Жарнама
Медицина

Сақаулық сорымызға айналмасын

немесе науқас бала неге көп?

Ақиқатын айтсақ, қазіргі қоғамда сақау және психикалық дамуында тежелуі бар балалар көбейді. Зер салып қарар болсаңыз, мұндай балалар облыстағы әрбір үшінші отбасында кездеседі екен. Бірақ көбінесе ересектер «өзімізге тартқан», «бәленшенің баласының да тілі кеш шығып еді» деген сылтаумен дертті дендетіп алатын көрінеді. Күніне осындай дертпен ондаған балаға оңалту жүргізетін «Болашақ К» қоғамдық бірлестігінің мамандары мұны эпидемияға балап, дабыл қағып отыр.

Өмірге он екі мүшесі сау болып келген сәбидің қалыпты дамуына не кедергі? Бұл ата-ананың балаға уақыт бөлмеуінен немесе саулығына атүсті қарағанынан ба? Әлде сақаулық біз білмейтін «заманауи» дерт пе?

Біздің бұлайша топшылауымызға «Болашақ К» бірлестігінің «Үміт сыйлау» жобасын қорытындылау мақсатында ұйымдастырған конференциясы түрткі болды. Жоба қоғамдық бірлестіктің «Қолдау» бағдарламасы бойынша облыстық ішкі саясат басқармасына қарасты «Азаматтық орталық» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қолдауымен жүзеге асып отыр.

Қазан айында басталған жобаның жемісін көргендер жоқ емес. Заманға лайық инновациялық технологияларды пайдаланып, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарындағы балаларды оңалтуды көздейтін жоба аясында 15 сырқат бала ем-домын алған. Ақыл-ой, мінез-құлық және іс-әрекетінде өзгешелігі бар, мемлекеттік бағдарламаларға енгізілмеген немесе ата-аналардың қаражат жағынан мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту шараларын жаңа тәсілдер мен озық технологияның көмегімен жоғары кәсіби мамандар тобы жүргізген. Оңалту барысында биорезонансты терапия, биоэнергетикалық массаж, мидың микрополяризациясы сияқты тың әдістер қолданылған.

– Емнің мұндай түрлерін негізінен айлап, жылдап өткізу керек. Өйткені оның нәтижесі үш ай шамасында көрінеді. Тілінің ғана кемістігі бар балаларда нәтиже жылдам болады. Ал сөйлемейтін және психикалық бұзылыстары бар балалардың емі ұзаққа созылады. Терапияны осымен ғана шектемей жалғастыра берсе, дертінен құлан-таза айығып кетуіне мүмкіндік бар. Тіпті аутизм белгілері бар балалардың өзі ерте және үздіксіз, өзге де мамандардың көмегімен кешенді түрде ем алса сауығып кететінін шетелдік те, отандық та ғалымдар растап отыр. «Үміт сыйлау» жобасы өз мәресіне жетіп жатқанымен, біз басқа да жобаларды қолға алып, оңалту шараларын қажет ететін балаларға көмектесуді тоқтатпаймыз, — деді бірлестік директоры Жібек Қуанғалиқызы.

«Үміт сыйлау» жобасы аясында 10 күн биоэнергетикалық массаж алу ондай диагноз қойылған бүлдіршіндерге аз болатынын орталықтың кинезиотерапевт маманы Әдемі Тұрсынғалиева да растайды. Десек те, бұл жолы балалардың саулығында сәл де болса оңалу белгілері байқалған.

– Биоэнергетикалық массаж аппараты адам бойындағы меридианның бойымен жүріп, каналдарды ашады. Сол арқылы ағзада қан айналымы жақсарып, басқа оттегі барып, иммунитет көтеріледі. Құрамында күмісі бар арнайы қолғаппен жасалатын массаждың бұл түрі қолмен жасалған 10 массажбен тең. Алғашқы күні бала оны сезбейді. Екінші, үшінші күнге жетіп, меридиандар ашыла бастаған соң әсері жақсы байқалады. Гипоксия болған жерлерге қан барып, біртіндеп нәтижесін береді. Ол біз үшін үлкен жетістік, — деді дәрігер.

Әйтсе де, массаждың мұндай түрін алуға кез келген ата-ананың қалтасы көтере бермейді. Биоэнергетикалық массаждың жобаға енгізілуінің басты себебі де осында. Логопедиялық дамыту орталықтарының қаптап кетуі де зейіні тұрақсыз, сөйлей білмейтін балалардың көптігінің айқын көрінісі.

– Бұрын біз тірек-қимыл мүшесі бұзылған (сал ауруы, моторлық жағынан дамуында тежелуі бар) науқас балалармен жұмыс жасасақ, соңғы жылдары орталығымызға психоэмоциналды, сөздік қоры жоқ, көзге тіке қарай алмайтын, есіміне елеңдемейтін балалар көптеп келуде. Мұндай балалардың көбеюі соншалықты үлкен мәселеге айналып барады. Оның салдарын біле тұра, сәбиін теледидардың алдына жатқызып қоятын немесе сағаттар бойына қолына телефон ұстата салатын ата-аналар көбейді, — деді «Болашақ К» бірлестігінің кинезиотерапевт дәрігері Гүлмира Жұмашева.

Мамандар бұған цифрлық ақпаратық жүйенің, технологияның дамуының да себебі барын жоққа шығармайды Тіпті, естіп жүрсеңіз бүгінгі қоғамда «цифрлық аутизм» деген термин де пайда болған.

Цифрлық аутизм – баланың ұялы телефонға екі-үш жасынан тәуелді болуы. Бастапқыда бала психологиялық тұрғыдан қалыпты дамып, айналасында болып жатқан жайттарға уақытында назар аударып, қоршаған ортаға қызығушылық танытып, білімін жан-жақты толықтырады. Бірақ біртіндеп ұялы телефонға деген тәуелділігі артып, көп уақытын гаджетпен өткізеді. Әбден шарықтау шегіне жеткенде шынайы достарын виртуалды әлемдегі кейіпкерлер алмастырып, өзін қызықтырған мультфильмдерді ғана көргісі келеді. Осылайша, басқалармен қарым-қатынасқа түсу қажеттілігі азаяды. Бұдан соң баланың ақыл-ойы, сөйлеуі, жалпы қоғаммен қарым-қатынасы шектеліп, «өз әлемінде» ғана қалады.

Егер екі жарым жастағы балаңыздың сөйлеуі нашар немесе тілі дамымай жатса, дереу дабыл қаққанның артығы жоқ. оны мамандар да қуаттап отыр. Алдымен баланы невропатолог тексеріп, сосын логопед-дефектолог жұмыс жасауы тиіс. Қазақылыққа салынып, «әкесіне тартқан» немесе «ағасының да тілі жай шықты» деп жүре берсе, ахуал күрделілене түсіетінін мамандар қатаң ескертті.

Конференция барысында жоба аясында балаларын емдеткен ата-аналар дәрігерлерге ризашылығын да жеткізді. Баласынан оң өзгеріс байқаған жоба қатысушысының бірі атыраулық Нұргүл Молдашева ем алған соң ұлының оқуға ынтасы ашылып, сабақ үлгерімінің жақсарғанын айтып қуанды.

– Қазан айының 23-нен бастап балам осы орталықта он күн бойы биорезонансты терапия, биоэнергетикалық массаж алды. Он бір жастағы балам бұған дейін өз ойын еркін жеткізе алмайтындықтан тым тұйық болатын. Өзі өмірге таңдайы тесік болып келіп, оған «ринолалия» диагнозы қойылды. Осы орталықтан көп балалы отбасы ретінде тегін ем  қабылдап, біраз жақсарып қалды. Ең бастысы, айналасындағы адамдармен емін-еркін әңгімелесе бастады, — деді ол.

Бала тіліндегі, ақыл-ойындағы кемшілік тек бір отбасының немесе арнайы орталықтардың проблемасы емес. Дертті балалардың көбеюі қоғамның күрделі түйініне айналып барады. Ал ата-ананың дер кезінде бала бойындағы кемшілікті байқап, дәрігерге қаратпауы – ең басты қателік. «Болашақ К» қоғамдық қорының директоры, тәжірибелі маман Жібек Бисенова да ерте жастағы емнің ерекшелігін айтып, оның ата-аналар үшін қолжетімді болуына назар аударды. Тіпті ерте дамыту орталықтары қалада дәріханалар секілді көбірек ашылса да артық етпес еді.

Бала қолына гаджет берген ата-ананың кінәсін өзі көтермеске лажы жоқ. Бірақ есейген баланы сөйлету, оның ақыл-ойын қалыпқа келтіру ұзақ ем мен зор сабырлылықты қажет етеді. Егер перзентіңіздің ертеңін ойласаңыз, сәбиіңізді теледидар мен телефоннан аулақ ұстаңыз!

Мәлике ҚУАНЫШЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button