Жарнама
Медицина

Тегін екпе кімдерге тиесілі?

Шыны керек, біз коронавирус пандемиясы аяқталғалы бері өзге жұқпалы дерттерден аса қауіптене қоймайтын болдық. Талай адамды ажал құштырған 2020-2022 жылдардағы пандемияның салқындығы әлі де сейілді дей алмаспыз.

Десе де, бұл вирустың ауырлығын сезінген тұрғындар тұмау, туберкулез, басқа да жұқпалы аурулардан аса сақтанып жүрген жоқ. Алайда, соңғы уақытта тұрғындар арасында тұмаумен ауыру, жалпы жіті респираторлық вирустық инфекция (ЖРВИ) белгілері бар сырқат түрлерінің көрсеткіші өскені байқалады. Науқастанған тұрғындардың басым көпшілгі үй жағдайында ем алып жүр. Тіпті, ел арасында тұмаудан төсек тартып жатқандар жайында да хабар тарады. Бұл қаншалықты рас?..

Бұл пандемия ма?

Тұмаудың қаупі – оның тез таралуында. Дәрігерлер кейде бір адамнан басталған тұмау аз уақытта бүкіл қалаға немесе елге, тіпті, дүние жүзі елдеріне жайылып кетуі ықтимал екенін айтады. Мұндай жағдай «тұмаудың пандемиясы» деп аталады. Оған 1918 жылы бүкіл әлемге тарап, 20 миллион адам қаза тапқан пандемия дәлел.

Сондықтан, халықты сақтандырмаса болмайды. Елде жыл сайын тұмау вирусының айналымы қараша айынан басталып, сәуір айының ортасына дейін созылатыны белгілі. Ал, қазір облыста әсіресе, қазан айында тұмау және ЖРВИ жұқтырғандар саны артқан. Редакциямызға хабарласқан атыраулық А. есімді келіншек отбасының және ағайын-туыстарының көпшілігі тұмаумен ауырып жатқанын айтып, вирустың күшейіп тұрғанына алаңдаушылығын білдірді.

– Әуелі қол-аяғым сырқырап ауырып, дене қызуым көтерілді. Шыдап баққаныммен кейін асқынып, екі бүйрегіме әсер етті. Одан соң ұлымның тамағы қызарып, қызуы көтерілді. Үш-төрт күнде ұлым жазылып еді, отағасым мен қызым да әлгіндей белгілермен ауырды. Сөйтіп, тұмауды жеңіл дерт санап, елемей жүргенде тұра алмай, төсек тартып қалдық. Соңында екпе алуымызға тура келді, — деді ол.

Облыста тұмаудың өршіп тұрғанын облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Абдалиев те жоққа шығарған жоқ. Басқарма мәліметіне қарағанда, облыста қазан айы басталғалы 9119 адам ЖРВИ жұқтырған.

– Қазір облыста «жедел жәрдем» қызметінің 50 бригадасы (26 бригада – қалада, 24 бригада – аудандарда) жұмыс істейді. Республика Денсаулық сақтау министрлігінің ұсынысына орай басқарма тұмау маусымына байланысты мобильді топтардың жұмысын жандандырып, сүзгі (фильтр) кабинеттердің жұмысын күшейтті. Балалар мен жүкті әйелдерді үйден қарау (актив, патронаж), микроаймақтар бойынша үй аралап, үйдегі стационарларды ұйымдастыру, көмек көрсетудің барлық кезеңдерінде науқастардың жағдайын бағалау секілді қызметтер ұйымдастырылды. Балаларға тұмау кезінде уақытымен сапалы көмек көрсету мақсатында педиатриялық мультидисциплинарлы мамандар топтары құрылды. Басқарма қызметкерлері сенбі, жексенбі күндері емханаларға мониторинг жүргізіп, облыстық медициналық жедел жәрдем станциясының, №2 облыстық аурухананың қабылдау бөлімінің жүктемелерін тексеріп, үздіксіз бақылауға алып отырмыз, — деді Қайсар Қайратұлы.

Облыстың бас дәрігері сонымен қатар өңір тұрғындарының арасында қызылша инфекциясының алғашқы жағдайы наурыз айында анықталып, содан бері 733  адамның ауырғанын айтты.

65000 «Гриппол+» дозасы бар

Қандай жұқпалы дерт болмасын, оны алдын алуда екпенің маңызы жоғары. Өзіңіз бен денсаулығыңызға сенімді жүру үшін екпе алған әлдеқайда тиімді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да тұмаумен күресудің экономикалық және әлеуметтік нәтижелі алдын алу шарасы – вакцинация екенін айтады.

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары   Әлия Бекешева хабарлағандай, облыс тұрғындарына тұмауға қарсы екпе салу 1 қазаннан басталса, тұмаудың жаңа эпидемиялық маусымында құрамында тұмаудың A/H3N2/, A/H1N1/ және B-штаммдарының антигендері бар. Сонымен қатар, облысқа ресейлік өндірістің «Гриппол+» вакцинасының 65000 дозасы жеткізілген.

– Сатып алынған вакцинамен халықтың осал тобы және науқаспен тікелей жұмыс жасайтын медицина саласының мамандары ақысыз егілуде. Медициналық мекемелерде диспансерлік есепте тұрған балалар мен балалар үйлерінің, сәбилер үйлерінің тәрбиеленушілері, қарттар үйлерінің контингенті, жүктіліктің екінші немесе үшінші кезеңіндегі әйелдер де тұмауға қарсы екпе алады. Қазірге дейін облыс бойынша 20 мыңға жуық тұрғын тұмауға қарсы екпемен қамтылған, — дейді департамент басшысының орынбасары.

Әлия Әйіпқалиқызының айтуынша, тұмау емес вирустар да айналымда болады екен. Мысалы, өткен маусымда зерттелген барлығы 614 үлгінің 32,4%-ында (199 жағдай) оң нәтиже белгілі болды. Негізінен, риновирус, бокавирус, РС вирус, аденовирустық  инфекция анықталыпты.

Қуаныштысы, былтыр да, биыл да екпеден кейін қолайсыз реакциялар тіркелмеген. Ал, ЖРВИ түрлері адам саулығына ғана емес, елдің экономикасына да зардабын тигізетінін қаперге берген санитар-эпидемиолог тұрғындарды ауырып ем іздегенше, ауырмаудың ең тиімді жолы – екпе алып, сақтануға шақырды.

– ЖРВИ-дің ішіндегі ең қауіптісі  – тұмау. Тұмаудың қоздырғышы – вирус, ал осы вирус тұрақсыз келеді. Әрбір екі-үш жыл сайын ол өзінің қасиетін өзгертіп отырады және 10-12 жыл сайын вирустың жаңа түрлері пайда болып, олар алдыңғы түрлеріне мүлдем ұқсамайды. Негізі, тұмау адамға ұсақ түкіріктер немесе сілекей арқылы, яғни жөтелгенде, түшкіргенде жұғады. Бұл аурудың алғашқы кезеңі өте жедел басталады. Жасырын инкубация мезгілі бір-екі күнге созылып, кейін әлсіздік, дене қызуының жоғарылауы, бас және бұлшық еттердің ауыру белгілері пайда болады, — деп Әлия Әйіпқалиқызы вирустың ағзадағы жүрек, өкпе, жүйке, жүрек-тамыр жүйесіндегі созылмалы ауруларды асқындыратынын қаперге берді.

Қызылша мен көкжөтел де күшейді

Тұмау немесе қандай да бір жұқпалы вирустық дерт болсын оны  алдын алудың бір ғана жолы – екпе алу. Әсіресе, бұл дерттің жүкті әйелдер мен балаларға ауыр тиерін ескерсек, әр адамның отбасы саулығына бейжай қарамағаны дұрыс. Қазір медицина қызметкерлері облыста тұмаудан өзге қызылша мен көкжөтелдің де өршіп тұрғанын айтып, дабыл қағуда.

– Биыл вакцинамен реттелетін жұқпалы аурулар көрсеткіші көтеріліп отыр. Оның ішінде, қызылша, көкжөтел инфекциялары таралуда. Қызылша ауруы – жылдам тарайтын вирустық инфекция. Ол катаралды белгілерімен (дене қызуының 39-40 градусқа дейін көтерілуі, мұрыннан су ағу, құрғақ жөтел, көздің сілемей қабығының қызаруы) ауа тамшылары арқылы тез таралады. Бұрын қызылшаға қарсы вакцина алмаған немесе осы аурумен ауырмаған адам дертті жұқтырған адаммен байланыста болса, оны бірден жұқтырып алады. Қызылша негізгі үш кезеңмен өтеді. Бірінші – бес күнге созылатын катаралды кезең. Осы уақытта көпшілік оны ЖРВИ-мен шатастырып алады. Себебі, екеуінің клиникалық белгілері ұқсас. Осы кезеңнің соңғы күндері тамақ қызарып, ұрттың тұсында ақ дақтар пайда болады. Сосын науқас екінші бөрітпе кезеңге өтеді. Бұл уақытта баланың бет-аузы ісіп, көзінің сілемей қабығы қызарып, дене қызуы қатты көтеріледі. Бөрітпе науқастың алдымен құлағының арты мен бетіне шығып, біртіндеп тұтаса бастайды. Содан соң дене мен арқаға, кеудеге, кейін аяқ пен қолға түседі. Бөрітпелердің осылай этапты түрде пайда болуы – оның басты ерекшелігі. Назар аударарлық жайт, қызылша белгілерін байқаған адам бірден дәрігерді үйге шақыртып, оқшаулануы қажет, — деді №2 Атырау облыстық ауруханасының басшысы, облыстың бас инфекционисті Надя Ерғалиева.

Өзге жұқпалы аурулар секілді қызылшаның да алдын алу шарасы – екпе. Надя Атшығалиқызы ата-аналар балаларына уақытында екпе салдыруға салғырт қарайтынын айтып, қала бойынша эпидемиологиялық ахуалдың күрделіленуіне байланысты мүмкіндігінше балаларды көпшілік орындарға апармауға кеңес берді. Дәрігер көкжөтелдің (коклюш) тұрғындар арасында таралып жатқанын да қаперге беріп, жұқпалы дерттің басты белгісі ұстамалы, қайталама жөтел екенін айтты.

– Қазір ауруханаға осындай дертпен бір айлық, қырық күндік сәбилер түсіп жатыр, оларда сырқат өте ауыр өтуде. Өйткені, алғашқы екі айда балаларға барлық жұқпалы ауруларға қарсы иммунитет анасы арқылы беріледі. Ал анасы екпе алмаса, алғашқы екі айда бала сырқатты қабылдап алады. Көкжөтелдің ауыр жүретіні ұстамалы жөтел кезінде сәбилер демала алмай, демалысы бір-екі минутқа тоқтап, қиналады. Осындай жағдайда ауруханаға үш-төрт бала түсті. Олардың демалысы тоқтаған соң амалсыздан аппаратқа салдық. Кейін науқас сәбилердің барлығы емделіп, аман-есен аналарымен қауышты. Сондықтан, екпемен реттелетін аурулармен ауырмас үшін екпені уақытында алу керек. Көкжөтелге қарсы алынатын екпе баланың екі-төрт айлығында беріледі, — деді Надя Атшығалиқызы.

Түйін

Тұрғылықты жеріңіздегі емхана медбикелері «тұмауға қарсы екпе келді, келіп алуларыңыз сұралады?», «балаңызға қызылшаға қарсы екпе салғызыңыз» деп, екпе салуға үгіттеп жатқанымен еш адамды оған мәжбүрлей алмайды. Дегенмен, денсаулықтың ролі әркімнің өзі үшін маңызды. Сондықтан екпе салғызуға әр адамның өзі мүдделі болғаны жөн. Облыста тұмауға қарсы екпе алуға барлық мүмкіндік жасалған. Ол үшін алдын-ала дайындықтың да қажеті жоқ. Тек тұрғылықты мекен-жайыңыз бойынша тіркелген емханаға барсаңыз болғаны. Олай болса, әлден ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздегеніміз абзал болар.

Мәлике ҚУАНЫШЕВА

Тұмаудың алдын алу:

– Науқас адамдармен қарым-қатынасты шектеу;

– Адамдар көп жиналатын жерлерге барудан бас тарту;

– Маусымға сәйкес киіну;

– Халық көп жиналатын жерде қорғаныс ретінде бетперде тағу;

– Науқасқа күтім жасаған кезде науқас адам да, дені сау адам да қорғаныс ретінде бетперде тағу;

– Науқас үйде болғанда оны оқшаулау, бөлмені жиі желдетіп, науқасқа жеке ыдыс бөлу;

– Науқасқа күтім жасағанда ең тиімді тәсілдердің бірі – қолды сабынмен немесе дезинфекциялық сулықтардың көмегімен жиі жуу.

Тұмауға шалдыққан адам денесіндегі белгілер:

• Дене қызуының көтерілуі;

• Тітіркену;

• Бас ауыру;

• Дененің дел-сал болуы;

• Бас айналу;

• Сүйектері мен бұлшық еттердің сырқырауы;

• Мұрыннан су ағу;

• Кейде құрғақ жөтелдің пайда болуы;

• Жарыққа тура қарай алмау;

• Көздің ауруы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button