Қызылша дендеп барады
«…Міне, ұлымның ауруханадағы бүгінгі жай-күйі. Тұла бойының бөртпеден сау жері жоқ. Ол аз ба?.. Дене қызуының түспей, ес-түссіз жатқанына бірнеше күн болды. Бұл вирусты балабақшадан жұқтырғаны анық. Егер бауыр етім – балама…»
Жуырда мектепке дейінгі білім беру мекемесінің бірінің ата-аналар чатына шарасыз болған ананың осындай жанайқайы сәбиінің мүшкіл халдегі суретімен бірге жүктелді. Чатта резонанс туғызған бұл жағдайға байланысты шынында кінәліні тауып, айыптау мүмкін емес. Өйткені, қызылша – жұқпалы вирус. Ауа тамшылары арқылы жылдам тарайды. Соңғы кездері облыста бұл дерттің тіптен өршіп кеткені рас.
Биыл наурыздан бастап тіркелген ауыру көрсеткіші көпшілік арасында үрей туғызуда. Бүгінде баласының саулығы үшін алаңдайтын ата-ананың көкейінде сан сұрақ. Бірі қызылшаға қарсы екпе алуға қарсы болса, енді бірі аурудың алдын алу үшін екпе салғызудың маңыздылығын ескерсе де екіұшты, күмәнді ойда жүр. Сонымен, дерттің алдын алып, таралуын болдырмауда қолға алынған және өңірдің денсаулық сақтау саласында жүргізіліп жатқан бүгінгі күннің өзекті тақырыбын біз де зерделедік.
Сүреңсіз статистика
Дәрігерлердің айтуынша, қызылша – көбінесе балаларда кездесетін өте жұқпалы антропонозды жіті респираторлық вирустық инфекция. Өкінішке қарай, кейде асқынған дерттің соңы қайғылы жағдаймен аяқталуы әбден мүмкін. Ауруға қарсы екпе алмаған адамның бұл вирусты жұқтырып алуы ықтимал. Аурудың негізгі белгілері – дене қызуының 38-40°С дейін жоғарылауы, құрғақ жөтел, мұрынның бітуі, түшкіру, бастың ауырсынуы, қабақтың ісінуі және конъюктиваның қызаруы, жұтқыншақтың ісінуі, үш-сегіз күн аралығында денеде бөртпелердің пайда болуы. Бөртпелер кезектесіп шығады және бірігіп кетуге бейім болады.
– Вирустың ауа тамшылары арқылы жұғатынын ескерген жөн. Бұл дерт сөйлескенде, жөтелгенде, түшкіргенде ауру адамның сілекейімен төңірегіне тарайды. Инфекцияның ең негізгі көзі – төрт күн бойы бөртіп науқастанып жүрген адам. Ал бесінші күні инфекция басқаларға жұға бастайды. Ауырып, жазылған адамда қызылшаға қарсы иммунитет қалыптасады, — дейді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Қадыржан Оразғалиев.
Департаменттің эпидемиологиялық жағдай жөніндегі көрсеткіштеріне көз жүгіртсек, статистиканың өзі жан түршіктіреді. Биылғы 2 наурыз бен 2 қараша аралығында алғашқы диагнозы бойынша қызылшаға күдікті 1444 жағдай тіркеліпті. Оның ішінде 1315 жағдаймен Атырау қаласы көш бастап тұр.
– Аудандардан 41 науқаспен Жылыой, 45 дерекпен Мақат аудандары жалғайды. Басқа аудандарда да қызылшамен ауырғандар тіркелген. Облыста 941 адамнан қызылша зертханалық жолмен дәлелденді. Оның сегізі облыстан тыс аумақтардан келсе, жергілікті науқастар саны – 933. Ал 153 адамнан зертханалық тексеру қорытындысы теріс нәтиже берсе, 350 зерттеу қорытындысы тексеріліп жатыр, — деді Қадыржан Мақсотұлы.
Облыста қызылшамен ауыру соңғы рет 2019 жылы көп тіркелген, көрсеткіш – 774 науқас. Ал соңғы екі жылда облыста бірде-бір адам мұнымен ауырмаған.
Індетті жеңудің төте жолы
Мамандардың айтуынша, бұл жағдай екпе алу аурумен күресудің жалғыз және нәтижелі жолы екеніне дәлел. Қазақстан – географиялық жағынан Еуразия құрлығының орталығында орналасқан, халықтың белсенді көшіп-қонуы да түрлі жұқпалы аурулардың таралуына негіз болады.
Көбінесе қызылшадан көз жұмудың себебі – аурудың асқынуынан. Ең қауіпті асқынулар көздің көрмей қалуы, энцефалит (мидың ісінуіне әкелетін инфекция), пневмония сияқты тыныс алу жолдарының инфекцияларын туындатуы мүмкін.
– Облыста балаларды қызылшаға қарсы вакцинациялау қызылша, қызамық және эпидемиялық паротитке қарсы біріктірілген екпе жасау арқылы жүргізіледі. Екпе Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымымен сертификатталған, тиімді және қауіпсіз. Вакцинация Қазақстан Республикасының Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес 12-15 айлық жаста, әрі қарай ревакцинациялау 6 жаста, мекенжайы бойынша емдеу-алдын алу мекемесінде тегін жүргізіледі, — деді Қадыржан Оразғалиев.
Көш бастап тұр…
Жасыратыны жоқ, қазір облыста қызылша ауруына қатысты ахуал күрделі. Қауіпті инфекцияның таралуы бойынша республикалық көрсеткіште Атырау облысы – Шымкент қаласынан кейінгі орында. Осыған байланысты өткен жұмада денсаулық сақтау мекемелері өкілдерінен тұратын қызылшаға қарсы күрес жөніндегі арнайы штаб құрылды. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев әлеуметтік желідегі тікелей эфирінде хабарлап, штабтың алғашқы мәжілісінде біраз мәселе талқыланғанын айтты.
– Өршіген ауруды ауыздықтаудың бірден-бірі жолы – вакцинациялау. Қазір Атырауға қызылшаға қарсы 37 мың доза вакцина әкелінді. Екі-бес жас аралығындағы балаларға дертке қарсы екпе салынады. Вирусты ауру әсіресе балабақшалардан жұғып отыр. Сондықтан барлық деңгейдегі емханалар арнайы жұмыс тобын құрып, 2-5 жас аралығындағы балалар және 18 жасқа дейінгі азаматтар арасында қызылшаға қарсы вакцина салу жұмыстарын ұйымдастырады. Биыл Атырауда 10 айда дертті 1400 адам жұқтырған. Қазір 100-ден астам адам №2 облыстық ауруханада ем алып жатыр. Қарашаның ортасында халықты жаппай иммундау жұмыстары басталады. Бүгінде өңірде осы дертті жұқтырғандардың 90 пайызы – 10 жасқа дейінгі балалар. Олардың көпшілігі қызылшаға қарсы мүлдем екпе алмаған. Сондықтан вирус ушығып тұрған осындай сәтте екпе алудың маңызы басым, — деді Жасұлан Орақұлы.
Облыс әкімінің орынбасары әлеуметтік желідегі сөзінде өзінің екі баласына да түрлі инфекциялардың алдын алатын екпелерді салғызып жүргенін де жасырған жоқ. Барша атыраулықты оның маңызына мән беруге шақырды.
Мамандар екпе алу індетті жоюдың тетігі екенін қанша айтып, дабыл қақса да одан бас тартушылардың саны аз емес. «Тұрғындардың екпеден бас тарту себебі неліктен?» деген сауалдың туындауы да орынды. Республика Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулықты қорғау комитеті осыған қатысты халық арасында сауалнама жүргізгенде басым көпшілігі діни нанымы мен өз сеніміне байланысты, себебін түсіндіруден бас тартқан, екпенің сапасына сенбейтінін алға тартқан.
2022 жылы әлемде 155 мыңнан астам адам қызылша жұқтырған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы таратқан осы мәліметке сүйенсек, биыл бұл дерт әлемде әуелі Қырғыз, Ресей, Украина елдерінде көп әрі жиі тіркеліпті. Қазақстанда соңғы жылдары қызылшамен ауыратындар саны неғұрлым азайып, оны ұмыта да бастаған екен. Биыл күрт өрши бастаған. Сондықтан, дәрігерлер бұл инфекцияның қауіпті екенін қатаң ескертеді.
Белгілі дәрігер, кардиохирург Мыңжылқы Бердіқожа да бізге берген сұхбатында екпе қызылшадан сақтанудың жалғыз амалы екенін айтып, оның жасалу тарихы жөнінде ғылыми дәлелдемелер келтірді.
– Қызылша науқаспен тікелей қатынаста болғанда ауа арқылы өте оңай жұғады. Оның қоздырғышы вирустар екені бір ғасыр бұрын дәлелденген. Вирустың өзін алғаш рет 1954 жылы америкалық ғалымдар бөліп шығарды. Нобель сыйлығының лауреаты, танымал вирусолог Джон Эндерс пен дәрігер Томас Пиблздың осы жолдағы еңбегі орасан. 1963 жылы Джон Эндерс өндіріп алған штамнан қызылшаға қарсы тұңғыш вакцина жасалған. Бірақ бұл кезеңде оны жаппай қолданудың мүмкіндігі болған жоқ. Арада бес жыл өткенда америкалық микробиолог Моррис Хиллеман жасаған тағы бір вакцина медицина тарихындағы ең сәтті жұмыс еді. Ал КСРО-да қызылшаға қарсы вакциналау жұмыстары 1960 жылдары жүргізіліп, халық арасында жаппай иммундау жүргізудің арқасында дәрігерлер қызылша вирусын жеңді. Алайда уақыт өте келе бұл екпенің тұрақты иммунитет қалыптастыруға қауқарсыз екені анықталды. Оның себебін мәскеулік зерттеушілер ғана емес, қазақстандық ғалымдар да терең зерттей түседі. Сөйтіп, ғылыми ізденістердің арқасында қызылшаға қарсы екпенің құрамында қызылша, қызамық және паротитке қарсы аралас вакциналар шығарылады. Осы үш түрлі инфекциядан сақтанудың жалғыз жолы – иммундау, — деді Мыңжылқы Салауатұлы.
Мойындау керек, Кеңес Одағы тараған соң жүйелі жұмыс та тоқтады. Вакцина салудан бас тартатындардың саны артты. Соның кесірінен ауру көрсеткіштерінің дендеп жатыр.
– Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мына мәліметі бүкіл халықтың назарын аударуы қажет. 2000 жылдан бері вакциналау әлем бойынша қызылшадан қайтыс болу көрсеткішін 80 пайызға төмендеткен. Сондықтан өмір сапасын жақсарту үшін екпеден бас тартуға болмайды, — деді М.Бердіқожа.
Шетелдік тәжірибеге көз жүгіртсек…
Вакцина салу туралы сөз болғанда, ата-аналар «конституциялық құқықты таптады» деп шағымданады. Ал, дәрігерлер екпеден бас тартушылардың өзгенің алдында жауапты екенін де қаперге беріп жүр. Бүгінде қызылшаны жұқтырғандардың дені солар екенін ескерсек, жергілікті ахуалдың шешімін қалай табуға болады? Мұндай жағдайда өзіміз әулиедей сыйынатын шетелдік тәжірибенің әрекетін білмек болып, интернет желісін сүзіп шықтық.
Сөйтсек, бірқатар алпауыт мемлекеттерде екпе алмағандарға міндетті түрде шара қолданылады екен. Мәселен, Германияда науқас екпе салдырмау салдарынан ауруханаға түссе, оның сақтандыру картасы жарамсыз болады. Ал, мұнда ауруханаға жатып емделудің бағасы тым қымбат. Оны жеке адамның қалтасы көтере бермейді. Немістердің мұндай қадамға не себепті барғанын зерделегенімізде, бұл мемлекет Еуропада қызылшамен ауырғандардың қатары тым артқандықтан 2019 жылы жағдайды осындай әдіспен нықтап қолға алған. Егер ата-ана баласына екпе салдырмаса 2500 еуро айыппұл төлейді.
Ал Италия азаматы баласына екпе салғызудан бас тартса, оған 500 евроға жуық айыппұл белгіленген. Алты жасқа дейін екпе салынбаған баланы балабақша қабылдамайды. Тіпті мектепке бару-бармауы да вакцина алуына қатысты шешіледі екен. Дәл осындай тәртіп Украинада да бар.
Шақырту күрт көбейген…
Өте қауіпті дертке атүсті қарауға болмайды. Облыстық жедел жәрдем станциясы директорының орынбасары Наргиз Әбдірахманованың айтуынша, бүгінгі шақыртулардың басым көпшілігі де қызылшаға қатысты.
– Қазір қызылшаға қарсы эпидемиологиялық ахуал ушығып тұр. Мұндай кезеңде «жедел жәрдем» қызметкерлеріне де еш қателесуге болмайды. Қызылша диагнозына күдіктіні дұрыстап бақылағаннан кейін науқастың жағдайы аурухана емін қажет етсе ғана жұқпалы аурулар ауруханасына жеткізеді. Ал ауру асқынбаса, науқасты үйде қалдырған жөн. Науқас мұндайда учаскелік дәрігерді шақыртып, ем-дом қабылдауы қажет. Оған далаға шығуға болмайды. Бүгінде бригада қызметкерлері осы қағиданы басшылыққа алып қызмет етуде. Биыл 3 қарашаға дейінгі мерзімде станцияға қызылшаға күдікті барлығы 1991 шағым тіркелді. Оның 1654-і – кәмелет жасына толмағандар. Былтырғымен салыстырғанда көрсеткіш өте жоғары. Былтыр жыл бойына қызылшаға қатысты 62 қоңырау тіркеліп, оның ішінде 53-і он сегіз жасқа дейінгі балалар еді, — дейді Наргиз Нұрединқызы.
Оның айтуынша, бүгінде «103» қызметіне демалыс күндері шақырту көп, бір тәулікте барлығы 1200-ге дейін қоңырау түскен. Оның 70 пайызына бригада дәрігерлерінің кеңесі беріліп, дабыл парағы толтырылуда. Ескеретін жайт – қызылшаға күдіктінің барлығы ауруханаға тасымалданбайды.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сүйенсек, бүгінде жұқпалы аурулар ауруханасында барлығы 100-ден астам науқас қажетті ем алып жатыр. Олардың арасында бір жасқа дейінгі 23 сәби бар. Мекемеде әзірге орын тапшылығы жоқ. Қажет болса, қосымша аурухана төсектерін жасақтау шаралары көзделген.
P.S. Денсаулық – адамның ештеңеге айырбасталмайтын ең басты байлығы. Егер оған атүсті қарасаңыз, қалпына келтіру әсте оңай емес. Ал мүлдем жоғалтсаңыз, орны толмас өкінішке душар етеді. Сондықтан, ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеген әлдеқайда тиімді. Атыраудағы бүгінгі эпидемиологиялық ахуал осы қағиданың маңыздылығын арттырып тұрғандай.
Дерек пен дәйек:
Атырау облысы бойынша 2 наурыз бен 2 қараша аралығындағы эпидемиологиялық жағдай
Қызылшаға күдікпен тіркелген жағдай саны – 1 444: оның ішінде: – зертханалық әдіс арқылы расталғаны – 941;
– зерттеу нәтижелері теріс – 153
– зертханалық жұмыстар жүргізіліп жатқан дерек – 350
ЖҰҚПАЛЫ АУРУЛАР АУРУХАНАСЫНДА ЕМ ҚАБЫЛДАУШЫЛАР САНЫ – 105:
оның ішінде: – 1 жасқа дейінгі балалар саны-23;
– 14 жасқа дейін –66;
Жүкті әйелдер саны — 7;
Ересектер – 9;
Қызылша, қызамық және паротитке қарсы вакцина саны – 7 мың доза;
15 қарашаға дейін жеткізілетін екпе саны – 69 900 доза;
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА