Жарнама
Медицина

Қызылшадан қауіп бар: Атырауда инфекция 3 адамнан анықталды

Ел ішіндегі «қызылша күшейді» деген хабарды естіген ата-аналар ұзынсонар кезекті де қиынсынбай, балаларына екпе салдыруда. Балабақша тәрбиешілері де облыстың Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің хабарламасын whatsapp желісі арқылы топтарға таратып, сақтық шараларын сақтауды ескертуде. Ал, қызылшаның балалар арасында күшейіп жатқаны рас па? Ол қаншалықты қауіпті? Жалпы, қазір аймақтағы эпидемиологиялық ахуалы қандай? Біз бұған ерекше назар аударып, тиісті құрылымдарға сұрау салған едік.

ЭПИДЕМИЯ БАСТАЛДЫ МА?

Ата-аналардың байбаламға салынуы бекер емес екен. Жуырда денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Қазақстанда қызылша дертінің көбейіп жатқанын хабарлаған болатын.

– Қазір балалар арасында қызылша ауруының инфекциясы ауа арқылы тарап жатыр. Ауруды жұқтырудың алғашқы деректері шетелден (Түркия, Ресей Федерациясы) келгендер мен туристерден анықталды. Осылайша, балалар ауруды жұқтырып, ауыра бастады. Көбіне екпе алмаған балалар ауырды. Оларда ауруға қарсы иммунитет болмаған, — деді министр.

Қазақстан бойынша қызылшамен ауырудың 100 дерегі тіркелсе де, эпидемия басталмаған. Дейтұрғанмен, министр мектептерде карантиннің енгізілуін күтудің қажеті жоқ екенін ескертті.

АУЫРМАЙТЫН ЖОЛ КЕРЕК…

Коронавирустың қаупінен қорқып қалған тұрғындар жұқпалы ауру десе, екпе алуға асығады. Бұл дұрыс, əрине. Бірақ, екпенің ауру əбден дендеген соң есімізге түсетіні қалай? «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жолын ізде» дегенді біз осы қай құлағымызбен тыңдаймыз?!

Елде қызылша жұқтырғандардың көбеюі тағы да тұрғындардың медициналық сауатының жеткіліксіздігін айқын көрсетіп отыр. Жалпы, тұрғындар ғана емес, балаларға жасына байланысты екпе салуды ұйымдастыратын емханалардың, учаскелік дəрігерлер мен медбикелер жұмысына салғырттығын ашық аңғартады. Байқасаңыз, учаскелік медбикелер бұрынғыдай нəрестенің айына, жасына байланысты екпесін алуды ескертіп жатпайды, енді бұл – ата-ананың өз жауапкершілігі. Бұған соңғы жылдарда екпеден бас тартушылар санының артуы себеп болса керек… Десек те, əр адам, əсіресе баланың денсаулығына жауапты əр ата-ана екпені уақытында алған тиімді екенін естен шығармауы тиіс. Ал, қазіргі жағдай «ештен кеш жақсының» кебін кигізгендей көрінеді.

ЕКПЕ – ЕҢ ТИІМДІ ЖОЛ

Атырауда 2 наурыз бен 16 сəуірдің аралығында қызылша ауруының болжамдық белгісі бар 8 адам тіркелген. Зертханалық тексеру кезінде оның 4-еуінен вирустық инфекция анықталған, барлығы да 14 жасқа дейінгі балалар. Бұл туралы Атырау облысы мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Айнагүл Сəрсенғалиева хабарлады.

– Облыста қызылша ауруы 2019 жылдан басталды, сол кезде 774 жағдай тіркелді. Сол уақытта бүкіл республика бойынша қызылшаның əрі қарай таралмауы мақсатында тоғыз айлық сəби мен 20- 29 жастағы ересектер арасында қызылшаға қарсы қосымша иммундау жұмыстары жүргізілді. Соның нəтижесінде қызылша ауруының көрсеткіші 7,6 есе төмендеді. Бұл – екпенің қызылшамен күресудің жалғыз жəне нəтижелі жолы екенінің дəлелі. Ал, 2021-2022 жылдары бұл індет өңірде анықталған жоқ, — деді бөлім басшысы. А.Сəрсенғалиеваның айтуынша, облыста қызылшаға қарсы қолданылатын екпеге Дүниежүзілік Денсаулық сақтау Ұйымы берген сертификат бар, ол тиімді жəне қауіпсіз. «Вакцинация Қазақстан Республикасының ұлттық егу күнтізбесіне сəйкес 12- 15 айлық жаста, əрі қарай ревакцинациялау 6 жаста жүргізіледі. Екпе тегін, мекен-жай бойынша емдеусауықтыру мекемесінде салынады», — деді ол.

ЕКІ МИНУТТА ЖҰҒАТЫН АУРУ

Қызылшаның денсаулыққа қауіпті екендігін айтқан облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс дəрігер-инфекционисті, Атырау облыстық №2 ауруханасының директоры Надя Ерғалиева оның əсіресе, балалар мен жүкті əйелдерде ауыр өтетінін қаперге берді. Пневмония, менингит, артрит секілді ауруларды асқындырып, денсаулықтың нашарлауына душар етеді. Ал, қызылша жұқтырған үш бала да осы ауруханада ем алып, жағдайлары жақсарған соң үйіне шығарылған.

– Қызылша ауруы – жедел вирустық инфекция, вирусы өте ұшпалы. Егер қызылшаға қарсы екпе алмаған, бұрын осы аурумен ауырмаған, науқаспен байланыста болған адам болса, міндетті түрде кесел жұқтырады. Ондай жағдайда қызылша жұқтырған адамның жанындағы екі-ақ минут уақыт жеткілікті. Инфекцияның жасырын, яғни, инкубациялық кезеңі 7-21 күн аралығы. Алғашқы клиникалық белгісі кəдімгі жедел вирустық инфекциялар секілді жөтел, дене қызуының көтерілуі, əлсіздік, тəбеттің төмендеуі, бас ауруы секілді белгілермен басталады. Тек соңғы күндері ғана қызылшаға тəн ұрттың ішкі бетінде ағарған нүктелер, тамақта қызыл бөрітпелер шығады. Ауырғаннан бастап бесінші күннен бастап, науқастың денесінде бөрітпе пайда болады. Ол əуелі құлақтың артында, сосын бетте пайда болады. Ұсақ бөрітпелер əртүрлі формада болып, бір-біріне қосылып кетеді. Кейін кеуденің жоғары тұсына, аяқ пен қолға қаптап кетеді. Осы кезеңде дене қызуы өте жоғары болады, — деді Надя Атшығалиқызы.

Дəрігер-инфекционист қызылшаға қарсы екпе алған адамның бұл дертпен мүлде ауырмайтынын, ауырса да жеңіл өтетінін айтты. Шынында, індетті ауыздықтаудың жалғыз жолы – екпе. Ол үшін емханалар, ондағы учаскелік дəрігерлер тұрғындармен байланысын нығайтуы қажет. Алайда, азаматтардың учаскелік дəрігерге деген сенімінің азайып кеткені де ащы шындық. Десек те, ақ халаттылар үшін науқастың сеніміне ие болу – Гиппократ бабадан бері басты серт. Өйткені, абырой ант алдындағы адалдықпен ғана өлшенеді.

Мəлике МƏЛІК

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button