
Скринингтердің қолжетімділігі – денсаулықты нығайтудың жолы
Биыл 14 шілдеде елімізде қабылданған жаңа заң аясында профилактикалық скринингтердің барлық азаматтарға қолжетімді болуын толық қолдаймын. Бұл – денсаулық сақтау саласындағы үлкен серпіліс және халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталып отыр.
Бұрын мұндай тексерулерге қол жеткізе алмай жүрген азаматтар – әсіресе әлеуметтік осал топтар мен шалғай ауылдардың тұрғындары – енді сақтандыру мәртебесіне қарамастан скринингтен өте алады. Бұл – әділетті әрі инклюзивті жүйенің көрсеткіші.
Онкологиялық, жүрек-қан тамырлары ауруларын және инсультті ерте анықтауға арналған жаңа скрининг түрлерінің енгізілуі – ауруды емдеуден бұрын, оның алдын алуға бағытталған оң өзгеріс. Бұл халықтың өмір жасын ұлғайтуға, аурушаңдықты азайтуға ықпал етеді.
Сонымен қатар, ерлер денсаулығына қатысты арнайы скринингтің енгізілуі де назар аударарлық.
Халықты уақтылы тексеруден өткізу – бұл тек медицина саласының ғана емес, жалпы қоғамның денсаулығын сақтауға бағытталған ортақ жауапкершілік. Сондықтан бұл реформаны қолдай отырып, әрбір азаматты өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға шақырамын.
Нұртас БАЙЖАНОВ,
«Ауыл» партиясының Атырау облысы бойынша өңірлік филиал төрағасы