«Сәби сүйгім келеді…»

Осыдан 21 жыл бұрын Қазақстанда экстракорпоральды, яғни, денеден тыс ұрықтандыру зертханасы – «Экомед» емханасын алғашқы болып ашқан Салтанат Байқошқарова Атырауға келіп, «Қазақстан» қонақүйінде репродуктивті денсаулықты қорғау мәселесіне арналған конференция өткізді.

Оның айтуынша, осы уақыт аралығында көптеген жұмыстар атқарылды. Бүгінгі күні де жас мамандар даярланып, жаңа технологиялар енгізілуде.

– Орталық ашылысымен жұмыс бірден жүйелі жолға қойылып, бір жылға жуық уақыттан соң денеден тыс ұрықтандыру әдісінің көмегімен алғашқы бала дүниеге келген. Қазір ол жиырма жасқа толып, Англияда білім алуда. Содан бері орталықта ем алу арқылы мыңдаған бала жарық дүние есігін ашты. Соның ішінде атыраулықтар да бар. Бұдан бұрын Атырауға біздің орталық арқылы туылған сәбидің сүндет тойына келген болатынмын, – дейді биология ғылымдарының докторы Салтанат Берденқызы.

Бұл емхана ең алғаш рет Алматыда, кейін Астана, Тараз, Шымкент қалаларында да ашылып, жұмысын бастады. Ал, биыл ақпан айында Аты-рауда да ашылды. Осы екі ай ішінде емхана қызметкерлерінің көмегіне 300-ге тарта адам жүгінген.

–  Қазіргі таңда ең өзекті мәселе – маман тапшылығы, – дейді Салтанат  Байқошқарова. – Бүгінгі күні елімізде онға жуық денеден тыс ұрықтандыру зертханалары жұмыс жасайды. Маман тапшылығы – барлық аймақтарда байқалатын үрдіс. Сондықтан, Аты-раудағы орталықта жұмыс істеу үшін Астана мен Алматыдан емес, жергілікті жердің мамандарын арнайы тестілеуден өткізіп, оқытып, білікті мамандарды іріктеп алдық. Мұндағы басты мақсат – емделушілердің көптен күткен армандарын орындаумен қатар, материалдық көмек көрсету. Біздің жұмысымыз – күрделі процесс. Сондықтан, бірер күнде шешілмейді. Бала көтеру үшін адамдар Алматыда айлап емделіп жатады. Мұның өзі жолдың, жататын жердің, ем алудың шығынына алып келеді. Сонымен қатар, жұмыстан да уақытша қалуға әкеліп соғады.  Ал, ашылған орталықта барлық қажетті тексерістен өтіп, ем алуға болады. Егер ота жасау керек болса ғана Алматы және Астана қалаларына келеді. 

Сондай-ақ, көптеген әйелге ана бақытын сыйлаған Салтанат Байқошқарованың айтуынша, емделушілердің біразы дұрыс ем қабылдамай, уақыт өткізіп алғандар немесе басқа ем тәсілдерінен нәтиже көрмей, жастарын ұлғайтып алған адамдар екенін айтты. Кейбір отбасылардың бала сүйе алмауына кей жағдайда жүйелі емделуге әрекет жасамаған ерлі-зайыптылардың өздері себепші болса, кейде дұрыс емдеу тәсілдерін жүргізбеген дәрігерлердің біліксіздігі де кесірін тигізіп жатады. Жиырма жастағы әйелдің бір етеккір циклында бала көтеру мүмкіндігі – 15-20%, 30 жаста – 10%, ал, 40 жаста – 5% болады. Денеден тыс ұрықтандыру әдісінде көрсеткіш екі есе көбейеді, яғни, 30-40 пайызға дейін барады.

– Денеден тыс ұрықтандыру әдісіне мемлекет тарапынан соңғы жылдары жақсы көңіл бөлініп жүр. Өздігінен бала көтеру қабілеті жоқ, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға арнайы квота бөлініп келеді. Алғашқы жылдары 100 квота бөлінген болса, биылғы жылы оның саны 800-ге жетті. Қазақстан сынды демографиялық ахуалды көтеруді жолға қойған ел үшін мұның өзі аздық етсе де, соның ішінде 200-250 бала дүниеге келеді. Бұл – өте жақсы көрсеткіш, – дейді Салтанат Байқошқарова.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз