Шетел тәжірибесі: «Соңғы 16 жылда Израиль клиникаларында ана мен бала өлімі болған жоқ»

whatsapp image 2021 11 02 at 18.31.57 Медицина

Атырау облысында ана мен бала өлімінің көрсеткіші көңіл көншітпейді. Осы олқылықты қалпына келтіруге бағытталған шаралар да жеткілікті. Облыс әкімдігінің шақыртуымен Израиль елінен келген бір топ дәрігер жергілікті медициналық қызметкерлерге шеберлік сабақтарын өткізіп, тәжірибелерімен бөлісті.

Облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова шетелдік дәрігерлермен кездесу өткізіп, облыстың денсаулық сақтау саласында жасалып жатқан жұмыстарға тоқталды. Бұған дейін Израильден келген білікті дәрігерлер көкейтесті мәселелерді қозғап, қаладағы барлық медицина мекемелерін аралап шыққан болатын.

– Бәріміздің басымызды қосып отырған – ортақ мамандық. Облыс басшыларының шақырғанына алғыс білдіреміз. Осы жылдар ішінде Қазақстаннан мыңнан астам дәрігерлер білім алды. Бірақ, Атырау облысына алғаш рет келуіміз. Біздің орталық бірнеше жылдан бері медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттырып келеді. Қолдан келетін істі өзгеге үйрету де зор игілік. Байқауымызша, облыста өз істерін жақсы меңгерген мықты хирургтер мен дәрігерлер бар. Дегенмен, білімін өзгеге үйретудің әдіс-тәсілдеріне жетік емес екен. Біз әріптестерімізге барлығы 7 шеберлік сабағын өткізеді. Алғашқы тақырыпқа ана мен бала өлімі таңдалған екен. Шынында да, ананың жүкті кезінде патологиялық ауытқуларын дұрыс анықтау маңызды саналады. Формалды дәріспен қатар, іс-тәжірибе де жүргіземіз. Әбден жүйеленіп, алдын-ала ойластырылған Израиль медицинасы әлемде пайда болған медициналық технологияларды алғашқы болып пайдаланады. Сондықтан, ол толықтай көп бейінді саналады, дара бейінді клиникалар бізде жоқ. Елде барлығы 25 аурухана, 32 психиатриялық аурухана бар. Соңғы 16 жылда Израиль елінің негізгі клиникаларында ана мен бала өлімі болған жоқ, – дейді «MVI» медициналық орталығының бас директоры Наталья Мелех.

whatsapp image 2021 11 02 at 18.31.55

Облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова шетелдік дәрігерлерден облыстағы денсаулық сақтау саласының олқы тұстары жөнінде пікір-ұсыныстар білдіруді сұрады. Өйткені, сын-ескертпесіз алға жылжу жоқ. Жұмысты соның негізінде жоспарлаған жөн.

– Пандемия бізге қатты соққы берді. Саладағы ақсап тұрған тұстарды соңғы екі жыл тап басып айтып берді десек те болады. Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов жуырда Атырау облысының кешенді даму жоспарына сәйкес барлық экономикалық-әлеуметтік салаға 9 миллиард теңге жұмсалатынын айтты. Бөлінген қаржының көпшілігі денсаулық сақтау және білім беру салаларына жұмысалады. Негізгі түйіннің шешілуі мамандарға байланысты. Ал, облыста мамандар жетіспейтінін мойындауымыз керек. Израильдік дәрігелердің тәжірибесі біз үшін маңызды. Алдағы уақытта да байланысымызды арттыра береміз, – деді Бақытгүл Қайыржанқызы.

whatsapp image 2021 11 02 at 18.31.56

Облыс әкімінің орынбасары шетелдік дәрігерлерді «Атырау жеріне келіп жатқан көмек» деп атап өтті. Сондықтан, мұндай тәжірибе алмаулардан аудандардағы дәрігерлер мен орта буын қызметкерлер тыс қалмағаны жөн. Бала сырқаты мен ана өлімінің қорқынышты екені рас, сол үшін барлық күш-жігер осы бағытта жұмсалады.

Медициналық мекемелерде ота жасап, шеберлік сабақтарын өткізіп, оқытып жатқан шетелдік дәрігерлермен облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов те арнайы кездесіп, шақыртуды қабыл алғаны үшін оларға алғыс білдірді.

Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз