Жарнама
Медицина

Қызылшадан қорғаныңыз!

Қызылша – жоғары аурушаңдылықпен сипатталатын, ауа тамшылары арқылы жұғатын, жиі асқынуларға, кейбір кездерде тіпті қайғылы жағдайға душар ететін жедел вирустық инфекция. Өкінішке орай, бүгінде республикада, Атырау өңірінде осы вирусты жұқтырғандар саны күн санап артуда. Бұл туралы «Atyraý» облыстық қоғамдық-саяси газетінінің 7 қарашадағы санында «Қызылша дендеп барады» тақырыбында мақала жарияланды. Мұнда облыстағы эпидемиологиялық ахуал мен дертпен күрестің жолдары сараптап жазылған. Бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналған қызылша дерті туралы мен де дәрігер-инфекционист ретіндегі кеңесімді облыстың бас басылымы мен сайты арқылы қалың бұқараға жеткізгім келді.

Негізінен қызылша вирусын жұқтырудың қаупі жоғары топтарға ерте жастағы екпе алмаған балалар мен жүкті әйелдер жатады. Дегенмен қазір ересектердің арасында да вирус көп тарауда. Сол себепті әрбір адам қызылша вирусының клиникалық белгілері мен одан сақтанудың жолдарын жетік білгені дұрыс.
Аурудың белгілері жедел басталады, дене температурасының 39-40 градусқа дейін жоғарылауы, көзінің қызаруы, жарықтан қорқу, жөтел, мұрыннан түссіз бөліністің бөлінуі, шаршағыштық, бұлшықеттердің ауырсынуы, жалпы әлсіздік болады.
Қызылшаның басқа инфекциялық аурулардан ерекшелігі – бөртпелердің шығу сипатында. Аурудың 4-5 күнінен бастап құлақ артында, бетінде, кеуденің жоғары бөлігінде дақты-папулезді бөртпелер шыға бастайды және 1 күн өткеннен кейін бөртпелер арқаға, іштің бөлігіне, жамбасқа, 2 күннен кейін аяққа жайыла бастайды. Бөртпелердің жазылуы да дәл осы ретпен жүзеге асады.
Вирус көп жағдайда екпе алмаған 5 жасқа дейінгі балаларда және 30 жастан асқан ересектерде асқынумен өтуі ықтимал. Ал асқынулар соқырлық, пневмония, бронхит, плеврит, энцефалит, менингоэнцефалит, миелит, жүкті әйелдегі қызылша баланың шетінуіне, ерте босануына, әртүрлі даму ақауларына әкеліп соқтыруы әбден мүмкін.
Биыл Атырау қалалық №5 емханада қызылша вирусын жұқтырған 262 жағдай тіркелді. Оның ішінде 78-і стационарлық (1 жүкті әйел бар), 184-і амбулаторлық емге жолданды. Ал 7 қарашада 3 жағдай тіркелсе, оның біреуі – 1 жасқа дейінгі, екеуі – 14 жасқа дейінгі балалар.
Атап айту қажет, қызылшаға қарсы арнайы ем-дом жоқ, тек симптоматикалық, яғни симптомдармен күресу шаралары ғана жасалады. Яғни, бұл әдіс-тәсілдерге жоғары дене температурасын түсіру, жөтелге қарсы ем, интоксикация жатады, яғни ауырған адамның жағдайын жақсартуға ғана болады.
Қызылшаға қарсы нәтижелі күрестің бір ғана жолы – иммунопрофилактика, яғни екпе алу. Өкінішке орай, қазіргі уақытта бірқатар ата-ана баласына екпе салдырудан бас тартуына байланысты эпидемиологиялық ахуал күшейіп тұр. Біз тек қана ұжымдық иммунитетті қалыптастырған жағдайда қызылша вирусын тоқтата аламыз. Ұжымдық иммунитет дегеніміз, мәселен, балабақшада бір топта 30 бала болса, соның 90%-ы екпемен қамтамасыз етілуі керек. Қалған 10%-ы инфекциялық, соматикалық, неврологиялық аурулары бар медициналық тұрақты немесе уақытша шегеруге (медотвод) қалған балалар болуы мүмкін.
Биыл 10 айда емханада 1465 бала қызылшаға қарсы екпе алды. Оның ішінде 1 жасқа дейінгі балалар саны – 663. Ал, 802 бала – алты жасында ревакцинациялаудан өткендер. Келесі жылдың ақпан айына дейін әлі 2190 балаға екпе салынады.
Республиканың бас санитариялық дәрігерінің 1 қарашадағы қаулысына сәйкес, 6 қарашадан бастап 6 айдан бастап 10 ай 29 күн аралығындағы сәбилерге, 5 желтоқсаннан бастап 2 жастан 4 жас 11 ай 29 күн аралығындағы балаларға қосымша жаппай иммундау жүргізілуде. Егер балаларыңызды, жақындарыңызды вирустан, оның асқынуларынан қорғаймын десеңіздер, жергілікті тіркелген емханадағы дәрігердің қарауынан кейін екпе алу маңызды.

Назерке ТӨЛЕТАЕВА,
Атырау қалалық №5 емхананың
дәрігер-инфекционисі

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button