Сібір жарасынан сақтанайық!
Сібір жарасы – адамдар мен жануарлар үшін аса қауіпті жұқпалы ауру.
Қазіргі кезде Қазақстан Республикасының аумағында түйнемеден стационарлық- қолайсыз пункттер, адамдар мен жануарлар арасында тіркелген түйнеме ауруының ошақтары барлық облыстарда анықталып отыр.
Атырау облысының аумағы сібір жарасы қоздырғышын жұқтыру қауіптілігі бойынша шартты — қолайлы аймаққа жатады.
Әр адам малдан сібір жарасын жұқтыру қауіптілігін ескере отырып, жеке бастың тазалығы мен сақтық шараларына мән беруі тиіс. Малды сібір жарасына қарсы жыл сайын ектіріп отыру қажет. Сауда орындарынан ет сатып алу кезінде ветеринариялық анықтаманы талап еткен жөн. Сібір жарасының алдын алудың негізгі шаралары:
Мал шаруашылығымен айналысатын, ет және ет өнімдерін өңдейтін (ет тасымалдауға, сақтауға, сұрыптауға қатысатын адамдар), мал соятын, тері-жүн өңдеумен айналысатындар, бактерияның тірі қоздырғыштарын зерттейтін зертханашылар жыл сайын ауруға қарсы вакцинация алу керек.
Екпе — аурудың алдын алудың ең тиімді әдісі. Дүкендерде және базарларда ет сатып алу кезінде ветеринарлық анықтаманы және сертификатты талап еткен жөн. Кездесоқ адамдардан өнім сатып алмаңыз.
Жануарлар кенеттен ауырып немесе құлаған кезде дерек ветеринарларды шақыру қажет.
Мал өлген жағдайда тиісті құзырлы мекеменің мамандарына хабарлап, өртеп, жою керек. Сібір жарасымен ауырған мал жатқан немесе сойылған орынға басқа жануарларды жіберуге және адамдарды сол жерде жұмыс істеуіне тыйым салынады!
Аурудың алдын алу мақсатында сібір жарасы бойынша стационарлық қолайсыз пункт деп белгіленген жерлерде мал бағуға және шаруашылық жұмыстарын жүргізуге болмайды.
Егер сібір жарасы ауруының белгілері байқалса, тез арада медициналық көмекке жүгіну қажет!
-дүкендерде және базарларда ет сатып алу кезінде ветеринарлық анықтаманы немесе сертификатты талап ету;
-кездейсоқ адамдардан өнім сатып алмаңыз;
-аулада ауыл шаруашылығы жануарларын союға және жануарлардан алынатын шикізатты алдын ала ветеринарлық куәландырусыз өткізуге жол бермеу;
-жануарлар кенеттен ауырып немесе құлаған кезде дереу ветеринарларға хабарлаңыз;
-рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерінде, стационарлық қолайсыз пункттерде мал жаюға жол бермеу;
-жануарларға күтім жасау кезінде жеке бас қарапайым ережелерді сақтау. Ауру адамнан адамға жұқпайды.
Күміс ӘУБЕКЕРОВА,
Атырау қалалық санитариялық бақылау басқармасының маманы