажымды өтеуге, сөзімді жерге тастамауға тырысады. Ал, жуырда олар мені мүгедектерді емдейтін оңалту орталығына жіберіп, саулығымды түзеуге көмектесті. Бұл біздей дімкәс адамдарға айтарлықтай көмек болғаны сөзсіз. Мүгедек жанға сергектікпен қарайтын әлеуметтік сала маманы дәл осылардай-ақ болсын деймін.
Өз істеріне адал, мен секілді мүмкіндігі шектеулі жандарға барынша қарасатын бұл азамат пен азаматшаға деген ризашылығым шексіз. Әрдайым олардың дендері сау, қызметтері қарымды болумен бірге көпшіліктен алғандары алғыс болғай деп тілеймін.