Жарнама
Медицина

ШАПАҒАТ НҰРЫН СЕПКЕН

  — Орындық Жұбанқызы, 40 жылдық тарихы бар аурухананың айтары да көп болар. Яғни, «өткенсіз бүгін жоқ» деген, әңгімемізді аурухананың алғашқы құрылымынан бастасақ?

— Аталмыш емдеу орны 1974 жылы желтоқсанның 16 жұлдызында облыстық ауруханадан бөлініп, өз алдына балалар ауруханасы болып ашылған-ды. Емдеу орнының ашылуына сол кездегі өлкелік атқару комитеті төрағасының орынбасары Сұлтан Өжікеновтің зор ықпалы болған. Емдеу орнының қалыптасып,  жұмыс жасауына сол уақыттағы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Хайролла Қалжігітов пен облыстық педиатр Нина Горданның елеулі еңбегі бар. 120 кереуеттік және бір ауысымда 240 баланы қабылдайтын консультативті емханаға лайықталып ашылған емдеу мекемесінің алғашқы бас дәрігері, кеңестік медицинада өз қолтаңбасын қалдырған Үбина Қабиқызы Досқалиева болатын. Аурухананың емдеу ісінің өз деңгейінде жұмыс жасауына бірден-бір еңбек сіңірген бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Шәрбану Әміржанқызының еңбегі де аз болмаған. Ал, әр жылдары аурухананың бас дәрігерлері болып Г.И.Чайка, М.Н.Герасимов, Ә.Қарасаева, М.Төлешев, дәрігерлер М.Телешев, Н.Темірешева, А.Қабделов, Г.Русаев, Н.Берғалиев, М.Тұрланов, басқа да ақ желеңді әріптестеріміз балалар өмірін сақтау жолында елеулі қызмет еткен.

— Енді емдеу орнының бүгінгі тынысынан сыр бөліссеңіз…

— Бүгінгі таңда ауруханамыз балаларды емдейтін көп салалы және жан-жақты ем жүргізетін облыстағы бірден-бір емдеу орны болып саналады. 170 орындық емдеу орнында оташылар, құлақ, мұрын, тамақ, неврологиялық, өзге де бөлімшелер балалар денсаулығына қызмет көрсетеді. Жыл сайын мұнда қала, аудандардан келген 5000-дай бала емделіп, ауруынан айығуда.

 Бір ауысымда 150 баланы қабылдайтын консультативті емханамыз бар. Үстіміздегі жылдың мамыр айында жаңа жобалы ғимаратқа көшіп, онда ота жасайтын үш блок ашылды. Дәрігерлер мен орта буын мамандарымыз балаларға жүрек жылуымен қатар шипалы емдерін көрсетіп, күні-түні аяқтарынан тік тұрып қызмет етеді.

Айта кеткен жөн, Елбасының бастамасымен елімізде Бірыңғай ұлттық жүйе мен «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асуда. Осы бағдарламада, сондай-ақ Елбасының Қазақстан халқына арнаған әрбір Жолдауында балаларға қамқорлық, олардың денсаулығын сақтау мәселесі ең негізгі орында тұр. Ұжым мүшелері мұны ешқашан да естен шығармайды. Қазір біз Жолдауда тапсырылған міндеттер үдесінен шығуға жұмыстанудамыз.

— Емдеу саласында басқа да қандай жетістіктерді айтар едіңіз?

— Мамандарымыз шетелден алған білімдерін емдеу ісінде ұштастырып, жасалған оталары сәтті шығуда. Бізде отадан кейінгі шетінеу көрсеткіші біршама төмендеді. Заман талабына сай диагностикалық құрылғыларды қолданудың нәтижесінде мекемеміз балаларға күрделі оталарды жасау жөніндегі өңірдегі бірден-бір орталыққа айналды. Атап айтқанда, аурухана еуростандартқа сәйкес компьютерлік томография, рентгенография, эндовидеохирургия, ультрадыбыстық зерттеу аппараттарымен қамтамасыз етілген. Соңғы үлгідегі диагностикалық сәулелі, функционалды, эндоскопиялы, биохимиялы, аудиметрлі, басқа да медициналық құрылғылармен жарақтандырылған. Бұл жүйке жүйесінің және асқазандары мен ішектерінде туа біткен дерті  бар балаларға жоғары дәрежеде медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, ауруханаға Астана, Алматы, Ақтөбе қалаларынан ғалым-дәрігерлер келіп, әріптестерімізге өздерінің іс-тәжірибелерін үйретеді. Ал, жыл сайын АДЖИП компаниясының қолдауымен Ресейдің Тула қаласынан дәрігерлер ауруханамызда болып, ДЦП ауруларына ота жасап, жергілікті дәрігерлерге әдістемелік көмектерін көрсетеді.

— Сөз орайында емдеу орнының материалдық базасы, яғни медициналық құрал-жабдықтармен жарақтандыру жайына тоқтала кетсеңіз?

— Бұл орайда облыс әкімі мен денсаулық сақтау басқармасы тарапынан үлкен қолдау, көмекті айқын сезініп отырмыз. Заман талабына сай жаңа медициналық құрылғылармен қамтылудамыз. Өткен жылдары және биыл көптеген медициналық құралдарға қол жеткіздік.

Жаңа аппаратураларды айтқанда, ультрадыбыстық зерттеу арқылы жүректің туабітті ақауын анықтау, электроэнцефолограф, ИФА, тыныс және наркоз аппараттары, аурулы туған нәрестелерді күту, ас қорыту, ішек ауруларын зерттейтін, басқа да құрылғылар пайдаланылуда. Осы бағытта мамандарымыз Алматы, Астана қалаларында, жақын шетелдерде болып, білімдерін жетілдіріп, жаңа қондырғылардың тілін жете меңгеруде. Рейтинг бойынша ауруханамыз республика деңгейінде алдыңғы орынға шығып отыр. Аурухана мұндай жетістікке мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлықтың арқасында қол жеткізуде. Бұл тұрғыда аурухананың бас дәрігері, медицина ғылымдарының кандидаты Нұрқабыл Айтмұхамбетовтің ұтымды ұйымдастырушылық еңбегін бөле-жара айтуға тиіспіз.

— Сіздерде маман дәрігерлермен қамтылу жайы қалай?

— Бізде мамандарымыз толық. Қазіргі уақытта ауруханада 270 медицина қызметкері еңбек етеді. Олардың 45-і — жоғары, бірінші дәрежелі дәрігерлер болса, 225-і орта буын медицина маманы, олардың үштен екісіне жуығы жоғары, 1-ші дәрежелі мамандар. Бүгін көптің құрметі мен алғысына бөленген ақ желеңділердің есімдерін атаған жөн секілді. Мысалы, Ж.Өтемағанбетов, Г.Мерғазиева, А.Ерғазиева, С.Т.Хван, Д.Сабыров, Ж.Айталиева, Н.Қондыбаева, Г.Ильясова, О.Қонысова, З.Әбілхасанова, Б.Қажниязова, бас есепші А.Мұханбетқалиева, мейірбикелер М.Құбаева, Б.Мұсағалиева, М.Ағысова, Т.Мұхаметжанова, А.Қуанова –  ұжым мақтаныштары. Көптеген әріптестеріміз Израиль, Түркия, Литва елдерінде және Мәскеу, Санкт-Петербург қалаларының үздік клиникаларында болып, тәжірибе жинақтады.

— Балалар арасында бүгінгі таңда аурушаңдықтың қандай түрлері байқалады?

— Қазір балалар арасында жүрек ақаулары, қаназдық, бүйрек және басқа да аурулардың өсіп отырғаны байқалады. Бала көтеретін жастағы көптеген әйелдердің денсаулығы нашар. Сондай-ақ, бір жасқа дейінгі сәбилердің шетінеу деңгейі де бәсеңдер емес.

Кейде балалар өліміне ата-аналардың өздері де кінәлі. Балаларын уақытында дәрігерге көрсетпей, «не қылар дейсің» деп арқаны кеңге салу немесе бақсы-балгерге көрсетіп, ауруды асқындырып алу, айналып келгенде бала өліміне әкеліп соғады.

— Сөз соңында алға қойған мақсат-мүдделеріңіз…

— Елбасының биылғы Қазақстан халқына арнаған «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты  Жолдауында әлеуметтік салада халық денсаулығының салауатты болуына ерекше маңыз беруі медицина қызметкерлеріне жүктелген жауапты міндет деп түсінеміз. Қырық жылдан бері балалар денсаулығының бағбаны болып келе жатқан облыстық балалар ауруханасының ұжымы да Ел Тәуелсіздігінің арқасында халық денсаулығын сақтауда  қол жеткен жетістіктерді баянды ете бермек. Даналарымыз «балаңды қорға, оны жаны мен тәніне қауіпті нәрселерден сақта, қажет болса жеке мүдделеріңді құрбан етіп, қорға» деген екен. Ендеше, болашағымызды қорғайық, өйткені, ол – келешегіміз.

— Сұхбатыңызға рахмет! Еңбектеріңізге жеміс тілейміз.

 

 Ғайнолла ЗИНУЛЛИН.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button