Атырауда Ақсай ауылында жаңа амбулатория пайдалануға берілді

img 20201216 wa0040 1 Жаңалықтар

Атырау қаласына қарасты Ақсай ауылдық округінде
заманауи типтегі 52 орындық Ақсай жанұялық амбулаториясы пайдалануға берілді,  деп хабарлайды Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Жанұялық амбулаторияның салтанатты түрде ашылу шарасына облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиев қатысып, биылғы жылы әлемде болып жатқан пандемия жағдайына қарамастан, аймақта медициналық нысандар құрылысы тоқтамағанын жеткізді.

Мәселен, биыл Атырау қаласындағы 200 орындық модульдік аурухана, облыстық кардиоорталықтың жанынан 50 орындық жапсаржай, 75 орындық Құрманғазы аудандық орталық ауруханасы, Қызылқоға ауданының Сағыз ауылында дәрігерлік амбулатория, Индер ауданының Аққала ауылында және Қызылқоға ауданының Қаракөл ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт халық игілігіне берілді.

Ал, Ақсай ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Саясат Рахметов заманауи сапалы медициналық көмек көрсететін мұндай мекемені ақсайлықтар отыз жыл бойы армандап келгенін айтты.

Ардагер дәрігер Сәуле Дәулетова салтанатты шарада ауылдық жерден заманауи медициналық мекеменің бой көтеруі – тәуелсіздіктің арқасында мүмкін болғанына тоқталып, егемендік алғанға дейінгі қиын шақтағы дәрігерлер қызметіне тоқталды.

«Қазір облыста медицина саласындағы ахуал айтарлықтай жақсарған және тұрғындар облыстық  медициналық мекемелерге уақытылы жүгіне бастады»,- деді ардагер дәрігер.

Бір қатарлы медициналық нысан Ақсай-2 ауылдық округінде орналасқан, көлемі 558 шаршы метрді құрайды. 

 Енді бұл амбулаторияда білікті дәрігерлік көмек ауылдық округке тіркелген 5000-ға жуық адамға көрсетіледі. 

Жаңа медициналық мекемеде жалпы практика дәрігерінің, дәрі-дәрмектерді егудің, сырқатты қараудың және аурудың алдын алудың кабинеттері жұмыс жасайды. 

Медициналық көмекті 3 дәрігер, 9 орташа медицина қызметкері көрсетеді. Бұдан өзге, пункт аумағында гинекология, тіс дәрігері, физиотерапия, зертхана, оқшаулау бөлмесі, екпе кабинеті, фильтр бөлмесі, күндізгі стационар да бар. 

Еске салсақ, бұған дейін  Атырау қаласына қарасты Ақжар, Ақсай, Ақсай-2 ауылдық округінің тұрғындары Ақжар дәрігерлік амбулаториясына қаралатын еді.  Тұрғындар ауылдық медициналық мекеме ғимаратының ескілігін әрі үш бірдей ауыл тұрғындарына тар екенін айтып, шағымданып жүрген болатын.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз