КЕСАПАТТЫ КЕСЕЛДЕН ҚАЛАЙ АЙЫҒАМЫЗ?

- Меңдібай Қайроллаұлы, қазіргі таңда аймақта бірден-бір емдеу орталығы болып отырған облыстық наркологиялық диспансердің материалдық-техникалық мүмкіндігі қалай? Емделушілердің толықтай сауығып кетуіне қандай жағдайлар жасалған?

– Алдымен айтарым, нашақорлық – денсаулық сақтау саласының айналысатын маңызды проблемаларының бірі. Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында, еліміздің ұзақ жылдарға арналған стратегиялық бағдарламасында мемлекеттің негізгі басым бағыттарының бірі – салауатты өмір салтын орнықтыру, нашақорлыққа, маскүнемдікке қарсы күрес. Осы тұрғыда облыстық наркологиялық диспансерде нашақорлықпен қатар, маскүнемдік пен токсикоманияны емдеуге болады.
Мұнда 125 кереуеттік орында науқастар жатып ем қабылдайды. 25 кереуеттік дәрі-дәрмекпен түзету, 6 кереуеттік қарқынды емдеу палатасы, 30 орындық психо-әлеуметтік оңалту, 60 кереуеттік еріксіз емдеу, 10 төсек орынға жабдықталған жасөспірім бөлімшелері мен 5 орындық ақылы бөлімше есірткі және алкогольді ішімдікке салынғандарды емдейді. Сонымен бірге, есірткіге тәуелділерді анонимді емдеу кабинеті, 20 кереуеттік тәулік бойы медициналық көмек көрсету қызметімен уақытша бейімдеу, уытсыздандыру орталығы жұмыс істейді. Дене шынықтыру залы, физио емдеу бөлмесі, биохимиялық зертхананың қызметін де пайдаланады. Ал қала, аудандардағы емхана, ауруханалар наркологиялық кабинетпен қамтылған. Емдеу орнына жыл сайын бірнеше жүздеген есірткі тұтынатындар мен алкогольді ішімдікке бой алдырғандар түсіп, тиісінше ем алып шығады. Ағымдағы жылы нашақорлыққа тәуелді 8265 адам есепке алынды. Мұнда жатып немесе стационарлық ем алған алкогольге салынғандар да аз емес.
– Демек, іс жүзінде нашақорлыққа салынғандардың үлес салмағы сіз айтқандай әлдеқайда көп деуге болады ғой. Мәселен, наркологиялық диспансер мамандарының көмегін алғысы келмейтіндерді айтпағанның өзінде, сол көмекке жете алмайтындар да бар. Біреулерінің наркологтарға көрінуі үшін облыс орталығына аяғы жетпей жатады. Өйткені, диспансер сіз айтқандай, негізінен, облыс орталығында орналасқан ғой…
-Иә, бізде тұрғындарды, соның ішінде ауылдық жерлердің тұрғындарын наркологиялық қызметпен қамтамасыз етуде проблеманың бар екені рас. Аудан орталықтарында, елді мекендерді айтпай-ақ, облыс орталығының өзінде нарколог-мамандар жетіспейді. Бұл мамандарға сұраныс жоғары. Наркология – ерекше сала. Жас мамандардың бұл салада өз орнын тауып, жұмыс істеп кетуі оңай бола бермейді.
Бүкпелейтіні жоқ, нашақор дертіне шалдыққандар тек қалада емес, ауыл, аудандар да баршылық. Бұрынғы жылдарды айтпағанда, биылғы жылдың өткен кезеңі ішінде Атырау қаласында – 713, Құрманғазы ауданында – 3, Индерде – 9, Қызылқоғада – 1, Мақатта – 20, Жылыойда 110 адамның осы дертке шалдыққаны анықталып отыр.
– Нашақорлық Алланың жіберген ауруы емес. Оны адам өзі тілеп алады. Есірткіні пайдаланбаса, ол ауырмайды ғой. Осыны оның өзі біліп, түсінбесе, жасалған емнің бәрі зая кетпей ме? Мәселен, Қытайда, басқа да кейбір шығыс елдерінде есірткіні пайдаланушылар мен оны таратушылар аса қатаң жазаға тартылатын көрінеді. Яғни, сұрап алған аурудың емі жоқ дегенге қалай қарайсыз?
-Жөн айтасыз, ондай елдер нашақорларды емдегенмен, оларға жазалау шараларын қолдануға өте көп қаржыны сарп етеді. Оларды қоғамнан оқшау жерлерде ұстайды. Қалай болғанда да, нашақорлық ауруға жатады. Себебі, адам есірткі заттарын пайдалана келіп, ауруға айналады. Ал, ауруды емдеу керек. Егер де сіздің басыңыз ауырса, одан айығу үшін бас ауруын жазатын дәрі ішесіз. Нашақорлық – одан күрделі ауру. Нашақор қашан есірткінің тиісті көлемін пайдаланғанша, жанын қоярға жер таппайды. Оның ауырмайтын жері болмайды. Санасы уланады. Сондықтан, оны емдегенде бір күн, екі күн емес, тұрақты қолдау көрсетіп емдеу керек.
-Есірткінің құрсауына түскендер наркодиспансерде құлан-таза айығып шыға ала ма?
– Біз науқастарды емдегенімізбен, олар күндердің бір күнінде есірткіні қайта қолданбайтынына еш кепілдік бере алмаймыз. Олардың көбі мына өмірден мүлде түңіліп, емделуге еш ниеті қалмайтын жағдайлар да кездеседі. Ондайларға ем қонуы екіталай. Одан бөлек, жоғарыда айтқанымыздай, есірткі қолданудағы «стажы» тағы бар. Бір-екі ай ғана есірткі қолданған науқас пен 10-15 жылдық ғұмыры инеге байланған жанды емдеудің жер мен көктей айырмашылығы бар. Өкініштісі сол, науқастардың есінде оның қалай қиналғаны, етжақындарының қандай күйге түскені емес, бір сәттік есірткінің алдамшы ләззаты ғана қалады. Ол сол күйді тағы бір кешу үшін бәріне даяр. Мәселен, героин қолданатын нашақорға «қорегін» қолына түсіру үшін күн сайын 15-20 мың теңге керек. Ал, оны жұмыс істемейтін ол қайдан табады? Осыдан соң оны қылмысқа итермелейді. Ақыры нашақордың өмірі не түрмеде үзіледі, не есірткіні мөлшерден тыс қолданып, өз түбіне өзі жетеді. Бұл жерден емделіп шыққанымен қайтадан сол бұзақы ортасына тап болуы, қолына қомақтылау қаржы түссе, нашаға жұмсау туралы ойдың бас көтеруі ықтимал. Тіпті, кейде жасөспірімнің ата-анасы нашақор болуы да мүмкін ғой. Сондықтан, науқасқа бұрынғы ортасын ұмыттырып, біз оларды жаңа өмір бастауға ұмтылдыруымыз керек. Отбасы мүшелері науқасты рухани жағынан қолдап, ерекше мейірімдерін төксе, етжақындарын сездіріп, көмек қолдарын созса, құба-құп. Сол арқылы сырқат өзінің отбасына керектігін, ол үшін жаны ауыратын жақындары бар екенін сезінуі тиіс. Біздің міндет – адасқандарды өмірге оралту.
– Баласының осы жолға түскенін, яғни нашақор екенін біле тұра, «баласы нашақор екен, соны емдетіп жүр» дегенді естісе елден ұят» деген жалған намыс қысып, баланы емдеу орталығына әкелмеуге тырысатындар да жоқ емес. Амал жоқ, баланың беті бері қарамауға айналғанын байқағанда ғана амалсыз алдарыңызға жететінін естиміз. Бұған не дейсіз?
– Бұл жағдайға бірнеше рет куә болдық. Сондағы байқайтынымыз, ата-ана мен перзент арасындағы туыстық байланыс әлсіреген. Яғни, үлкеннің кішіге деген, кішінің үлкенге деген сыйластығы жойылған. Оған ересектер тарапынан да кінә бар. Ақша табам деп жүріп, бала тәрбиесіне мән беруді қойған. Баланың материалдық қажеттілігін өтеймін деп жүріп, рухани мұқтаждыққа ұшыратады. Осыдан соң бала өзін ешкімге керексіз, әрі жалғыз сезінеді. Оның ақыры жаңа орта тауып, «ессіз ермекке» бой алдыруына әкеп соғады. Сондықтан, ата-аналарға айтарым, балаларыңызға тек ақша емес, мейірім керек екенін естен шығармасаңыздар екен. Өйткені, жасөспірімнің тағдыры үшін әр сағат қымбат. Сол себепті, кейін бармақ тістеп, өмір бойы өкініп өтпес үшін абай болайық. Ал, тағдыры қыл үстінде келген науқастарға біздің қолдан келер дәрмен де аз.
– Соңғы сауал. Диспансерде нашақор дертіне шалдыққандарға қандай көмек көрсетіледі?
-Диспансердің емдеу әдісі туралы айтқанда, ерекше атап айтар бір тәсіл бар. Ол – емделушінің аты-жөнін айтпай-ақ, құжат көрсетпей-ақ емдеу бөлімшесіне келіп, бүркеншік есіммен емделе алуы. Мұндай тәсіл қолдану көпшілік нашақорлардың ем алудан қашпауына себеп.
Десек те, есірткіні жаңа тұтына бастап, одан өзінше «ләззат» алып жүргендер бірден келе қоймайды. Бұл сатыда олар сол «кайфтың» қызуы денесіне тарап, денсаулығын мазалаған кезде ғана келуге мәжбүр болады. Ондайда ұйқысы қашып, сүйектері қақсап, жүйкесі бұзылып, ашуланшақ бола бастайды. Кейде баласының мінезіндегі осындай өзгерістерді байқаған ата-анасы алып келеді. Ересек болса жұбайы, болмаса дос-жарандарының жетегімен келсе, әлеуметтік қауіпті нашақорларды құқық қорғау органдары алып келіп тапсырады.
Облыста осы дертке шалдыққандардың алдын алып, оларды емдеу жүйесінде облыс әкімінің 2010-2014 жылдарға арналған бағдарламасы бар. Осы бағдарлама бойынша нашақорларды тегін емдеу, болмаса Павлодар қаласында нашақорлық дерті меңдеген адамдарды медициналық оңалту орталығына жіберіп емдетуге ерекше көңіл бөлінуде. Бұған облыс бюджетінен біршама қаржы бөлінген.
Түйіндеп айтқанда, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында «Адамдар неліктен өз денсаулықтарын құртып, оны улайтындарға төзіммен қарауға тиіс. Мен барлықтарыңызды шылым, есірткі, ішімдік сияқты зиянды әдеттерге қарсы күресуге шақырамын. Осы жаман әдеттерді бойымызға жұқтырмауымыз керек» деген сөзі кім-кімнің де жадынан шықпауы тиіс.
– Әңгімеңізге рахмет.

Ғайнолла ЗИНУЛЛИН.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз