Қызылша жұқтырған 29 бала жансақтау бөліміне түсті
Орталық коммуникациялар орталығында өткен брифингте ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Ана мен бала денсаулығын қорғау департаменті директорының орынбасары Әйгерім Оспанова қызылшадан емделіп жатқан балалардың жағдайынан хабардар етті.
Оның айтуынша, қазір 2079 бала стационарда ем қабылдап жатыр.
«Күн сайын 300-ге жуық бала шығарылады, 400-ге жуық бала ауруханаға түседі. Ауруханаларда балаларға арналған 2911 төсек бар. Оның 139-ы реанимация төсектері. Бүгінгі күні оның 52%-ы пайдаланылуда. Бүгінгі таңда 29 бала бар. Оның 11-і бір жасқа дейін, 13-і үш жасқа дейінгі балалар», — деді Әйгерім Оспанова.
Ол балалар департаменттің бақылауында екенін, қажет болған жағдайда әр балаға консультациялар жүргізілетінін айтты.
«Бұл 29 баланың жағдайы орташа ауыр деп бағаланып отыр, бұған қоса біз барлық медициналық ұйымдардың дәрігерлерін күн сайынғы кесте бойынша оқытып жатырмыз», деді Әйгерім Оспанова
Дәрігерлер ата-аналарды балаларына қызылшаға қарсы екпе салдыруға шақырды. Оның үстіне қызылша – вакцина арқылы алдын алуға болатын ауру.
Zakon.kz.