
Шалғай ауылда жаңа медициналық пункт ашылды
Атырау облысы Құрманғазы ауданы Жасталап ауылында жаңа медициналық пункт ашылды. Жаңа нысан мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында қолға алынған.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, Жасталап ауылының 321 тұрғыны, оның ішінде 102 бала үшін бұл маңызды әлеуметтік нысан сапалы және қолжетімді медициналық көмектің жақындай түсуіне мүмкіндік береді. Аудан орталығынан 44 шақырым қашықта орналасқан ауыл тұрғындары енді алғашқы медициналық көмек пен дәрігерлік кеңесті өз ауылында ала алады.
–Жаңа медициналық пункт ем-шара бөлмесі, қабылдау кабинеті және алғашқы медициналық көмек көрсетуге қажетті заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Бұл ауыл тұрғындарына жергілікті жерде сапалы медициналық қызмет көрсетіп, қалалық ауруханаларға жүгіну қажеттілігін азайтады. Сонымен қатар, жаңа нысан бейінді мамандардың профилактикалық тексеру жүргізетін алаңына айналады. Яғни, Атырау қаласынан келетін дәрігерлер ауыл тұрғындарына жоспарлы медициналық қызмет көрсететін болады, — делінген баспасөз хабарламасында.
Айта кету керек, жаңа медициналық пункттің ашылу салтанатына ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев қатысып, ауылдық денсаулық сақтау жүйесін дамыту мен халыққа медициналық көмектің қолжетімділігін арттырудың маңыздылығын атап өтті.
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында ел бойынша 655 медициналық нысанның құрылысы жоспарланған, оның ішінде Атырау облысында бірнеше жаңа медициналық мекеме ашу көзделіп отыр. Бұл бастама ауылдық жерлерде медициналық қызмет сапасын жақсартып, халықтың денсаулығын нығайтуға ықпал етпек.
Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ