«Теңдік уақыты!»
1 ЖЕЛТОҚСАН – ДҮНИЕЖҮЗІЛІК ЖИТС-КЕ (ЖҰҚТЫРЫЛҒАН ИММУНТАПШЫЛЫҒЫНЫҢ СИНДРОМЫ) ҚАРСЫ КҮРЕС КҮНІ. ОСЫҒАН ОРАЙ ӘЛЕМДЕ ТҮРЛІ АКЦИЯЛАР ӨТІП, ҒАСЫР ІНДЕТІНЕ ҚАРСЫ КҮРЕСЕТІН ҚОҒАМДЫҚ ҰЙЫМДАР КҮШ-ЖІГЕРІН ЖҰМЫЛДЫРАДЫ. ЕЛІМІЗДЕ ДЕ БҰЛ КҮНІ ЖЫЛ САЙЫН БЕЛГІЛІ БІР ТАҚЫРЫПҚА АРНАЛҒАН ІС-ШАРАЛАР ҰЙЫМДАСТЫРЫЛЫП КЕЛСЕ, АЛ, БИЫЛҒЫ ТАҚЫРЫП ТЕҢДІККЕ АРНАЛЫП ОТЫР. АКЦИЯ АТАУЫ – «ТЕҢДІК УАҚЫТЫ!» ДЕП АТАЛАДЫ.
Аталған акция аясында облыстық ЖИТСпен күрес жəне алдын алу орталығында Саламат Мұқашев атындағы Атырау политехникалық колледжі студенттерінің қатысуымен арнайы іс-шара өтіп, жастарға ЖИТС-тен сақтану, алдын алу бағытында ақпарат берілді. Ойын форматында өткен іс-шарада мұндағы мамандар жастардың көкейінде жүрген сауалдарына жауап беріп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
– Теңсіздік ЖИТС пандемиясының жалғасуына əсерін тигізетіні сөзсіз. Алайда, оны жеңуге болады. Ол үшін оған қарсы күреске кедергі келтіретін теңсіздіктердің алдын алу қажет. Ал, «Теңдік уақыты!» ұраны – бұл əрекетке шақыру. Қазіргі уақытта Атырау облысы ЖИТС-ті тоқтату мақсатына жету жолында. Жалпы, АИТВ (адамның иммунтапшылық вирусы инфекциясы) эпидемиясын тоқтату – ол əркімнің ортақ жауапкершілігінде, — деді облыстық ЖИТСпен күрес жəне алдын алу орталығының директоры Қуаныш Нұрмұханов.
Оның айтуынша, облыста ең алғаш рет АИТВ инфекциясы 1993 жылы тіркелген. Биыл 61 жағдай тіркелсе, оның 56-сы Қазақстан азаматынан анықталған. Өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда көрсеткіш 24 жағдайға немесе 1,8 есеге өскен (2021 жылдың 10 айында 36, оның 32-сі Қазақстан азаматы). Дегенмен, көрсеткіштің көбеюіне халықты тестілеудің
10 пайызға артқандығы себеп. Соның ішінде клиникалық белгілер бойынша тексерілгендер көрсеткіші 36 пайызға жоғарылаған. Сондайақ, халық арасында аталған жұқпа бойынша түсіндірме, алдын алу жұмыстарының жиілеуі нəтижесінде тестілеуден өтуге жолданған адам саны көбейген. Мамандар аты жаман ауруға қарсы шаралар соңғы екі жылда COVID-19 пандемиясына жəне басқа да жаһандық дағдарыстарға байланысты баяулап, ресурстар көлемі азайып, оның нəтижесінде миллиондаған адамның өміріне қауіп төнгендігін де айтады.
АИТВ инфекциясының алдын алу жəне анықтау мақсатында аталған орталықта түрлі ағарту жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Мұнда зертханалық тексеру, «достастық» кабинеті мен «сенім» бекетінде тегін қызмет көрсетіліп, келушілер үшін 21-11-03 сенім телефоны да жұмыс жасайды.
Мəлике ҚУАНЫШЕВА