Жарнама
Медицина

Қызылша дерті неге өршіп тұр?

Атырау облысында қызылша ауруының эпидемиологиялық ахуалы әлі де ушығып тұр. Наурыздың екісінен бастап бүгінге дейін алғашқы диагнозы бойынша қызылшаға күдікті 9567 жағдай тіркелді. Оның ішінде басым бөлігі, яғни 8535 дерек Атырау қаласында орын алған. Одан кейін Жылыой, Құрманғазы, Исатай аудандары көш басында.

–Көрсетілген мерзімде тіркелген деректің 3780-і зертханалық жолмен дәлелденді. Жергілікті тұрғындар арасында 3698 адам қызылшаны жұқтырса, қалғаны Түркия, Тәжікстан, Біріккен Араб әмірлігі елдерінен және еліміздің басқа облыстарынан келген азаматтар. Қызылшаға күдіктілердің 5707 жағдайы зертханалық тексеру қорытындысы бойынша теріс нәтиже берсе, 80 дерек бойынша зерттеу жұмыстары жүргізілуде, – дейді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының міндетін уақытша атқарушы Қадыржан Оразғалиев.

Оның айтуынша, облыста қызылшамен сырқаттанушылықтың соңғы көп тіркелген жағдайы 2019 жылы орын алған. Ал 2021-2022 жылдары аймақта аталған дерт мүлдем тіркелген жоқ.

–Аталған жағдай екпе алудың қызылшамен күресудің жалғыз және нәтижелі жолы екеніне дәлел. Қызылша вирусы ауа арқылы таралады, сыртқы ортаға көп жағдайда науқас адам жөтелгенде, түшкіргенде және сөйлегенде бөлінетін сілекей арқылы жұғады. Аурудың негізгі белгілері – дене қызуының 38-40°С дейін жоғарылауы, құрғақ жөтел, мұрынның бітуі, түшкіру, бастың ауырсынуы, қабақтың ісінуі және конъюктиваның қызаруы, жұтқыншақтың ісінуі, денеде бөртпелердің пайда болуы. Көбіне қызылшадан көз жұмудың себебі аурудың асқынуымен тікелей байланысты. Ең қауіпті асқынуларға көздің көрмей қалуы, энцефалит (мидың ісінуіне әкелетін инфекция), пневмония сияқты тыныс алу жолдарының инфекцияларын туындатуы мүмкін. Сондықтан әр адам саулыққа салғырт қарамай, ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолы – екпе алуға баса мән беруі керек, – дейді Қадыржан Мақсотұлы.

Айта кету керек, қызылшаға қарсы екпе республиканың Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес, баланың 12-15 айлық кезінде, әрі қарай ревакцинациялау 6 жаста жүргізіледі. Екпе алу тегін, жергілікті мекенжай бойынша емханаларда салынады.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Related Articles

One Comment

  1. Қызылша — қолдан жасалып отырған ауру. Жаңа туған балаға прививка салдырмайды. Оның себебі біреу-ақ: білімсіздік! Енді міне -өршіп тұр!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button