Қағазбастылықтан құтқаратын қосымша

vatsapp Медицина

Қазір бұрынғыдай дәрігер алдында ұзынсонар кезекке тұрып немесе бірер апта бұрын дәрігерге жазылу үшін телефон соғып, әуреге түсудің  қажеті жоқ.  Қалайша дейсіз ғой? Дәрігерге жазылудың ең оңай жолы бар, ол – «Damumed» қосымшасын жүктеп алу. 

«Damumed» – дәрігердің қабылдауына жазылуға, дәрігерді үйге шақыру және медициналық құжаттарды қарауға мүмкіндік береді. Алайда, ескі әдетке еті үйренген тұрғындар әлі де «Damumed»-ке иек арта алмай жүр. Бұл мобильді қосымшаның тиімділігі туралы қанша айтылғанымен, қазіргі кезде оны атыраулықтардың 20,8 пайызы ғана қолданады. 

Көп уақытты үнемдейді

Былтыр аталған мобильді қосымшаны қолданғандар саны бар болғаны  7 пайыз болған еді. Бұл сандар бізге жұртшылықтың әлі де жеткілікті деңгейде қосымша туралы құлағдар болмай отырғанын білдіреді.

«Damumed»-тің ең дұрыс шешім екенін білетін атыраулықтың бірі – Айнұр Сәрсенова. №7 Атырау қалалық емханаға тіркелген ол медициналық көмек алудың әлдеқайда жеңілдей түскенін айтады.

–Бұрын жиі естіп жүргеніммен биылға дейін оны қолданып көрмеппін. Бұл мобильді қосымшаны жыл басында жүктеп алып, қазір оның артықшылығына көз жеткізіп отырмын. Бүгінде барлық дәрігерге  ұялы телефоным арқылы жазыла аламын. Бұл әсіресе, уақыт үнемдеуге таптырмас құрал екен, – деді ол.

Иә, «Damumed» ең алдымен ел игілігі үшін, халықтың уақытын үнемдеуге, сонымен қатар, медициналық мекемелерді қағазбастылықтан арылту мақсатында енгізілген. Ал, ол қосымшаны қолданушылардың не себепті аздығын «Damumed» компаниясының өкілі аталған ақпараттық жүйенің өңірде үш жыл бұрын ғана іске қосылғандығымен түсіндіреді.

– «Damumed» – бұл қазақстандық жеке IT-компаниялар тобы, әрі дәрігерлер мен пациенттерге медициналық цифрлық сервистерді ұсынатын бағдарламалық өнімдер желісі. Біз дәрігерлерге арналған медициналық ақпараттық жүйе мен пациенттерге арналған қосымшаны бірінші болып шығардық және медициналық көмек көрсету процесінің барлық қатысушылары тартылатын толыққанды цифрлық медициналық экожүйе құрдық. Командамыз өнімдерді шығарған кезде  медицинаны жақын және қолжетімді ету миссиясын әрдайым басшылыққа алады. Біз үшін адамның бабын табу маңызды, яғни пациенттер де, дәрігерлер де біздің сандық жүйені пайдалана отырып, жоғары сапа, тиімділік және жайлылық деңгейіне қол жеткізуі керек. 

Мобильді қосымша Атырау облысында 2020 жылдан бастап іске қосылды. Бұл 5-8 жыл бойы жұмыс істеп келе жатқан басқа аймақтармен салыстырғанда қысқа мерзім. Бүгінгі таңда Атырауда «Damumed» МАЖ-да 83 медициналық ұйым жұмыс істейді. Оның 55-і – жеке клиника, 28-і – мемлекеттік емхана, – деді Астана қаласындағы «Damumed» компаниясының баспасөз хатшысы Злиха Сүлеймен.

Дәрігер мен емделуші арасындағы көпір

Оның айтуынша, мобильді қосымша – дәрігер мен емделуші арасын байланыстыратын көпір болып табылады.

«Қосымшаның функцияларына тоқталсақ, осы сервистің арқасында санаулы уақытта дәрігерге жазылуға, оны үйге шақыруға, онлайн-кеңес алуға және медициналық картаңызды көруіңізге болады. Сервис дәрігерлерді қағазбастылықтан, ал емханаларды кезектен құтқарады. Біз қосымшамызды үнемі жетілдіріп отырамыз. Соңғы жаңартуда  емделушіге цифрлық медициналық қызметтерді пайдалануға мүмкіндік беріп қана қоймай, сақтандыру мәртебесіне байланысты медициналық көмектің қандай көлемін алуға құқылы екенін хабарлау үшін жұмыс істедік. Сақтандырылу мәртебесін бірден қосымшаның басты бетінде тексеруге болады. Тиісті бөлімде – «Сақтандырылған» немесе «ТМККК»-ден пациент өзінің сақтандыру пакетіне байланысты қандай медициналық көмек көлемі тиесілі екенін көреді және оның пакетінде қамтылған медициналық қызметтерге бірден жазыла алады» деді ол.

damumed 1

Ақпаратпен бөліскен компанияның баспасөз қызметі әрбір пайдаланушының қосымшасында оның 18 жасқа дейінгі балалары мен қарт ата-анасының деректері көрсетілетінін де хабарлады. Бүгінде Қазақстанда цифрлық медициналық сервистерді 6,3 миллионнан астам адамның қолдану мүмкіндігі болса, оның ішінде 3,8 миллион негізгі аккаунт және соларға тіркелген қарт ата-аналардың – 374 455, ал 8 жасқа дейінгі балалардың – 2 164 182 профилі бар.

Сонымен қатар ол медициналық картаны қолдану оңайлай түскенін, себебі медициналық картада бір нәрсе өзгергендігі туралы хабарлама алған кезде, өзіңізге қажетті жазбаны ашу үшін бір рет басу жеткілікті екендігін атап өтті.  Аталған компания әлеуметтік желілерде белсенді.

Қиындық туындаса, кері байланыс бар

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Абдалиев те аталған жүйенің артықшылығын айтып, тұрғындарға қосымшаны пайдалануға кеңес беріп отыр.

–Медициналық көмекті алуды жеңілдету мақсатында «Damumed» мобильді қосымшасы қызмет атқарады. Бүгінде өңірдің 20,8 пайыз тұрғыны ғана осы қосымшаны пайдаланады. Бұл қосымша арқылы қабылдауға жазылып, қажетті медициналық кеңес пен көмек алуға болатынын еске салғым келеді. Сондықтан, облыс тұрғындарына қосымшаны жүктеп, қолдануға шақырамын, –  деді басқарма басшысы.

 «Damumed»-тің өңірде дәрігерлер мен емханалар жетіспейтін тұста халыққа аса қажет екені рас. Әсіресе, сағаттап тұратын кезек мәселесінде мұндай озық технологияның таптырмас дүние екендігі даусыз. Дәрігерден бір жапырақ анықтама немесе сараптама нәтижесін алу үшін де уақытын текке өткізетін адамдарға бұл мобильді қосымша ауадай қажет-ақ дерсің…

Десек те, халықтың уақытын үнемдеп, қолұшын береді деген қосымшаның өткен жылы басы дауға қалып, пациенттер әлеуметтік желілерде, қосымшаны жүктеуге арналған сервистің өзінде жағымсыз пікірлер қалдырған болатын. Олардың кейбірі маманға жазылудың әлі де шикі тұстары бар екенін айтса, енді бірі бармаған, мүлде қаралмаған дәрігерде аты-жөні тұрғанын айтып шағым жасады. Кейін қордаланған қоғам пікіріне компания өкілдері жауап беріп, егер пациент қате ақпарат тапса, оның қосымшада кері байланыс жасауына, медициналық көмек көрсету сапасы туралы пікір қалдыруға мүмкіндігі барын да мәлімдеді.

Олардың айтуларынша, мұндай жағдайда емхана кері байланыс жасауға тиісті. Егер қандай да бір қиындықтар немесе сұрақтар туындаса, әр адам компанияның ресми парақшаларында және қосымшасындағы көрсетілген телефон нөмірлеріне яғни, қолдау қызметіне хабарласа алады.

Қосымшаны қалай жүктейміз?

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы хабарлағандай, «Damumed» қосымшасын кез-келген адам Google Play арқылы немесе AppStore дүкенінен жүктеп ала алады. Қолданбаны іске қосқан кезде алдымен адамға тіркеме аймағын таңдау ұсынылады. Қажетті аймақты таңдағаннан кейін «Damumed» қолданбасының бірінші терезесі ашылады. Тіркеуді бастау үшін «кіру» түймесін басасыз, содан кейін телефон нөміріңізді және ЖСН-ді енгізесіз. Кейін жалғастыру түймесін басасыз. Бұдан соң жүйе көрсетілген ЖСН таңдалған аймақта тіркелгенін тексеріп, көрсетілген деректері бар пайдаланушыны іздейді. Егер пайдаланушы табылса, телефон нөміріңізге SMS коды жіберіледі. Ал, оны «SMS-тен код» өрісіне енгізу қажет. Бұл қосымша арқылы адам өзіне ыңғайлы күнді таңдап, дәрігерге жазылады. Сонымен қатар, емделуші дәрі-дәрмектердің тізбесін, зертханалық тексеру нәтижелерін көруге, ал бала науқастанған жағдайда дәрігердің қабылдауына жазылуына, еңбекке жарамсыздық парағын, білім беру мекемелері үшін анықтаманы емханаға бармай-ақ та алуына болады.

№7 Атырау қалалық емхана директоры, қалалық мәслихат депутаты Гүлнәфис Таңбаева медициналық мекеме «Damumed» ақпараттық жүйесімен 2020 жылдың екінші жарты жылдығынан бастап жұмыс жасайтынын айтады. 

damumed2

– Бұл платформаның дәрігерлер мен науқастар үшін артықшылығы көп. Мәселен, қағаз жұмысының қысқаруына байланысты дәрігер көп уақытын науқастарға бөледі. Сондай-ақ, диагностикалық мәліметтерді жедел алу, тағайындау жылдамдығын және емдердің сапалылығын жоғарылатады. Ауруханаға жатқызу кезіндегі науқастың амбулаторлы картасын стационарға экспорттау, зертхана қорытындыларын алуда, тексерілу нәтижесін, дәрігер қабылдауына жазылуларды пациенттер өздері смартфондарындағы мобильдік қосымшаны пайдалану арқылы тез орындау мүмкіндігі, МКБ-10 шифры бойынша диагноздарды автоматты түрде кодтау және тағы басқа артықшылықтары көп. Медициналық қызметкерлер алдына келген пациенттің «Damumed» ақпараттық жүйесі арқылы медициналық тексерістен, скринингтен, флюоротексерістен, дәрігерге дейінгі кабинеттен өткендігі туралы ақпаратты көріп отыратындықтан, қажетті тексерістерді сол арада өткізе алады, – деді емхананың бас дәрігері.

Гүлнәфис Әбділдақызы қосымшаға енгізілген медициналық қызметтің жаңа түрлеріне ұсыныстар беріліп, қажетті  өзгертулер енгізілген сәтте «жаңарту» жүріп, қосымшаның жұмыс жылдамдығы төмендеп кететінін жоққа шығармады. Десе де, дәрігерлерге жұмыс процесіне қолбайлау болатын бұл кемшілік яғни, жиі «жаңартулардың» соңғы уақыттары азайып келеді екен.             

Түйін:

Біз бүгінгі көрсеткішке қарап, бұл қосымша туралы тұрғындардың көпшілігінің бейхабар екенін көреміз. Әйтсе де, облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мәлім еткендей, медициналық тиімді жүйе туралы ақпараттық-насихаттық жұмыстар емханаларда күнделікті жүргізіліп отыр.

Бүгінгідей заманда әр адамға уақыт тапшы. Ал, уақытты үнемдеу үшін дәрігер қабылдауына кезекке тұрмай, «Damumed»-ке тіркелгеннің ұтары көп. Олай болса, сіз де ойланып көріңіз, оқырман…

Мәлике ҚУАНЫШЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз