Шала туған шақалақтар…

f082c93a 2dc6 4894 bf65 a188d0aef041 Медицина

Ретинопатия орталығының артықшылығы неде?

Енді Атырау өңірінде айы-күні жетпей өмірге келген шақалақтардың көз жанарын сақтап қалуға мүмкіндік жоғары. Олай дейтініміз, осы аптада облыстық перинаталдық орталықта ашылған шала туылған нәрестелер патологиясы ретинопатиясында дәрігерлер тек Атырау емес, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарынан да келген дертті сәбилердің көзіне ота жасап, жарық сәуле сыйлай алады.

Орталықтың ашылу салтанатына сол өңірлерден де ақ халаттылар келді. Олар мұның сәбилерге берілген ерекше мүмкіндік екенін атап көрсетіп, ризашылығын жеткізді. Өйткені бұған дейін елдегі орталық қалаларға жете алмаған талай бала суқараңғы болғаны жасырын емес. Өкініші өзекті өртегенмен ащы шындық сол еді. Біз мүмкіндіктің жоқтығынан нәрестелерге дер кезінде көмек қолын соза алмаған мамандардың мұңына да құлақ түрдік…

60-қа жуық ота жасалды

Шынында, біз мұндай орталықты маман бола тұра кез келген сәтте аша алмаймыз екен. Өйткені нәрестелердің денсаулығын тексеріп, ота жасайтын медициналық құрылғылардың құны арзан емес. Ал, Атыраудың перзентханасында ашылып отырған орталыққа демеушілердің көмегімен «Аяла» қоғамдық қоры қол ұшын созған.

– Көздің торлы қабықтарындағы тамырлардың екіжақты бұзылуын сипаттайтын ретинопатия кеселі бүгінде ең қиын дерттің біріне айналып, белең алып барады. Яғни, ауыр жағдайда мерзімінен бұрын, жүктіліктің 34 аптасына дейін туған нәрестелерге дер кезінде ота жасалмаса, болашақта қос жанарынан мүлдем айырылып, зағип болып қалуы мүмкін. Қазақстанда шала туған нәрестелердің ретинопатиясын анықтау үшін перинаталдық орталықтарда офтальмологиялық скрининг жүргізіледі. Біз оған қажетті жабдықтармен қоса әуелі арнаулы мамандар жұмыс істейтін орталық ашу керектігін түсіндік. Атырау облыстық перинаталдық орталығы «Аяла» қайырымдылық қорының қолдауымен 2015 жылы диагностикалық офтальмоскоппен жабдықталды. Бірақ 2016 жылға дейін арнайы маманның жоқтығына байланысты ретинопатия диагнозы анықталған нәрестелер дер кезінде Алматы мен Астана қалаларына жіберіліп келді. 2016 жылы бұл бағыттағы оқытылған маман штатқа алынып, содан бері қарай 59 ота сәтті жасалды. Биылдың өзінде ота жасалған бес баланың екеуі маңғыстаулық сәби, – деді облыстық перинаталдық орталықтың басшысы Қазбек Ермағамбетов.

Қаңтар айында күнінен бұрын дүние есігін ашқан сәбиінің көзіне ота жасатып, киім-кешегін түйіп, үйіне жүрмекші болған маңғыстаулық ананың бірі Сәуле Сариева осында келіп шақалағының жанарын аман сақтап қалыпты. Жеті айлығында дүниеге келген бесінші перзентін аман алып қалған атыраулық дәрігерлерге Сәуленің алғысы шексіз.

– Дәрігерлер көзінің көрмейтінін айтқанда біраз уайымдадым. Ата-ана үшін бауыр еті баласының денінің саулығынан артық байлық жоқ қой. Баламның кемістікпен туғанына қынжылғаным да рас. Дегенмен уақыт жоғалтпай, екі облыс дәрігерлерінің өзара ауызбірлігінің арқасында осы жерге келіп, баламның көзіне ота жасалды. Келгелі сәбиім біраз салмақ та қосты. Алтын қолды дәрігерлерге аналық алғысымды айтамын! – деді ол.

3ecdcda7 541a 4afd 94e9 9eb571ea890e

Жас аналардың саулығы кемшін

Статистикаға қарағанда, соңғы жылдары күнінен бұрын босану көбейген. Дәрігерлер бұрын мұндай факт егде жастағы әйелдер арасында ғана орын алса, қазір жап-жас аналардың арасында да жиілеп кеткенін айтып дабыл қағып жүр. Облыстық перинаталдық орталықтың жансақтау бөлімінде өмір үшін күресіп жатқан шала туған нәрестелердің қасында тұрып осылай деген неонатолог дәрігер Алмагүл Хайруллина мұның қазір басты проблемаға айналып бара жатқанын айтты. Ал, шала туған шақалаққа ерекше күтімнің қажеттігі былай тұрсын, түрлі айықпас дертке шалдығып жататыны тағы бар.

Жансақтау бөлімінде өкпені жасанды желдету (ӨЖЖ) аппаратымен демалып жатқан кіп-кішкентай тағдырлардың өмірі қыл үстінде. Арнайы құрылғыға қосылған балаларды көргенде тұла бойың тітіркенеді. Алмагүл Байғалиқызы бұл бөлімшеде небары 500 грамм салмақта өмірге келген шарананың да болғанын айтты. Осы жерде айлап жатып, дәрігерлердің кәсіби біліктілігі мен тынымсыз еңбегінің нәтижесінде салмақ жинаған балақай үйіне шыққан соң сырқаттанып қалып, облыстық балалар ауруханасында шетінеп кетіпті. «Ол хабар бізге өте ауыр тиді. Қанша күн мен түн күтіп-баптап жетілдірген нәрестеміздің шетінеп кеткенін естігенде көпке дейін өз-өзімізге келе алмадық», – дейді дәрігер.

Мұнда шақалақтар кемінде 2 килограмм салмаққа жету үшін айлап жататындақтан дәрігерлер мен орта буын қызметкерлердің балаларға әбден бауыр басып, өз баласындай көріп кететіні рас. 20 желтоқсанда 940 грамм салмақпен жарық көрген сәби әлі күнге дейін екі айдан бері осындағы дәрігерлердің бақылауында. Қазір 1 килограмм 607 грамм салмаққа жеткен қыз балаға әлі де күтім керек екен. Өйткені шақалақ өз бетімен тыныс ала алмайды.

4f430a80 9c45 454b 9103 4660af2200a1

Міне, жоспарсыз жүктілік пен денсаулықққа салғырт қарағанның кесірі. Орталықты аралай жүріп, біз ересектердің саналы түрдегі іс-әрекетінің зардабын анық сезінгендей болдық. Ащы да болса айтайық, бұл бүгінгі ер мен әйелдің өз ұрпағының болашағына өз қолымен балта шабуы. Себебі жүктілікті жоспарлау мәселесін дәрігерлер бекерге алдыңғы кезекке шығарған жоқ. Демек құрсақтан шыға сала ананың құшағында емес, аппараттың құрсауында жатқан шақалақтардың кінәсі қандай?!

Көрші өңірлерге бөлінген көңіл

Қазақстанда тек былтырдың өзінде 1600-ге жуық шақалақ ретинопатия дертімен дүниеге келген. Бұл алдыңғы жылдармен салыстырғанда 34 пайызға көп. Статистикалық салыстыруларға сүйенсек, бұл елде жыл сайын 20 мыңға жуық нәресте шала туылады деген сөз. Ал олардың 38-40 пайызының ретинопатия ауруы бар. Өкініштісі сол, елімізде дертті емдейтін құрал-жабдық жетіспейтіндіктен дер кезінде офтальмологиялық ота жасалмай, сәбилер соқырлыққа душар болуда. Сондықтан Астана, Алматы мен Ақтөбеден кейін Атырауда ашылып отырған орталықтың ендігі өмірге келер ұрпақтың саулығын сақтауда маңызы өте зор.

Қазақстанда шала туған шақалақтар дүниеге келетін перинаталдық орталықтарда нәрестелердің ретинопатиясын анықтайтын бірден-бір тәсіл – офтальмологиялық скрининг жасау. Өйткені олардың көз жанарындағы ақау тек арнайы диагностикалық тексеру арқылы анықталады екен.

«Әттең дейсің! Амал не?..»

Орталықтың ашылу салтанатында жергілікті мамандар енді көршілес өңірлермен де тығыз қарым-қатынас орнататындарын ашып айтты. Яғни, Атырауда аталған ота түрін сапалы жасауға толық мүмкіндік бар. Шараға арнайы келген Маңғыстау, Қызылорда, Батыс Қазақстан облыстарынан келген мамандар қолдың қысқалығынан мұндай мүмкіндік жоқ екенін растады.

– Өкінішке орай, Маңғыстау облысында мұндай орталық, тіпті отаға қажетті құрал-жабдық та жоқ. Соның салдарынан былтыр 6 бала соқырлыққа душар болды. Бір жағынан оларды қағазбастылықтың кесірінен бас қалаларға уақытында жеткізе алмадық. Сансыз қан талдамаларын тапсырып, республикалық орталықтарға жіберіп, оның жауабын күтеміз. Жауап келсе де санитарлық авиация келіп болмайды. Біздің жанайқайымыздан еш нәтиже болмай тұр. Бұған біз дәрігер ретінде қатты өкінеміз. Осы жолы атыраулық әріптестерім артық сөзге келместен бірден келісім беріп, жаңаөзендік екі нәрестені қауіпті дерттен құтқарып қалды. Қуанышымызда шек жоқ. Алдағы уақытта да біз Атыраудың көмегіне жүгінетінімізді жасырмаймын, – деді Маңғыстау облысының штаттан тыс офтальмолог дәрігері Әсел Дикаева.

Коронавирустың кесірінен…

Әсел Сапарбайқызының айтуынша, қазір өмірге келіп жатқан ұрпақтың саулығынан коронавирус инфекциясының зардабы байқала бастаған. Тіпті, анасының құрсағында дамып, жетілген салмақты нәрестелер де түрлі туабітті дертке шалдығады екен.

– Бұрын біз сәби 27-28 аптада дүниеге келсе «1 килограмм тым кішкентай, ретинопатияға анықталады» деп қорқушы едік. COVID-19 пандемиясынан кейін бұл дерттің күрделі түрі, тіпті 34-35 аптада өмірге келген салмағы 2 келіден асатын сәбилерден де анықталып отыр. Мұны ковидтің салдары деп мен ғана айтып отырған жоқпын, астаналық дәрігерлердің де пікірі осындай. Әзербайжан астанасы – Баку қаласында өткен конференцияда ковидтің салдарымен күресіп жатқанымызды айтқанымда, ресейлік әріптестер орындарынан қос қолын көтере тұрып: «Дұрыс айтып отырсыз, бізде де нәрестелер осындай қан тамырлары ауруларымен өмірге келіп жатыр» деп шулай жөнелді, – деді Ә.Дикаева.

Маңғыстаулық дәрігер, әсіресе, коронавирустың симптомсыз түрімен ауырған аналардың өмірге әкелген перзенттерінде мұндай дерттің көп анықталатынын жасырмады.

Мәлике ҚУАНЫШЕВА

Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз