Жарнама
Медицина

Пациенттердің жартысынан көбі жазған шағымдарын қайтарып алып жатыр

Жуырда 2022 жылдың қорытындысы бойынша 52 мыңнан астам «жалған қабылдау» дерегі тіркелгендігі туралы баспасөз хабарламасы жарияланған болатын. Осыдан кейін көрсетілмеген медициналық қызметтерге қатысты ел тұрғындарынан Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына өтініштер толассыз түсе бастады.

Айталық, соңғы 7 күннің ішінде «жалған қабылдауларға» қатысты шамамен 1 200 хат келіп түсті. Салыстырар болсақ, былтыр дәл осы кезеңде небәрі 80-ге жуық өтініш тіркелген.

Осы орайда, Қор азаматтық ұстанымын танытып, жалған деректермен батыл күреске кіріскен пациенттерге ризашылығын білдіреді.

Бұл ретте Қор сарапшылары келіп түскен өтініштерге проактивті мониторинг жүргізгенін еске салайық. Өкінішке қарай тексеру кезінде өтінішпен жүгінгендердің жартысынан көбі (730) шағымын кері қайтарып алғаны белгілі болды. Мамандар мұның себебін анықтауға тырысты. Тексеру нәтижесі көрсеткендей, медициналық ұйымдар шағым түсірген азаматтарға жеке хабарласып, өтініштерін кері қайтарып алуын сұраған.

Сондай-ақ медициналық ұйымдардың кейбірі Қордың айыппұл санкцияларынан қорқып, медициналық ақпараттық жүйелердегі жалған деректерді өз бетінше өшіріп тастауға тырысқан.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры «жалған қабылдау» деректері анықталған жағдайда ел тұрғындарын бірден Қорға хабарласуға шақырады. Сондай-ақ Қорға жалған дерек бойынша ресми өтініш жазылған соң, медициналық ұйым өкілдері қоңырау шалып, оны қайтарып алуды өтінсе де, олардың талабын орындамау керектігін еске салады. Ал өтінішті кері қайтарып алған жағдайда пациенттердің өзі құқық бұзушылыққа жол берген болып саналады» — деп атап өтті «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Атырау облысы бойынша филиалының директоры Байтолла Газизов.

Жалған медициналық қызметтер көрсетілгенін қалай анықтауға болады?

Ол үшін еGOV сайты немесе медициналық ақпараттық жүйелердің мобильді қосымшалары арқылы (Damumed және т.б.) алынған медициналық қызметтердің дерегін тексеру керек. «Жалған қабылдау» дерегі анықталса, яғни шын мәнінде көрсетілмеген медициналық қызметтер «ұсынылды» деп жалған жазылса, бірден Медициналық сақтандыру қорына хабарлауды сұраймыз.

Қорға жалған деректерді қалай хабарлауға болады?

Дәрігердің алдына барып, медициналық қызмет алмағаныңыз анықталған жағдайда дереу Қордың қызметіне жүгіну керек. Мұны Telegram-дағы @SaqtandyryBot арнасы арқылы жасауға болады. Ол үшін «1406-ға өтініш қалдыру» бөлімін таңдап, ЖСН-ді енгізіп, өтініш мәтінін толтырасыз. Сосын еGOV немесе медициналық ақпараттық жүйенің мобильді қосымшасынан (мысалы, Damumed) жалған хабарламаның скриншотын тіркеп жіберу қажет.

Өкінішке қарай ел тұрғындарының көбі мұндай деректер анықталған жағдайда көбінесе әлеуметтік желілерге жазады. Алайда желідегі жазбалар мен пікірлер ресми тексеруге негіз бола алмайтынын еске саламыз.

Бұл неліктен маңызды?

Өйткені медициналық мекеме пациентке көрсетілмеген медициналық көмекті «көрсетілді» деп жазып, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына төлем шотын тапсырады.

«Жалған қабылдау» дерегі расталған жағдайда, Қор медициналық ұйымға үш есе айыппұл салады. Ал Қордың шотына қайтарылған қаражат сақтандырылған азаматтарға көрсетілген медициналық қызметтерді төлеуге жұмсалады.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button