Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы стоматологиялық көмек алуға болады

6a2c5b18 853b 4994 a785 167f27c694f1 Медицина

Стоматологиялық көмек алу үшін МӘМС бойынша қызмет көрсететін стоматологиялық клиникаға жүгінуге болады. Бұл ретте емханадан жолдаманың болуы міндетті емес. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Атырау облысы бойынша филиалының директоры Байтолла Ғазизов баспасөз брифингінде мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.  

 МӘМС арқылы стоматологиялық көмекке жүкті әйелдер және 18 жасқа дейінгі балалар жүгіне алады. Сонымен қатар Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен 1, 2, 3 топтағы мүгедектер, «Алтын алқа», «Күміс алқамен» марапатталған көп балалы аналар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, жасына байланысты зейнеткерлер шұғыл тіс жұлу және химиялық пломба орнату қызметін тегін пайдаланады.

-Биылдан бастап МӘМС жүйесіне стоматологиялық қызмет қосылды. Бұл қызмет жүкті әйелдер мен 18 жасқа дейін балаларға да қолжетімді. Бүгінде облыс бойынша 30-дан астам стоматологиялық емханалармен келісім шарт жасалып, тұрғындарға пломба салу, терапиялық қабылдау, пульпитті емдеу, периодонтитті емдеу, толық функционалдық қалпына келтіру анатомиялық нысанын тіс кезінде гипоплазиясы, флюорозе және жансыздандыру сынды ем-дом жұмыстарын жүргізіп жатырмыз,- деді Б.Ғазизов.

Оның айтуынша, осы жылы облыс көлемінде медициналық қызмет көрсету бойынша 88 медициналық ұйыммен келісіп шарт жасалған. Олардың ішінде 33 емхана мемлекеттік болса, қалған емханалар жекеменшік.

Сондай-ақ Б.Ғазизов, баспасөз конференциясы барысында тұрғындарға медициналық көмек бойынша кеңес беретін, азаматтардан шағымдар мен өтініштерді қабылдайтын Qoldau-24/7 мобильдік қосымшасы туралы сөз қозғады.

-Аталған қосымшаның басты қажеттілігі – медициналық қызметтің сапасына баға беруге мүмкіндік туғызу. Биылдан бастап бұл қосымшаның қазақ тіліндегі үлгісі де қайта жаңартылып отыр. Qoldau-24/7 мобильдік қосымшасы 1406 байланыс орталығымен интеграцияланған. Яғни, медициналық сақтандыру және пациенттердің құқықтары туралы өтініштер тәулік бойы қабылданады. Азаматтардың барлық өтініштері өңделіп, тіркеу нөмірін көрсетумен өтініштер тізіміне енгізіледі,- деді Б.Ғазизов.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз