Ресейлік мамандар атыраулық акушерлерге дәріс беруде
Атырауда жедел акушерлік жағдайлар бойынша ресейлік мамандардың қатысуымен халықаралық шеберлік сағаты өтуде.
Шеберлік сағаты «ExxonMobil» компаниясының демеушілігімен және облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен «AlmaEco» ЖШС компаниясының қолдауымен «Атырау облыстық перинаталдық орталығы» базасында акушер-гинеколог дәрігерлерге арналған «Жедел акушерлік жағдайларда симуляциялық жабдықтарда мануальды дағдыларды игеру» тақырыбында ұйымдастырылып жатыр.
Оған Мәскеуден келген медицина ғылымдарының кандидаты, жоғары санатты дәрігер акушер-гинеколог, перинаталдық орталықтың басшысы Сергей Мартиросян мен перинаталдық орталықта клиникалық-сараптамалық жұмыс бөлімінің меңгерушісі Ольга Перевозкина және облыстың акушер-гинекологтары қатысты.
– Бүгін Атырау облысының акушер-гинекологтарына шеберлік сағатын өткізіп, дәрістер оқудамыз. Бұл цикл аналар мен жаңа туған нәрестелердегі қолайсыз нәтижелердің төмендеуіне айтарлықтай әсер ететін үздік халықаралық клиникалық тәжірибелерге негізделген. Барлық акушерлік жағдайлар практикалық дағдыларды пысықтауға мүмкіндік беретін арнайы симуляциялық манекендерде жүргізіледі, – деді С.Мартиросян.
Сондай-ақ, «ExxonMobil» компаниясының қоғаммен және үкіметпен байланыс жөніндегі кеңесшісі Ақмарал Сабирова аталған іс-шараның маңызына тоқталып өтті.
– Денсаулық сақтау – біздің компанияның әлеуметтік жобалары үшін басым бағыттардың бірі. Басқарма мен «ExxonMobil» арасындағы ынтымақтастық он жылдан астам уақыт бұрын неонатология бойынша шеберлік сыныптарын өткізуден басталды. Сондай-ақ, компания облыстық, қалалық және аудандық ауруханаларды өмірлік қажетті медициналық жабдықтармен қамтамасыз етуге көмектеседі. Біздің денсаулық сақтау саласына бағыттаған инвестицияларымыз облыс халқының денсаулығы мен әл-ауқатына айтарлықтай оң әсер етеді деп үміттенеміз, – деді ол.
Айта кетейік, шеберлік сағаты облыстық перинаталдық орталықта үш күнге жоспарланған.