
Қосып жазу. Өтірік жазу…
Елімізде сынға көп ұшырайтын саланың бірі – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі. Оның енгізілгеніне бес жылдан астам уақыт өтсе де, өңір-өңірде сақтандыру қорына ай сайын жарнасын үзбей аударған емделушілер сапалы медициналық көмекке қолы жете алмай, сергелдеңге түскенін жиі еститін болдық. Биыл Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіру туралы заң жобасын жедел пысықтау керектігін және осы сессияның соңына дейін қабылдануы тиістігін баса айтқан еді.
Бір адамның 82 тісі емделген
Осы жылдың қаңтар айында Мәжілісте міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін одан әрі жетілдіру мәселелері талқыланды. Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы Үкіметтің бастамасымен әзірленген, ол негізгі үш бағыттан тұрады. Жобаны талқылау енді басталғанымен, ол халық қалаулысына ұнай қоймаған секілді.
Үкімет сағатына қатысқан Мәжілістің өзге депутаттары да Денсаулық министрлігінің атына уәждерін айтып, жүйені іске алғысыз еткендей болды.
– МӘМС бойынша 5 айлық баланың тісін қанқұрттан емдеген екен. 5 айында әлі тісі шықпаған балада қандай қанқұрт болуы мүмкін? Бұдан да сорақы жағдай: басқа бір адамның 82 тісі емделген және соған қаражат төлесін деп клиника Қордан ақша сұраған. Тағы бір мәселе: аурухана бір күнде бір адамға 32 медициналық қызмет көрсеттік деп есеп толтырған. Мұндай мысалдар өте көп. Неге? Өйткені МӘМС бойынша енгізілген қаржыландыру жүйесінің өзі артық қызмет көрсету мен «қосып жазуға» итермелейді. Себебі қаражат әр емделген жағдай үшін емес, әр қызмет үшін төленеді,-деген ол медициналық сақтандыру қоры Денсаулық сақтау министрлігінің жекеменшік банк ұйымы сияқты болып қалғанын қаперге берді.
Ал депутат Нартай Аралбайұлы бұл жүйенің жұмысын әбден пісіп-жетілдіргенше тоқтата тұруды ұсынған. Сөз алған аудиторлық палата өкілі былтыр Медициналық сақтандыру қорына тексеріс жүргізілгенін, оның барысында көп кемшілік табылғанын жеткізді.
Жетістік те бар, күрмеулі мәселе де жоқ емес
Алайда Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова айтылған сынмен келісе қоймады. Ол депутаттардың ескертулері мен ұсыныстары ескерілетінін айта келе, МӘМС жүйесінің жұмысын оң бағалады.
Министр кейінгі 10 жылда денсаулық сақтау саласын жетілдіру мақсатында жүргізілген бірқатар ауқымды реформаның нәтижесінде халық денсаулығының негізгі көрсеткіштері оң нәтижеге ие болғанын алға тартты. Сондай-ақ демографиялық көрсеткіштерге байланысты денсаулық сақтау жүйесі бюджеттік модельден бюджеттік-сақтандыру моделіне көшірілгенін атап өтті.
– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың енгізілуі денсаулық сақтау саласын қаржыландыру көлемін 3 есе ұлғайтуға мүмкіндік берді. Бұл саланың көптеген бағытын қаржылық ресурстармен барынша толықтырды. Оның ішінде дәрігерлер жалақыларының екі-үш есе өскенін айта кеткен жөн. Тұрғындардың медициналық көмекке жұмсалатын қалта шығындары азайды. Сондай-ақ ауылдық жерлердегі денсаулық сақтауды жаңғырту жобасы биыл өзінің жалғасын тауып отыр, — деді министр.
Үкімет сағатын қорытындылаған Мәжіліс төрағасының орынбасары бұл салада әлі де уақыт күттірмейтін әрі тиімді шешімін талап ететін проблемалардың бар екенін ашып айтты. МӘМС жүйесінің тиімді жұмыс істеуін және оны жетілдіруді қамтамасыз ету өте маңызды екеніне тоқталып, оны медицина саласындағы цифрландыру, тәсілдерді жаңарту үрдістерімен ұштастыру қажеттігін баяндады.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Атырау облысы бойынша филиалының мәліметінше, аурудың алдын алуға бағытталған МӘМС жүйесі ем алуда еркін таңдау жасауға мүмкіндік береді. Оның құрамына аурулардың алдын алуға бағытталған қызметтер, жедел жәрдем, шұғыл жағдайларда көрсетілетін медициналық көмек кіреді. Ем алу қолжетімді, сіз кез-келген мекемеде, мемлекеттік немесе жеке клиника болсын, медициналық көмек алуға құқылысыз. МӘМС пакеті аясында дәрігердің қабылдауынан бастап, тексерілу және қымбат ота жасау, КТ, МРТ, ПЭТКТ, түрлі зертханалық зерттеулер, стоматологиялық көмек сынды медициналық қызметтер көрсетіледі.
Жалған ем үшін ақша төлемейсіз!
Денсаулық сақтау министрлігі барлық медициналық ұйымда қаржыландырудың ашықтығы мен түпкілікті бақылаудың шынайылығын қадағалау үшін бірыңғай медициналық көмек төлем жүйесін енгізуді жоспарлап отыр. Мемлекет басшысының көмекшісі Тамара Дүйсенованың төрағалығымен өткен кеңесте осы тапсырманы орындау мәселелері талқыланды.
Сақтандыру ақпараттық жүйесіне интеграцияланған жаңа цифрлық құрал медициналық қызметтерді қаржыландырудың ашықтығын, сапасын бақылауды және автоматтандыруды қамтамасыз етеді. Наурыз айында Ақмола облысының медициналық ұйымдарында Бірыңғай төлем жүйесін пилоттық негізде іске асыру басталды. 1 шілдеден бастап жаңа жүйе еліміздің барлық медициналық ұйымдарына енгізіледі екен.
Медициналық қызметтердің сапасын бақылаудың автоматтандырылған жүйесі медициналық ұйымдарды пациенттердің қажеттіліктеріне қарай ынталандыратын болады. Жаңа жүйенің тиімділігін Ақмола облысындағы пилоттық жобаның алдын ала қорытындылары растады. Жаңа жүйе көрсетілген медициналық көмектің белгіленген стандарттарға сәйкес келмеуінің 11 мыңнан астам фактісін, оның ішінде тіркеу фактілерін анықтады.
Оның қорытындылары бойынша ұйымдастырушылық және қаржылық сипаттағы шаралар қабылданбақ. Инновацияның арқасында медициналық қызметтерді қаржыландыру әділ әрі тиімді болуы жоспарлануда, ал пациенттер сапалы әрі уақытылы емделуге үміт артып отыр.
Түйін:
Үкімет «халықтың жарна төлеуге құлықсыз екені мәселенің бір себебі» деп көрсеткен екен. Ал халық сапалы көмек ала алмайтындықтан жарна төлегісі келмейді. Тұйықталған шеңберді жазып, мәселенің шешімін табу оңайға соқпасы анық. Себебі оның астарында көлеңкелі нарық, жемқорлық, кадр тапшылығы және басқа да проблемалар жатыр. Қор жұмысының механизмі мінсіз дегеніміз емес, дегенмен денсаулық сақтау саласындағы негізгі мәселелер шешілмейінше, медициналық сақтандыру жүйесінен жүйелі жұмыс күтудің негізі жоқ. Алайда бұл жүйедегі маңызды бастамаларға қарасақ: «Сең қозғалса, соның өзі жеңіс» дейтіндей халде тұрғандай.
Еркеназ ҚАЛИЖАН
Сіз не дейсіз?
Ардақ Ниязова, қала тұрғыны:
Жеке клиникаға барған тиімді
Бізде дәрігердің қабылдауына жазылу үшін кемінде бір ай уақыт кетеді. Дәрігердің алды – бітпейтін кезек. Қарапайым ғана емханадағы жалпы тәжірибелі дәрігердің жұмыс уақытын қарастырайық. Олар кеңестік кезеңнен қалған тәртіппен жұмыс істейді. Яғни, 4 сағат емханада қабылдауда отырады, 4 сағат үйдегі емделушілер мен науқастарды аралайды. Демек 4 сағатта емханада отырып 25 адамды қабылдап, қалған 4 сағатта әрі кетсе екі адамды қабылдайды. Сонда 4 сағатқа жазылып үлгерсең үлгердің, үлгермесең, апталап күтесің. Себебі дәрігер 4 сағат қана қабылдайды. Содан соң қабылдауға жазылуда сұрыптау жоқ, қан қысымың көтеріліп, ауыр халде жатсаң да бір апта күтуің керек, басың ауырып, буының сырқыраса да бір апта күтесің. Бір сөзбен айтқанда, емханадағы дәрігерлердің жұмыс уақыты дұрыс ұйымдастырылмаған, сөйте тұра МӘМС-ке уақытылы ақша төлеуге тиістісің.
Егер Сіз шағымдансаңыз, сол кезде сізге жақсы қарайды. Жақсы қарап сол керекті сіздің анализдеріңізді де, узилеріңізді жазып береді. Ол үшін міндетті түрде шу көтеру керек пе?! Сондықтан жеке клиникаға барған тиімді деген пікірдемін.
Лиза Шайхимова,
медицина саласының ардагері:
Аурудың салдарымен күресіп жүрміз
Еліміздің медицинасы бұдан қиын кездерде де дамыған. Қазіргі жағдайымызға сай денсаулық саласының аяқ алысы жаман емес. Бірақ медицина бір орнында тұрмауы керек. Бұл сала заман ағымына сай дамып, жаңа технологиялардан қалыс қалмауы тиіс.
Еуропаның көптеген елінде ұлт денсаулығына үш жүйе жауап береді. Оның біріншісі – мемлекет болса, екіншісі – жұмыс берушілер, ал үшіншісі – азаматтардың өздері. Мемлекет қанша жерден медицинаға көңіл бөлгенімен, тұрғындар өз денсаулығына немқұрайлы қараса, ештеңе де өзгермейді. Сондықтан үш жүйенің күшін біріктіру арқылы денсаулық саласындағы түйткілді мәселелерді бірлесе шешуге ұмтылуымыз керек. Соның бастамасы – медициналық сақтандыру жүйесі.
Бүгінде мемлекет әртүрлі скринингтік тексеру бағдарламаларына қыруар қаражат бөледі. Әйелдердің жатыр мойны ісігін анықтау, маммологиялық тексерулер де тегін. Мемлекет жасап отырған осындай жақсы мүмкіндікті жұртшылықтың бәрі пайдалана бермейді. Тіпті жылдап дәрігердің алдын көрмейтіндер мен тегін скринингтік тексерулерге жалынып шақырсаң да келмейтіндер бар. Ал мұның бәріне қалтасынан ақша төлесінші, бәрі де жүгіріп келіп өтер еді. Адамның психологиясы сондай. Жұмыс беруші де жарна төлеген соң сапаны талап етеді. Мемлекет жауапкершіліктен қашып отырған жоқ. Мұның өзі қазіргі енгізіліп отырған сақтандырудың әлеуметтік реформа екенін дәлелдесе керек.
Қазір біз аурудың алдын алуымен емес, салдарымен күресіп жүрміз. Өкінішке қарай, көп адам ауруы асқынғанда ғана дәрігерге келеді. Ал ауруды емдегеннен гөрі, алдын алған әлдеқайда тиімді ғой.
Атырау облысындағы медициналық сақтандыру жағдайы:
Халық саны (1 қаңтар, 2025 ж.) – 710 000
Сақтандырылмағаны – 86 355
Үлесі – 12,2%
Сақтандырылғаны – 623 645
Үлесі – 87,8%.
Коллажды жасаған Сая РАМАЗАНОВА